Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:17

Трамп: Украина соғыста жеңеді деп ойламаймын

Украина
Фото: БАҚ

АҚШ президенті Дональд Трамп Украина мен Ресей арасындағы соғысқа қатысты жаңа мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Украина теория жүзінде жеңіске жете алуы мүмкін, бірақ бұл өте екіталай.

Трамп бұл пікірін 20 қазан күні Австралия премьер-министрі Энтони Албанеземен өткен бірлескен баспасөз мәслихатында айтты.

“Украинаның жеңетініне сенбеймін, бірақ теория жүзінде мүмкін. Мен ешқашан жеңеді деп айтқан емеспін — мен ‘мүмкін’ дегенмін. Кез келген нәрсе болуы ықтимал”, — деді Трамп CNN арнасына берген сұхбатында.

Бұл мәлімдеме оның бір ай бұрынғы сөзімен қарама-қайшы келеді. Қыркүйек айында Трамп Украина Еуропалық Одақтың қолдауымен өз аумақтарын толық қайтарып алуға қабілетті екенін айтқан еді.

“Уақыт, сабыр және НАТО мен Еуропаның қаржылық қолдауы арқылы соғыс басталған кездегі шекараларды қалпына келтіру әбден мүмкін”, — деген болатын ол сол кезде.

Трамптың Донбасс туралы пікірі

19 қазан күні Трамп соғысты тоқтату үшін Донбасс аймағын “бөлу қажет” екенін мәлімдеді. Оның пікірінше, аймақтың басым бөлігі бәрібір Ресейдің бақылауында қалады.

“Барлығы қазіргі қалпында қалсын. Қазір ол аймақ іс жүзінде бөлінген. Менің білуімше, Донбастың шамамен 78%-ы Ресейдің қолында”, — деді ол.

Трамптың айтуынша, Ресей мен Украина кейін өзара қосымша келісімдерге келуі мүмкін.

 The Financial Times жариялаған ақпаратқа жауап

Сол күні АҚШ президенті The Financial Times басылымындағы мәліметті де жоққа шығарды. Онда Трамп Украина басшысы Владимир Зеленскийге Донбастың барлығын Ресейге беруді ұсынған делінген еді.

Басылым жазғандай, Трамп “егер Зеленский келісімге келмесе, Путин Украина мемлекетін жояды” деген сөз айтқан-мыс. Алайда Ақ үй басшысы мұны толықтай жоққа шығарды.

Донбасс құрамына Украинаның Донецк, Луганск және Днепропетровск облыстарының бір бөлігі кіреді. Бұл аймақ 2014 жылдан бері Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың басты ошағы болып келеді.