Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:20

Трамп: Үшінші дүниежүзілік соғыс Украинадан басталмайды

Трамп
Фото: Bloomberg

АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы соғыстың әлемдік ауқымдағы қақтығысқа айналуына жол бермейтінін мәлімдеді.

 Бұл туралы ол Ақ үйде өткен баспасөз мәслихатында айтты.

«Менің ойымша, бұл соғыс Үшінші дүниежүзілік соғысқа ұласуы мүмкін еді. Бірақ олай болмайды», — деді Трамп.

Путинмен кездесу және соғысты тоқтату миссиясы

Трамптың айтуынша, ол екі апта ішінде Владимир Путинмен Будапештте кездесуді жоспарлап отыр. Президент бұл қадамның мақсаты — «Еуропаға көмектесу және адамдардың өмірін сақтау» екенін айтты.

«Мен бұл істі АҚШ үшін емес, Еуропа үшін істеп жатырмын. Біз мұхиттың ар жағындамыз. Еуропа соғыстың аяқталғанын қалайды, бірақ өздері оған жете алмай отыр. Мен бұған қол жеткізе аламын деп ойлаймын», — деді ол.

Трамп келіссөздерге дейін АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесетінін растады. Сондай-ақ, келіссөздерге вице-президент Джей Ди Вэнс және президенттің арнайы өкілі Стив Уиткофф қатысатыны белгілі болды.

Байденнің саясатына сын

Трамп Украинаның қазіргі соғыс жағдайына бұрынғы президент Джо Байденнің қателіктері себеп болды деп есептейді.

«Путиннің назары әрқашан Украинаға ауды, бірақ менің тұсымда ол ешқашан мұндай әрекетке бармас еді. Бұл – Байденнің дұрыс емес шешімдерінің салдары», — деді ол.

АҚШ президенті Украинадағы соғысты тоқтатуға ұмтылысы туралы да айтты:

 «Мен бұл соғысты адамдардың рухы сынбауы үшін тоқтатқым келеді. Көп адамның өмірін сақтап қалу үшін әрекет етіп жатырмын. Бұл – міндетіміз», — деді Трамп.

Дональд Трамптың мәлімдемесінен кейін Батыс сарапшылары алдағы Будапешт кездесуін Украинадағы соғысты тоқтатуға бағытталған ең маңызды дипломатиялық қадамдардың бірі деп бағалады.

Алайда сарапшылар Ресей мен АҚШ арасындағы нақты келісімге келу әлі де қиын болуы мүмкін екенін айтады.