Аляскадағы кездесу: әскери тұтқындар тізімі мен Мелания Трамптың хаты

АҚШ президенті Дональд Трамп Аляскадағы саммиттен кейін мыңнан астам әскери тұтқындардың босатылатынын мәлімдеді.
«Менде тізім бар. Мыңнан аса әскери тұтқын, олар босатылады», — деді АҚШ президенті.
Журналистердің «Бұл тізімге Украина келісімін берді ме?» деген сұрағына Трамп:
«Олар босатылады, Украина мұны қабылдауға тура келеді» деп жауап берді.
14 тамызда Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединский, Ресей мен Украина арасындағы келіссөздерді басқаратын делегация жетекшісі, Ресейдің 84 украин тұтқынын қайтарып, өз кезегінде Украина тарапынан 84 ресейлік әскери тұтқын алғанын хабарлаған еді.
«Ал RT жариялаған 1000 тұтқынның тізімінен Украина тек екі адамды қабылдады», — деді Мединский.
Тамыздың басында Кремльге жақын RT телеарнасы Украина әскери тұтқындарының аты-жөндері жазылған тізімді жариялаған. Киев бұл тізімді растаған жоқ.
Мелания Трамптың хаты
Осы кезде Reuters агенттігі Ақ үйдегі дереккөздерге сүйеніп, Трамптың зайыбы Мелания Трамп Владимир Путинге арнайы хат жолдағанын хабарлады. Хатта Украина мен Ресейдегі балалардың ауыр жағдайы көтерілген. Хатты Трамп Путинге Аляскадағы кездесуде жеке өзі тапсырған.
Осылайша, Аляскадағы саммит әскери тұтқындар мәселесін де көтерді. Бірақ нақты келісімге қол қойылмады. Әзірге басты сұрақ — жарияланған «1000 тұтқынның тағдыры» Киев пен Мәскеу арасында қалай шешілетініне байланысты қалып отыр.
Айта кетейік, Трамп пен Путиннің 15 тамыздағы Аляскадағы үш сағаттық келіссөзі соғыс тағдырын шешкен жоқ, бірақ екі тарап «прогресс бар» деп бағалады.