Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:40

Трамп: Украина мен Ресей қақтығысы 8 тамызға дейін тоқтауы тиіс

Трамп
Фото: БАҚ

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Украинаны 8 тамызға дейін атысты тоқтатып, тұрақты бейбіт келісімге келуге шақырды. 

Бұл туралы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында АҚШ-тың БҰҰ-дағы уақытша өкілі Джон Келли мәлімдеді.

«Ресей де, Украина да атысты тоқтатып, бейбітшілікті орнату туралы келісуі керек. Келіссөз жүргізетін уақыт келді. Президент Трамп бұл мәселені 8 тамызға дейін шешу қажеттігін анық жеткізді. Құрама Штаттар бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қабылдауға дайын», - деді Келли.

8 тамыз — Трамптың жаңа ультиматумының (29 шілдеде жарияланған) аяқталу мерзімі. Бұған дейін 14 шілдеде жарияланған 50 күндік мерзім болған. Егер осы уақыт ішінде қақтығысты реттеуде ілгерілеу болмаса, Трамп Ресей мен оның сауда серіктестеріне шамамен 100 пайыз көлемінде қайталама кедендік баж салығын енгізуге уәде берді.

Сонымен қатар Трамп бұл шаралар Мәскеуге әсер етпеуі де мүмкін екенін жоққа шығармады:

«Біз кедендік баж салығын және басқа да шараларды енгіземіз. Бұл олардың позициясына әсер етуі мүмкін, әсер етпеуі де мүмкін. Бірақ бұл — ықтимал нұсқа», - деді ол.

Кремль өкілдері Трамптың мәлімдемелерін ескеріп отырғанын айтты. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков жаңа санкциялар жайлы пікір білдіріп, Ресей экономикасының «сансыз шектеулер» жағдайында жұмыс істеуді үйренгенін және «белгілі бір иммунитет» қалыптастырғанын атап өтті. Сонымен қатар ол Мәскеудің соғысты бейбіт жолмен шешуге бейілді екенін жеткізді.