Трамп Путиннің тілін таба алмады

Украина Ресейдің Курск аймағынан шегініп, тіпті әскерінің бір бөлігі қоршауда қалды деген дақпырт тарап (Ресей қоршап алдық дейді, Украина теріске шығарады), Израиль Газа аймағын қайтадан бомбалай бастаған тұста АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин телефон арқылы келіссөз жүргізді. Екеуара әңгіме 2 сағаттан аса уақытқа созылған.
Путинмен сөйлесерден бұрын Трамп «Мен болмасам Курскідегі Украина әскері ту-талақай болатын еді, менің сөзім үшін ғана жою әрекетіне бармай отыр» деп Кремльдің мәлімдемесіне сенетінін аңғартқан.
Путин мен Трамп сөйлеседі деген сыбыс шыққалы жер жүзінің құлағы түрулі тұрған. Сәйкесінше, әңгіме басталғаннан бастап екі тараптың әңгімесі шамамен қалай өрбіп жатқаны туралы ақпарат тоқтаусыз тарап жатты. Ақ үйліктер салған жерден «Келіссөз жалғасуда, әзірге жақсы жүріп жатыр» деп бастады да, «Путин мен Трамптың сөйлесіп жатқаны сағатқа жуықтады»; «Бір сағаттан асты»; «Екі сағаттан асты...» деген ақпараттар әр-әр жерден көріне бастады. Осының өзі-ақ бұл келіссөздің әлемдік геосаяси жағдай үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетіп берді деуге болады.
Келіссөзде тек Украина мен Ресей арасындағы соғыс қана емес, АҚШ-Ресей қарым-қатынасын қалпына келтіру мәселесі де негізгі тақырып болады деп күтілген. Путин президент болып келген кезде АҚШ-пен қарым-қатынасын дұрыстауға тырысқанын, бірақ АҚШ-тың Еуропаға қарап отырып алғанын, ақыры Ресей-Грузия қақтығысында Грузия жағына шығып кетуі Путиннің бұл тараптағы үмітін үзгенін, нәтижесінде өзімен-өзі болып қалғанын, екі елдің қатынасы қырғи қабақ жағдайға ойысқанын, санкциялар легінің басталғаны түрлі зерттеулерде айтылып-ақ жүр. Енді Трамп екінші мерзімге оралған соң, кезінде тоқтап қалған, тоңға айналған қарым-қатынасты реттеуге мүдделі екені біліне бастаған.
Ендігі негізгі тақырып – Украина мен Ресейдің келіссөз үстеліне келуі. Екеуара әңгіме басталмай жатып-ақ Путиннің соғысты тоқтату үшін ең негізгі талабы – Киевке беріліп жатқан, берілгелі жатқан әскери көмекті толықтай тоқтатып, барлауға қатысты ақпараттарды беруді қою болғаны айтылды. Бірақ келіссөз аяқталғаннан кейін Кремль Путин осы талапты қойды десе, Трамптың өзі көмек беру туралы ешқандай сөз болмағанын айтты. Осыған қарап-ақ екі тараптың ұзақ әңгімесінен онша бір нәтиже күтпей-ақ қою керегі аңғарылды.
Трамп таққа отырғалы айтып жүрген соғыстағы 30 күндік үзіліс мәселесі де нақты бір нәтижеге жеткен жоқ. Украина да, Ресей де бір-бірінің энергетикалық, инфраструктуралық нысандарына соққы жасауды тоқтататын болып келісілді. Тіпті Путин дереу арада әскеріне бұл туралы бұйрық та беріп тастады. Ресейдің қорғаныс министрлігі «Путиннің бұйрығынан кейін Украина жаққа аттанып кеткен алты дронымызды өзіміз жойдық» деп те салды.
Бірақ бұл 30 күн бойы ұрыс тоқтайды дегенді білдірмейтіні түсінікті еді. Келіссөз аяқталып, келесі таң атар-атпастан Путин әскері Киевті атқылады. Осыған орай Трамп қашан брифинг өткізеді деп күтіп отырған әлемдік БАҚ атаулы «Трамптың бұл келіссөзі сәтсіз болды. Ол Путинді ұрыс қимылдарын уақытша тоқтата тұруға көндіре алмады» деп жазып жатыр. Яғни Трамп бұл ұстанымын да соңына жеткізе алмады деген сөз.
Трамп Путинді ығына көндіре алмайтыны туралы келіссөз болады дегеннен бастап-ақ айтыла бастаған. Еуроодақ өкілі Кая Каллас Ресейдің қойып отырған талабы – бейбітшілікті қалайтын адамның талабы емес екенін айтқан. Расында, солай болып шықты. Путин, әлбетте, дәл бүйірінде демократиялық Украинаның пайда болғанын қаламайды. Соғыстың негізгі бір себебі де осы болатын.
Бір қызығы, Путин мен Трамп сөйлесіп, сосын кезек-кезек Кремль мен Ақ үй ресми сайтында бір-біріне ұқсас ақпарат таратып жатқанда Украина президентінің позициясы ұмыт қалғандай әсер қалдырды. 11 наурызда Жиддадағы АҚШ-Украина өкілдері арасындағы келіссөз нәтижесінде Украина атысты тоқтату туралы шартқа келіскен. Тек, соңғы сөзді Ресей айтуы керек болған. Сол үшін де Трамп Зеленскиймен бұл мәселеде Киевтің атынан сөйлеп отырғандай әсер қалдырды. Зеленскийден бұрын Франция президенті Эмманюэль Макрон мен Германия канцлері Олаф Шольц бірінші болып үн қатты. Екеуі де Украинаны қатыстырмай ешқандай келіссөз болмайтынын, Украинаға қару беруді тоқтатпайтынын айтты.
Зеленский содан кейін ғана Хельсинкиде журналистерге өзінің позициясын білдірді. Ол, әлбетте, 30 күндік үзіліске қарсы емес екенін, ол үшін Ресей де сөзінде тұруы керек екенін айта келіп: «Меніңше, Трамп екеуміздің сөйлескеніміз дұрыс болатын шығар. Сонда ғана біз ресейліктер америкалықтарға, америкалықтар ресейліктерге не ұсынғанын біле аламыз», – деп, Ақ үй жақтан қоңырау күтіп отырғанын байқатты. Және Украинасыз ешқандай келіссөз жүруі мүмкін емес екенін нығарлай келіп: «Мен біздің Путиннің мәзірінде тұрғанымызды қаламаймын. Бұл адамның тәбетіне қарамастан, біз ешқандай да салат немесе компот емеспіз», – деп, бейнелей сөйледі.
Зеленский айтқан тағы бір сөз – Путиннің қазіргі мақсаты. Ол Ресей әскерінің Запорожье, Сумы, Харьков аймағына ішкерілей енуге тырысатынын және оны келіссөз үстелінде ультиматум қою үшін пайдаланғысы келетінін айтты. Соған орай Украина да қарап қалмайтынын, қамсыз емес екенін айтты.
Айтпақшы, Кремль бұған дейін де сирек кездесетін қымбат металдарға қатысты «Ондай қазба байлық бізде де бар, біз кіммен болса да жұмыс істеуге дайынбыз» деген сөз таратқан. Келіссөз болатын күні де бұл әңгіме қайта көтерілді. Путиннің арнайы өкілі Кирилл Дмитриев «Біздегі сирек кездесетін металдар қоры Украинадан бірнеше есе көп, әрі оны қазу мен өңдеу әлдеқайда оңтайлы. Америкалық әріптестеріміз осы қазба байлықтарды игерем десе құшағымыз ашық» деді. Осыдан-ақ келіссөздің бір ұшы Трампты сонша тулатқан Украинаның сирек кездесетін металдары туралы болатыны да түсінікті болған.
Бірақ, соған қарамастан, бұл туралы қандай да бір әңгіме болғаны туралы ақпарат жоқ. Одан өзге де нақты Украинаға қатысты, соғысты тоқтатуға қатысты нақты бір әңгімелер бола қоймағандай. Қазір БАҚ атаулы екі президенттің әңгімесінен «Қырым кімдікі?»; «Украина НАТО-ға қосыла ма?» деген өте маңызды тақырыптарды таба алмай жатыр. Одан бөлек, Ресейдің қол астында қалған Запорожье атом станциясы туралы да ештеңе айтылмаған. Осының бәрін саралай келгенде бүкіл әлем сарыла күтіп, әр минутына дейін санап отырған екі сағаттық келіссөзден әлдене өзгереді деп күту қиын. Ал әңгіме арасындағы «Иранның Израильді жойып жіберетін жағдайға жеткізбеу керек» деген сияқты «әлемдік проблемаларды» Кремль мен Ақ үйдің қосылып талқылауы тек Путинге ғана тиімді. Украинадағы соғысты түрлі жолмен ақтап келе жатқан Путин, осыдан кейін өзімен АҚШ-тың өзі санаса бастағанын алға тартып, о бастағы «әскери операция» туралы шешімі дұрыс болғанын айтып, мақтанып отыруы да мүмкін.
Ал түрлі дереккөздер Ресейдің Украинаның 20 пайыз жерін жаулап алғанын, шығысындағы бірнеше маңызды қалалары мен аймақтарын бақылауына алғанын айтады. Трамптың өзі теріс айналып жатқан тұста, Еуропа ес жиып үлгермей тұрып, тізесін батырып алуға тырыспаса, Трамп айтқан үзіліске де жүрдім-бардым қарайтынын 19-шы наурыздың таңында дәлелдеп тастады. Украиналықтар таң атпай жауған бомбаның көбі инфрақұрылымдық нысандарға тигенін айтып, келіссөздеріңнің түрі осы ма деп жатыр.
Олжас СЛАМЖАН