Трамп: Зеленский мен Путин кездесуге келісіп алды

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путин мен Украина басшысы Владимир Зеленскийдің тікелей кездесуі дайындалып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, саммит соғысты тоқтату жолдарын талқылауға арналмақ.
Трамптың мәлімдемесі
19 тамызда The Mark Levin Show радиобағдарламасында сөйлеген Трамп:
— «Менің Путинмен де, Зеленскиймен де кездесулерім сәтті өтті. Енді олардың менсіз жеке жүздескені дұрыс болар деп ойладым», - деді.
Трамптың баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт те бұл ақпаратты растап, қазір кездесудің жоспары жасалып жатқанын айтты. Оның сөзінше, екі ел басшысы келіссөз үстеліне отыруға дайын екенін білдірген.
Кездесу қайда өтуі мүмкін?
Украина мен Ресей басшыларының кездесуі мүмкін деген бірнеше қала қаралып жатыр.
-
Женева — Франция президенті Эмманюэль Макрон ұсынды. Швейцария билігі Путинге кепілдік беруге әзір екенін айтты.
-
Будапешт — Венгрия премьері Виктор Орбан өз елін бейбіт келіссөздерге қолайлы орын ретінде атады.
-
Рим және Ватикан — Италия премьері Джорджа Мелони бұл бастаманы көтерген. Sky News дерегінше, Зеленский мен Трамп Ватиканға бейіл болса, Путин Женевада кездесуге құлшыныс танытқан.
Мәскеудің ұстанымы
Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров «Россия-24» арнасына берген сұхбатында Путин мен Зеленскийдің тікелей кездесуіне қатысты нақты жауап берген жоқ. Ол тек:
— «Мәскеу ешқандай форматтан бас тартпайды. Бірақ ең жоғары деңгейдегі байланыстар өте мұқият дайындалуы тиіс», — деді.
Трамп 18 тамызда Вашингтонда Зеленскиймен және еуропалық саясаткерлермен кездескен соң, өзінің Truth Social желісінде Путин мен Зеленскийдің жүздесуіне жол ашылатынын жазған еді. Оның айтуынша, екіжақты кездесуден кейін үшжақты келіссөздерде өзі де қосылады.