Трамп Путинмен сөйлескеннен кейін «Tomahawk зымырандарын Украинаға беруден бас тартты

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескеннен кейін жоғары дәлдіктегі Tomahawk қанатты зымырандарын АҚШ-тың өз қорғанысы үшін сақтау қажет екенін мәлімдеді.
«Бізге де "Томагавктар" керек. Олардың саны көп, бірақ біз өз еліміздің қорғанысын әлсірете алмаймыз. Бұл өте қуатты, дәлдігі жоғары қару, бірақ өз қорымызды сарқып тастай алмаймыз», — деді Трамп Ақ үйде өткен баспасөз мәслихатында.
Путин: Tomahawk Киевке берілсе – Мәскеу мен Вашингтон қатынасы шиеленісе болады
АҚШ президентінің сөзінше, Путин сөйлесу кезінде Вашингтонды зымырандарды Киевке бермеуге шақырған.
«Ешкім "Томагавктардың" өзіне бағытталғанын қаламайды», — деді Трамп.
Ал Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков бұл мәселе жөнінде Ресей позициясын түсіндіріп, былай деді:
«Путин тағы да "Tomahawk" зымырандары соғыс алаңындағы жағдайды өзгертпейтінін, бірақ Ресей мен АҚШ арасындағы қарым-қатынасқа үлкен залал келтіретінін айтты. Сондай-ақ бұл бейбіт реттеу перспективасына да кері әсер етеді», — деп мәлімдеді ол «Интерфакс» агенттігіне.
Кездесуге дайындалып жатыр
Дональд Трамп Путинмен Вашингтонда немесе Будапештте кездесу өткізу жоспарланып отырғанын хабарлады.
Келіссөзге дайындық келесі аптада жоғары деңгейдегі америкалық және ресейлік шенеуніктер қатысуымен өтпек.
АҚШ делегациясын мемлекеттік хатшы Марко Рубио басқарады. Кездесу орны кейін анықталады. Бұл туралы Трамп Truth Social желісіндегі парақшасында жазды.
Зеленский АҚШ-қа келді
Сол күні кешке Украина президенті Владимир Зеленский де АҚШ-қа ресми сапармен келді. Оның ұшағы Вашингтон маңындағы Эндрюс әскери әуебазасына қонды.
Сапар аясында Зеленский Трамппен кездесіп, сондай-ақ америкалық қорғаныс және энергетика компанияларының өкілдерімен келіссөздер өткізеді деп жоспарланған.