Трамп Путинмен көп нәрсе алдын ала келісілгенін айтты

Дональд Трамп Украина бойынша бітімгершілік келісімнің көптеген элементтері келісілгенін, бірақ көп нәрсенің ашық күйінде қалғанын айтты. «Мен президент Путинмен сөйлесуді асыға күтемін», - деп жазды АҚШ президенті.
Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Путин мен Трамптың әңгімесі дайындалып жатқанын растады. "Шынымен де солай. Мұндай әңгіме сейсенбіге дайындалып жатыр", - деген ол брифингте тиісті сауалға жауап беріп, екі президенттің алдағы келіссөздеріне қатысты пікір айтудың "орынсыз" екенін айтты.
Кремль басшысы Владимир Путинмен сөйлесу ниетін америкалық мемлекет басшысының өзі 16 наурыз күні кешке Флоридадағы Мар-а-Лаго резиденциясынан Вашингтонға бара жатқан жолда президенттік ұшақтың бортында журналистермен сөйлескен кезде айтты. Трамп АҚШ-тың Украинадағы атысты тоқтату туралы ұсынысына қатысты Путин екеуінің «біраз мәлімдеме жасай алатынына» үміттенетінін атап өтті.
«Менің ойымша, біз бұл туралы көп нәрсені, екі жағынан да көп талқыладық», - деп қосты Трамп. Бұдан әрі келіссөздер «аумақтарға» және «энергетикалық қондырғыларға» арналады, деп жазады CNN және AP ақпарат агенттігі. Трамп бұл тақырыптарды «белгілі бір активтерді бөлу» деп атайды», - делінген хабарламада. Рейтер агенттігі өз кезегінде Трамп пен Путиннің жоспарланған келіссөздерінде ресейлік күштер басып алған Запорожье АЭС-ін бақылау мәселесі көтерілуі мүмкін екенін айтады.