Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:15

Трамп Тоқаевты және Қазақстанды Бейбітшілік кеңесіне шақырды

Трамп пен Тоқаев
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трамп тарапынан Газаға арналған Бейбітшілік кеңесіне (Peace Council for Gaza) ресми шақырту алды.

 Ал Қазақстанға аталған құрылымның құрылтайшы мемлекеттерінің бірі болу ұсынылды. Бұл туралы Президенттің көмекшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді.

Бұған дейін АҚШ президенті Газа секторындағы бейбіт дамуды қамтамасыз етуге бағытталған Бейбітшілік кеңесін құру бастамасын көтергені белгілі болған. Құрылтайшы елдер ретінде бірқатар мемлекет басшыларына шақыртулар жіберілген. Аргентина, Венгрия, Түркия, Пәкістан, Мысыр, Иордания, Қатар және Италия аталған ұсынысты алғанын растады әрі қатысуға келісім берді. Сондай-ақ Франция, Германия және БАӘ басшыларына да шақырту жолданғанымен, олардан әзірге ресми жауап түспеген.

Осы тұста дипломатиялық орта мен журналистер арасында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа да осындай ұсыныс түскені жөнінде әңгіме тараған еді. Бұл Қазақстанның жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтудағы, соның ішінде Газа секторындағы және Таяу Шығыстағы ахуалды реттеудегі үлесін мойындау ретінде бағаланды. Сонымен қатар Вашингтонда Президент Тоқаевтың Авраам келісімдеріне қосылу жөніндегі шешімі жоғары бағаланған.

Осыған байланысты Tengrinews.kz редакциясы Ақордаға ресми сұрау жолдап, Ақ үйден шақырту расымен түсті ме деген сауал қойған. Бұл ақпаратты Руслан Желдібай растады.

«Дональд Трамп әкімшілігінің мәлімдемелерінен кейін мұндай ресми шақыртудың түскенін жасыру орынсыз болар еді. Иә, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлем көшбасшыларының алғашқыларының бірі болып Бейбітшілік кеңесінің құрамына кіруге ресми шақырту алды, ал Қазақстанға құрылтайшы мемлекет болу ұсынылды. Мемлекет басшысы АҚШ Президентіне жолдаған жауабында алғысын білдіріп, осы жаңа бірлестіктің жұмысына қатысуға келісімін растады. Қазақстан Таяу Шығыста берік бейбітшілікке қол жеткізуге, мемлекетаралық сенімді нығайтуға және жаһандық тұрақтылықты арттыруға өз үлесін қосуға дайын екенін жеткізді», — деді ол.

Вашингтонның тұжырымдамасына сәйкес, Бейбітшілік кеңесі Газа секторындағы бейбіт дамуға стратегиялық бақылау жүргізу, халықаралық ресурстарды жұмылдыру және қабылданған міндеттемелердің орындалуын қадағалау функцияларын атқарады.

Ақ үй хабарлағандай, құрылтайшы атқарушы кеңестің (founding executive board) құрамына дипломатия, даму, инфрақұрылым және экономикалық стратегия салаларында тәжірибесі бар жеті тұлға кіреді. Әр мүше Газаны тұрақтандыру үшін шешуші маңызы бар жеке бағытқа жауапты болады.

Бұдан бөлек, Газа атқарушы кеңесі (Gaza executive board) құрылып, ол сектордағы жаңа үкіметтің қызметін бақылайды. Бұл кеңеске 11 адам, соның ішінде құрылтайшы атқарушы кеңестің төрт мүшесі енеді.