Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Трамп Путиннің стратегиялық шабуыл қаруларын шектеу жөніндегі келісімін жақтады

Трамп
Фото: ашық дереккөз

АҚШ пен Ресей арасындағы соңғы ядролық шектеу келісімі 2026 жылы аяқталмақ.

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей басшысы Владимир Путиннің стратегиялық шабуыл қаруларын шектеу жөніндегі келісімнің (СНВ-3) мерзімін ұзарту туралы ұсынысын жақтады. Ол бұл туралы 5 қазан күні Ақ үйде өткен брифинг кезінде айтты.

 «Меніңше, бұл – жақсы идея сияқты», – деді Трамп журналистердің сұрағына жауап бере отырып.

Путиннің ұсынысы

22 қыркүйекте өткен Ресей Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Владимир Путин Ресейдің СНВ-3 келісімін тағы кемінде бір жылға ұзартуға дайын екенін мәлімдеді.

«Бұл келісім аяқталғаннан кейін әлемде ядролық қаруларды шектеуге бағытталған соңғы халықаралық құжат жойылады.

Мұра ретінде қалған бұл келісімнен толық бас тарту – қателік әрі алыс көзқарас тұрғысынан қауіпті шешім болар еді», – деді Ресей президенті.

 Келісімнің тарихы

СНВ-3 келісімі 2010 жылы сол кездегі Ресей президенті Дмитрий Медведев пен АҚШ президенті Барак Обама арасында қол қойылған болатын.

Құжат екі елдің стратегиялық ядролық арсеналдарын шектеуге бағытталған.

2021 жылы бұл келісім бес жылға ұзартылды.

Алайда 2023 жылы Ресей тарапынан күрт өзгеріс болды – Мәскеу келісімге қатысуын тоқтата тұратынын жариялады, НАТО-ны «Ресейдің стратегиялық нысандарына жасалған шабуылдарға қатысы бар» деп айыптады.

2022 жылғы 24 ақпанда Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін ядролық қауіп факторлары күшейе түсті. Путин бірнеше рет ядролық қару қолдану мүмкіндігін емеурінмен айтқан.

Сол жылы Ресей ядролық доктринасын қайта қарап, Беларусь аумағына ядролық қарулар орналастырған.

Сарапшылардың айтуынша, егер СНВ-3 келісімі 2026 жылдың 5 ақпанында аяқталып, ұзартылмаса, онда ядролық арсеналды шектейтін соңғы халықаралық механизм де жойылады.

Бұл өз кезегінде жаңа қарулану жарысына жол ашуы мүмкін.

Трамптың «жақсы идея» деп бағалауы – Вашингтонның жаңа келісімге ашық екенін білдіретін алғашқы ишара болуы ықтимал.

Алайда сарапшылар бұл бастаманың жүзеге асуы АҚШ-Ресей қатынастарының алдағы саяси бағытына тікелей байланысты дейді.