Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:45

Трамп Путин мен Си Цзиньпинді “Мәскеу мен Бейжіңді бомбалаймын” деп қорқытқан

Трамп
Фото: zhasalash.kz

Трамп өткен жылы Владимир Путин мен ҚХР төрағасы Си Цзиньпинге Мәскеу мен Бейжіңді бомбалау арқылы қоқан-лоқы көрсеткен. 

CNN телеарнасы 2024 жылғы аудиожазбаны жариялады.

CNN-нің бес бірдей дереккөзіне сілтеме жасаған мәліметіне сәйкес, Трамп осылайша Ресейдің Украинаға, ал Қытайдың Тайваньға басып кіруінің алдын алмақ болған.

CNN мәліметінше, жазба Нью-Йорк пен Флоридада өткен Трамптың демеушілерімен кездесулерінде жазылған. Аудиода Трамп Владимир Путинді Украинаға басып кіруден бас тартуға көндіруге тырысқанын айтып, егер соғыс басталса, Мәскеуді «құртатынын» ескерткенін жеткізеді.

«Мен Путинге: “Егер сен Украинаға кірсең, Мәскеуді тозаққа айналдырам. Ескерттім саған, менде басқа таңдау жоқ”, - дедім», - дейді Трамптың сөзіне сүйенген телеарна.

Трамптың айтуынша, Путин бұл сөздерге: «Саған сенбеймін», – деп жауап берген. Бірақ Трамп «ол маған 10 пайыз сенген шығар» деп есептейді.

Сол сияқты Трамп Қытай көшбасшысы Си Цзиньпинге де ескерту жасаған. Егер Қытай Тайваньға басып кірсе, АҚШ «Пекинді бомбалайды» деп айтқан.

«Ол мені есінен адасқан деп ойлады», - дейді Трамп. Алайда осыдан кейін, оның айтуынша, Симен ешқашан проблема туындамаған. Бірақ Трамп мұны әдейі жасағанын, сол арқылы Қытай басшысын қорқытып, ықтимал басып кіруден бас тартқызғанын меңзеді.

Айта кетейік, бұл мәлімдемелер туралы алғаш рет 2024 жылдың мамырында The Washington Post газеті жазған болатын. Ол кезде Трамп сайлауалды науқан аясында сөйлеген сөзінде «егер Украинада немесе Тайванда соғыс басталғанда президент болса, Мәскеу мен Пекинді бомбалауы мүмкін» екенін айтқан. Алайда сол кезде бұл сөздердің аудиожазбасы жарияланбаған еді.

Өткен аптада Путин мен Трамп телефон арқылы сөйлесті. Ақ үйдің қазіргі қожайыны бұл әңгімеден кейін пікір білдіріп, оның нәтижесіне көңілі толмағанын және ешқандай ілгерілеуге қол жеткізе алмағанын айтты. Ал Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл мәлімдемеге қатысты пікір білдіріп, Мәскеудің Трамптың барлық сөздеріне мұқият қарайтынын атап өтті.