Трамп: “Ресей, Қытай және Солтүстік Корея АҚШ-қа қарсы астыртын жоспар құрып жатыр”

Дональд Трамп Бейжіңде өткен әскери парад басталған сәтте-ақ Ресей басшысы Владимир Путинді, Солтүстік Корея жетекшісі Ким Чен Ынды және Қытай төрағасы Си Цзиньпинді АҚШ-қа қарсы қастандық ойластырып жатыр деп мәлімдеді.
Бұл туралы ол әлеуметтік желіде жазба жариялады.
“Басты сұрақ – Қытай төрағасы Си Қытайға тәуелсіздік алуға АҚШ көрсеткен зор қолдау мен төгілген қанның бағасын ескерді ме, жоқ па? Қытайдың жеңісі жолында көптеген америкалықтар өмірін қиды”, - деді Трамп.
Сонымен қатар ол Си Цзиньпинге, қытай халқына және парадқа бірге қатысқан Владимир Путин мен Ким Чен Ынға “мерекелік күндеріңіз құтты болсын” деп тілек жолдады.
“АҚШ-қа қарсы астыртын жоспар құрып жатқанда Путин мен Ким Чен Ынға менің ыстық сәлемімді жеткізіңіздер”, - деп жазды саясаткер.
Трамп сонымен бірге Владимир Путинге қатты ренжігенін айтты. Ол Скотт Дженнингстің радиошоуында сөз сөйлеп, Украинадағы соғысқа қатысты да пікір білдірді.
“Мен президент Путинге қатты ренжідім, мұны жасырмай айтамын. Біз адамдардың жақсы өмір сүруі үшін нақты шаралар қабылдаймыз”, - деді ол. Алайда бұл қадамдардың қандай болатынын нақтыламады.