Трамп Си Цзиньпинді инаугурацияға шақырды
Дональд Трамп Қытай басшысы Си Цзиньпинді 20 қаңтарда Вашингтонда өтетін инаугурациясына шақырды.
Республикашыл Си Цзиньпинге сайлауда жеңіске жеткеннен кейін көп ұзамай қараша айында шақырған. Қытай басшысы оны қабылдады ма, белгісіз. Вашингтондағы Қытай елшілігі бұл дерекке түсініктеме беруден бас тартты.
Трамптың айналасындағылардың көбі Қытай билігіне наразы. Сыншылар арасында АҚШ-тың болашақ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік бойынша жаңа кеңесші Майк Вальц бар. Сайланған президенттің өзі Қытайдан келетін тауарларға жаңа тарифтер енгіземіз деп қорқытуда. Бірақ, «Трамп көптен бері көшбасшылар арасындағы тығыз қарым-қатынас халықаралық мәмілелерді жасаудың кілті деп санайды».
Си Цзиньпин АҚШ президентінің инаугурациясына қатысқан тарихтағы алғашқы шетелдік көшбасшы болуы мүмкін. CBS хабарлауынша, бұл мерекеге әдетте елшілер мен дипломаттар шақырылады. АҚШ Мемлекеттік департаментінің 1874 жылдан бергі жазбаларына сәйкес, шетелдік көшбасшы ешқашан билікті беру рәсіміне қатыспаған.