Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:20

Трамп The New York Times газетін сотқа беріп, 15 млрд доллар талап қойды

Трамп
Фото: ашық дереккөз

АҚШ президенті Дональд Трамп The New York Times газетіне, оның төрт тілшісіне және Penguin Random House баспасына кемінде 15 миллиард доллар көлемінде шағым түсірді.

 Ол өз ары мен абыройы нұқсан көргенін айтып, басылымдарды жала жапты деп айыптады. Бұл туралы Reuters хабарлады.

Трамптың арызы The New York Times жариялаған бірқатар мақалаларға, соның ішінде 2024 жылғы президенттік сайлау қарсаңында шыққан редакциялық материалға сүйенген. Онда Трамптың ел басқаруға жарамсыз екені жазылған.

Сонымен қатар, арызда Penguin баспасы шығарған 2024 жылғы «Lucky Loser: How Donald Trump Squandered His Father’s Fortune and Created the Illusion of Success» («Сәтсіз жеңімпаз: Дональд Трамп әкесінің байлығын қалай рәсуа етті және табыстың иллюзиясын жасады») атты кітап та көрсетілген.

«Жауапкерлер әдейі жалған деректер мен ойдан шығарылған мәліметтерге толы мақалалар мен кітапты жариялады», - делінген арыз мәтінінде.

Бұған дейінгі жағдай

Арыз Трамптың өткен аптада The New York Times-ты Эпштейнге қатысты «әдеттен тыс жазба мен сурет» жайлы мақаласы үшін сотқа беремін деп сес көрсеткеннен кейін түсті. Эпштейн — атышулы қаржыгер, 2019 жылы Нью-Йорктегі түрме камерасында өз-өзіне қол салған. Трамп оның атышулы істері жарияға шыққанға дейін, 2006 жылы, онымен байланысын үзгенін айтқан.

Бұл Трамптың БАҚ-пен алғашқы дауы емес. Биыл ол Wall Street Journal мен Руперт Мёрдоктың компанияларына қарсы кемінде 10 миллиард доллар талаппен шағым түсірген. Оған себеп – басылымда оның аты 2003 жылы Эпштейнге жолданған туған күн хатының ішінде аталғаны туралы мәлімет жариялануы.

Шілде айында CBS-тің бас компаниясы Paramount Трамппен сот дауын реттеуге келіскен. Ол CBS-тің «60 минут» бағдарламасы Камала Харриспен сұхбатты әдейі қысқартып эфирге шығарды деп шағымданған еді.