Трамп: Үндістан Ресей мұнайын сатып алуын тоқтатады

АҚШ президенті Дональд Трамп Үндістан премьер-министрі Нарендра Модимен кездесуінен кейін бұл елдің Ресейден мұнай сатып алуды тоқтатуға келіскенін мәлімдеді.
Трамптың айтуынша, бұл шешім «жақын арада жүзеге асады» және «айтарлықтай геосаяси қадам» болып саналады.
«Мен Үндістанның Ресейден мұнай алуына қарсы болдым, және бүгін Моди маған енді Ресей мұнайын сатып алмайтынына уәде берді», — деді АҚШ президенті Ақ үйдегі баспасөз мәслихатында. Ол бұл шешімді «үлкен жетістік» деп атап, ендігі мақсат — Қытайды да осындай қадамға көндіру екенін айтты.
Reuters агенттігінің дерегінше, 2025 жылдың сәуір айында Үндістан Ресейден тәулігіне шамамен 2,15 миллион баррель мұнай сатып алып, рекорд орнатқан. Бұл — 2023 жылдың мамырынан бергі ең жоғары көрсеткіш. Ресей кейінгі үш жыл бойы Үндістанның ең ірі мұнай жеткізушісі болып келді, оның үлесі елдің импорт құрылымында 36 пайызға жеткен.
Мұндай тәуелділік Украинадағы соғыс басталғаннан кейін күшейген. Себебі Батыс санкцияларынан кейін арзандаған ресейлік мұнай Үндістандағы өңдеу зауыттары үшін тиімді бағада сатылған.
Алайда Трамптың әкімшілігі Ресейдің экспортын шектеу мақсатында серіктес елдерге қосымша экономикалық қысым жасап отыр. Биыл 14 шілдеде Трамп «егер 50 күн ішінде Украинада бейбіт келісімге қол жеткізілмесе, Ресеймен сауда жасайтын елдерге 100 пайыздық қосымша тариф енгізіледі» деп ескерткен болатын. Кейін бұл мерзім 10 күнге қысқартылып, 29 шілдеде АҚШ Үндістанға Ресеймен энергетикалық саудасы үшін 25 пайыздық баж салығын енгізді.
Трамтың айтуынша, «Үндістан мен Қытай — Ресейдің энергия көздерін ең ірі сатып алушылардың қатарында, ал бүкіл әлем Ресейдің Украинада адамдарды өлтіруін тоқтатқанын қалайды».
Осы қысымнан кейін тамыздың басында Үндістанның төрт мемлекеттік мұнай өңдеу зауыты — Indian Oil, Hindustan Petroleum, Bharat Petroleum және Mangalore Refinery — Ресей мұнайына тұрақты тапсырыс беруді тоқтатқан. Дегенмен, үнді БАҚ-тарының хабарлауынша, сол зауыттардың кейбірі, соның ішінде IOC, BPCL және HPCL, аз көлемде болса да ресейлік шикізатты сатып алуды жалғастырып отыр.
Трамп бұл келісімді «әлемдік нарықта Ресейдің экономикалық ықпалын әлсіретудің маңызды қадамы» деп бағалап, енді Бейжіңді де дәл осындай шешім қабылдауға көндіруге күш салатынын айтты.