Трамп үшінші мерзімге президент сайлауына қатысу ниеті бар екенін айтты
АҚШ президенті Дональд Трамп ел Конституциясында президентлауазымын екі мерзімнен артық атқаруға тыйым салынғанына қарамастан, үшінші рет сайлауға түсу мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты.
Бұл туралы The Independent басылымы хабарлады.
Журналистердің сұрағына жауап берген Трамп:
«Конституциялық шектеуге сотта қарсылық білдіруге дайынсыз ба?» — деп сұралғанда,
ол әзірге бұл туралы ойланбағанын айтты. Дегенмен, өз рейтингтерінің «барлық кезеңдердегі ең жоғары көрсеткішке жеткенін» және егер мүмкіндік болса, «бұны қуана істер едім» деп мәлімдеді.
Сондай-ақ ол Республикалық партиядан келесі сайлауда қатысуы мүмкін басқа үміткерлер ретінде вице-президент Джей Ди Вэнс пен мемлекеттік хатшы Марко Рубионың есімдерін атады.
Конституция не дейді?
АҚШ Конституциясының 22-түзетуі ел президентінің екі мерзімнен артық сайлануына тыйым салады. Бұл ереже 1951 жылы қабылданған және Франклин Рузвельттің төрт рет сайлануынан кейін енгізілген.
Соған қарамастан, Трамп «үшінші мерзім идеясына қарсы емесін» білдіріп, өз президенттігі кезінде «сегіз соғысты тоқтатып, миллиондаған адамның өмірін сақтап қалғанын» айтты.
Трамптың үшінші мерзімге түсуі үшін АҚШ Конституциясына өзгеріс енгізу қажет. Алайда бұл әлемдегі ең күрделі және ұзақ рәсімдердің бірі болып есептеледі: кез келген түзету Конгресстің екі палатасының үштен екісінің қолдауымен, сондай-ақ штаттардың ратификациясымен ғана қабылдана алады.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай өзгеріс қазіргі саяси жағдайда іс жүзінде мүмкін емес. Сондықтан Трамптың бұл мәлімдемесі сайлау алдындағы риторика немесе саяси амбицияның көрінісі ретінде бағаланып отыр.