Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:50, 05 Қаңтар 2026

Трамп Ресейдің Путин резиденциясына соққы жасалды деген мәлімдемесіне сенбейтінін айтты

Трамп
Фото: REUTERS

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей тарапының Украина Қарулы күштері РФ президенті Владимир Путиннің Новгород облысындағы Валдайдағы резиденциясына соққы жасауға тырысқаны туралы мәлімдемесіне сенбейтінін айтты. 

Журналистердің бірі Трампқа бұған дейін оның Украина тарапынан Путин резиденциясына жасалды делінген соққы туралы хабарларға «қатты ашуланғаны» жөнінде айтылғанын еске салды. Алайда АҚШ президенті бұл ақпараттың шынайылығына күмән келтірді.

«Мен шабуыл жасалды дегенге сенбеймін», – деді Трамп.

Трамп не себепті оқиға жайлы алғашқы мәлімдемесінде қатаң пікір білдіргенін түсіндіріп, сол сәтте нақты ақпарат болмағанын атап өтті.

Соғыс пен санкциялар тақырыбы

Сол брифинг барысында Трамптан Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтату үшін қандай да бір мерзім (дедлайн) белгіленген-белгіленбегені де сұралды. Президент нақты мерзім жоқ екенін, алайда қақтығыстың мүмкіндігінше тезірек аяқталғанын қалайтынын айтты.

Осыдан кейін журналистер Трамп әкімшілігі Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізу мүмкіндігін талқылап жатыр ма деген сұрақ қойды. Бұл сұраққа президент ұшақта бірге болған республикашыл сенатор Линдси Грэмге сөз берді.

«Біз бұл мәселені күн сайын талқылаймыз… Айтып бересің бе?», – деді Трамп сенаторға қарата.

Линдси Грэмнің айтуынша, оның жоспары бойынша Украинадағы бейбітшілікке «Путиннің клиенттері» деп аталатын елдерге қатысты кедендік баж салығын енгізу қаупі арқылы қол жеткізуге болады. Ол қазан айында Трамп Ресейдің мұнай алпауыттарына қарсы санкциялар енгізгенін, алайда Мәскеудің әлі де 85 демеушісі барын еске салды.

АҚШ-та бірнеше айдан бері талқыланып жатқан заң жобасы Трампқа Ресей мұнайын сатып алатын елдердің өнімдеріне 500 пайызға дейін баж салығын салуға мүмкіндік беруі мүмкін.

Грэмнің пікірінше, Трамп баж салығын енгізгеннен кейін Үндістанның Ресейден мұнай сатып алу көлемін азайтуы – бұл тетіктің тиімді екенін көрсетеді. Трамп сенатордың бұл пікіріне келісіп, Ресей экономикасының қазіргі жағдайы ауыр екенін атап өтті.

Мәскеу мәлімдемелері және Киевтің реакциясы

Ресейдің Украина Путин резиденциясына шабуыл жасауға тырысты деген мәлімдемелері  Зеленскийдің АҚШ-қа сапары және Трамппен Украина бойынша бейбітшілік жоспарын талқылап жатқан кезеңімен тұспа-тұс келді.

Зеленский бұл мәлімдемелерге қатысты:
"Олар қандай да бір резиденцияға шабуыл жасалды деп айтып, Украина астанасы мен мемлекеттік ғимараттарға соққы беруге сылтау дайындап жатыр", – деді.

Оның айтуынша, Мәскеу бейбіт келіссөздердегі ілгерілеуге кедергі келтіруге тырысып отыр.