Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 09:18

Трамп "Путин ақылынан адасқан" деді

Трамп
Фото: ашық дереккөз

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейдің Украина қалаларына жаппай шабуыл жасағаннан кейін Ресей президенті Владимир Путинді "ақылынан адасқан" деп мәлімдеді.

25 мамыр күні Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбасында Трамп: «Мен Владимир Путинмен бұрыннан жақсы қарым-қатынаста болдым, бірақ соңғы кезде ол әбден ақылынан адасқан», – деп жазды.

Сонымен қатар, Трамп Путиннің «қажетсіз көп адамды өлтіріп жатқанын» сынға алды. АҚШ басшысы: «Біз келіссөздер жүргізіп жатқанда, ол Киев пен басқа да украин қалаларына ракета жаудырып отыр. Маған бұл мүлде ұнамайды», – деді.

Трамптың айтуынша, Путин Украинада тек кейбір аймақтарды емес, бүкіл елді өз бақылауына алғысы келеді. «Егер ол бұл мақсатқа жетсе, Ресейдің өзі құлдырайды», – деп ескертті АҚШ президенті. Ол Мәскеуге қарсы қосымша санкциялар енгізу мүмкіндігін де қарастырып жатқанын айтты.

Сонымен бірге, Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийдің әрекетін де сынға алып, оның сөзі елге қиындық әкеліп жатқанын атап өтті. «Зеленский сөйлеген сайын елге қиындықтар туады, мен мұны жақтырмаймын және бұл тоқтағаны дұрыс», – деді Трамп.

Айта кетейік, 19 мамырда Трамп пен Путин Ресей-Украина соғысын реттеу мәселесі бойынша телефон арқылы екі сағаттан астам сөйлескен болатын.

25 мамыр түнде Ресей әскері 367 түрлі типтегі ракета мен дрондарды пайдаланып Украина қалаларына кең ауқымды әуе шабуылын жасады. Reuters агенттігінің хабарлауынша, бұл – Украинадағы толыққанды соғыс басталғаннан бері қалаларға жасалған ең ірі әуе шабуылы. Соңғы мәліметтер бойынша, шабуыл салдарынан кемінде 12 адам қаза тапты.