Трамп Ресейге қарсы санкцияларды тағы бір жылға ұзартты

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейге қатысты 2021 жылы енгізілген санкциялардың мерзімін тағы бір жылға ұзартты.
Бұл туралы Ақ үйдің ресми сайтында жарияланған мәлімдемеде айтылды.
Сөз болып отырған 14024-нөмірлі президенттік жарлық алғаш рет 2021 жылдың 15 сәуірінде сол кездегі президент Джо Байден тарапынан қабылданған болатын. Санкциялар Ресейдің «зиянды сыртқы қызметі» үшін енгізілген еді. Олардың қатарына 2020 жылғы АҚШ президенттік сайлауына араласу, сондай-ақ SolarWinds бағдарламасы арқылы АҚШ-тың мемлекеттік мекемелеріне бағытталған кибершабуылдар жатады.
Жарлық аясында АҚШ Ресейдің мемлекеттік қарызына қатысты операцияларға шектеу қойған. Байден әкімшілігі бұл шараны бірнеше рет кеңейтіп, мерзімін ұзартқан болатын. Бұл жарлықтың мерзімі 2025 жылдың 15 сәуірінде аяқталуы тиіс еді, алайда Трамп оны тағы бір жылға ұзарту туралы шешім қабылдады.
Дональд Трамп президенттік қызметіне қайта кіріскеннен кейін Ресейге қарсы бұған дейін енгізілген санкциялардың бірқатарын да ұзартқан болатын. Атап айтқанда, ол Ресейдің Қырымды аннексиялауы және өздерін тәуелсіз деп жариялаған Донецк пен Луганск халық республикаларын мойындауына байланысты енгізілген шектеу шараларын сақтау туралы шешім қабылдады.
Axios басылымының деректеріне сүйенсек, егер сәуір айының соңына дейін Украинада атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізілмесе, Трамп әкімшілігі Ресейге қарсы жаңа санкциялар пакетін әзірлеуі мүмкін. Бұл қадам Ресейге қысымды күшейте түсуге бағытталған.