Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:17

Трамп Украинаға Tomahawk зымырандарын бермейтінін мәлімдеді

Зеленский мен Трамп
Фото: ЖИ

АҚШ президенті Дональд Трамп қазіргі уақытта Украинаға ұзақ қашықтыққа ұшатын Tomahawk («Томагавк») зымырандарын жеткізу мүмкіндігін қарастырмайтынын айтты.

 Бұл туралы ол 2 қараша күні Air Force One ұшағында журналистердің сұрақтарына жауап беру кезінде мәлімдеді.

«Жоқ», — деп қысқа қайырды Ақ үй басшысы Киевке «Томагавк» беру ықтималдығы жөніндегі сұраққа.

Трамптың ұстанымы және Пентагон позициясы

CNN-нің жазуынша, қазан айында Трамп Украина президенті Владимир Зеленскиймен түскі кездесу кезінде де Киевке «Томагавк» бермеуді жөн санайтынын айтқан, себебі бұл зымырандар «АҚШ-тың қорғанысы үшін қажет» деп түсіндірген.

Алайда Пентагон сол айдың басында-ақ АҚШ-тағы қор жеткіліктілігін бағалап, зымырандарды Украинаға жеткізуге келісім берген, тек президенттің саяси шешімі қажет болған.

Трамптың Нигерияға қатысты мәлімдемесі

Air Force One ұшағында Трамп журналистердің Нигериядағы жағдайға қатысты сұрағына да жауап берді. Ол елде христиандарға қарсы зорлық-зомбылыққа байланысты АҚШ әскери күштерін жіберу не әуе соққылар жасау мүмкіндігін жоққа шығарған жоқ.

«Мүмкін. Мен басқа нұсқаларды да қарастырып жатырмын. Көп нәрсе ойда. Нигерияда христиандарды бұрын-соңды болмаған ауқымда өлтіріп жатыр... Біз бұған жол бермейміз», — деді ол Reuters-ке берген түсініктемесінде.

Бұған дейін, 1 қарашада Трамп Truth Social желісінде егер «Нигерия үкіметі христиандардың қырғынына жол беруді жалғастырса», онда АҚШ бұл елге барлық көмек пен қолдауды тоқтатып, тіпті әскер кіргізуі мүмкін екенін жазған болатын.

Ол сондай-ақ Қорғаныс министрлігіне «мүмкін әрекеттерге дайындықты бастау» туралы тапсырма бергенін мәлімдеген.

Тегтер: