Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:50, 30 Қыркүйек 2025

Трамп Украинаның Ресейдің ішкі аумағына соққы беруіне қарсы емес

Зымыран
Фото: Дмитрий Рогулин/ТАСС

АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға Америка қаруларын пайдаланып, Ресейдің аумағына ұзақ қашықтықтан соққы беруіне шектеу қоймайды. 

Бұл туралы президенттің арнайы өкілі Кит Келлог Fox News телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.

Оның сөзінше, Трамп әкімшілігі Киевтің Ресейдің ішкі аумағына соққы жасау мүмкіндігін қолдауы ықтимал.

Бұған дейінгі шектеулер

The Wall Street Journal 26 қыркүйекте жазғандай, Трамп Ресейдегі нысандарға америкалық қарулармен соққы жасауға қойылған шектеулерді алып тастауға дайын екенін білдірген. БАҚ дерегінше, бұл мәселе БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында өткен кездесуде Украина президенті Владимир Зеленский тарапынан көтеріліп, Трамп қарсылық танытпаған.

Айта кетейік, соғыс басталғалы АҚШ пен Батыстың басқа елдері өз қаруларын Ресейдің ішкі аумағына қолдануға рұқсат бермей келген. Себебі мұндай қадам жанжалды ушықтырып, «НАТО мен Ресейдің соғысына» жол ашуы мүмкін деп қауіптенген. Ресей президенті Владимир Путин де бұл жағдайда «НАТО мемлекеттері бізбен тікелей соғысып жатыр» деп қабылдайтынын ескерткен.

2024 жылдың соңында Джо Байден әкімшілігі Украинаға Ресей аумағындағы кейбір шекаралық аймақтарға (әсіресе Курск облысы маңына) шектеулі көлемде ATACMS ракеталарын қолдануға рұқсат берген еді. Бірақ Трамп инаугурациясына дейін-ақ бұл шешімге қарсы шыққан болатын. Ақ үйге қайта оралған соң, ол шектеуді күшейтті.

Алайда соңғы апталарда Трамп Ресей-Украина соғысына қатысты ұстанымын өзгерте бастағаны байқалады. Нью-Йоркте Зеленскиймен кездесуден кейін ол күтпеген жерден Украина «бұрынғы шекараларын қайтарып алуға, тіпті одан да артық нәтижеге қол жеткізуге қабілетті» екенін мәлімдеді.

Сарапшылардың пікірінше, бұл риторика АҚШ-тың Украинаға қатысты саясатын түбегейлі өзгертуі мүмкін деген белгі береді.

Тегтер: