Трамп соғыс тоқтамаса, Киевке Tomahawk ракеталарын беруге дайын екенін мәлімдеді

АҚШ президенті Дональд Трамп Украина Ресеймен бейбіт келісімге келмесе, Вашингтон Tomahawk қанатты ракеталарын Киевке беруге дайын екенін мәлімдеді.
Ол мұндай қадамды «жаңа деңгейдегі агрессия» деп атады.
Трамп бұл туралы 13 қазан күні түнде Air Force One ұшағында журналистерге айтқан.
«Мүмкін, мен Ресеймен Tomahawk туралы сөйлесуім керек шығар. Олар бұл ракеталардың өздеріне қарай ұшуын қалайды деп ойламаймын», — деді ол.
АҚШ президенті Ресей басшысы Владимир Путинге мұның мүмкін екенін ескертуге ниетті екенін мәлімдеді:
Оның айтуынша, АҚШ ракеталарды тікелей Украинаға емес, НАТО елдеріне сатуы мүмкін, ал олар кейін Киевке жеткізеді.
«Tomahawk — керемет әрі өте жылдам қару. Ресейге мұндай қару қажет емес. Бірақ егер соғыс тоқтамаса, біз бұл қадамға баруымыз мүмкін», — деді ол.
Украина президенті Владимир Зеленский 12 қазанда Fox News арнасына берген сұхбатында АҚШ Tomahawk ракеталарын жеткізсе, олар тек әскери мақсатта қолданылатынын айтты.
«Біз ешқашан Ресейдің бейбіт тұрғындарына соққы бермейміз. Тек әскери нысандарды ғана көздейміз», — деді Зеленский.
Зеленский мен Трамптың соңғы екі күнде екі мәрте сөйлескені хабарланды. Axios дерегінше, Tomahawk тақырыбы 11 қазандағы әңгімеде де қозғалған. Зеленский кейін жазбасында:
«Біз Ресейдің осы ракеталардан қорқып отырғанын көреміз. Бұл — бейбіт шешімге итермелейтін қысымның тиімді түрі», — деп жазды.
Украина сұраған Tomahawk және АҚШ позициясы
The Daily Telegraph мәліметінше, Зеленский қыркүйек айының соңында Нью-Йоркте БҰҰ Бас ассамблеясы аясында Трамппен жеке кездесіп, қашықтығы 1250–2500 км болатын Tomahawk ракеталарын сұраған. Бірақ Reuters агенттігі АҚШ-та бұл ракеталарды Украинаға беру екіталай екенін хабарлады, себебі олар негізінен теңіз күштеріне арналған және шектеулі қорда бар. Сарапшылардың айтуынша, Украинаға ATACMS сияқты қысқа қашықтықтағы қару берілуі мүмкін.
Путиннің реакциясы
Ресей президенті Владимир Путин Трамптың мұндай шешімі екі ел арасындағы қатынастарды бұзуы мүмкін екенін ескертті.
«Егер АҚШ Украинаға алыс қашықтықтағы ракеталарды берсе, бұл Ресей мен АҚШ арасындағы оң бағыттағы қатынастардың жойылуына әкеледі», — деді Путин.