Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:41

Трамп Зеленский мен Путиннің жеке кездесуін талап етті

Трамп
Фото: ЖИ

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Украина басшылары Владимир Путин мен Владимир Зеленскийдің тікелей келіссөз өткізуі қажет екенін тағы да мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл – соғысты тоқтатудың ең тиімді жолы.

30 қыркүйекте Вирджиния штатындағы Куантико әскери базасында АҚШ армиясының жоғары қолбасшылығымен кездескен Трамп қос президентті кездесуге шақырды.

Ол Ресей президентіне қатысты тағы да сын айтты: «Мен Путиннен соғысты тезірек аяқтайды деп күттім. Бірақ ол олай істемеді. Сол үшін мен қатты көңілім қалғанын жасырмаймын», – деді Трамп.

АҚШ президенті сондай-ақ Ресей жағалауларына бір-екі атом сүңгуір қайық жіберу жөнінде бұйрық бергенін еске салды және елдің ядролық арсеналы жаңартылып жатқанын айтты. Дегенмен ол бұл қаруды қолдануға мәжбүр болмауға үміттенетінін жеткізді.

Трамп Ресейді «қағаз жолбарыс» деп атап, соғысушы тараптарды келіссөзге келуге шақырды. Ол сонымен бірге Газа секторындағы жағдайға тоқталып, ХАМАС-ты АҚШ ұсынған бітімге келісуге үндеді: «ХАМАС келісуі тиіс. Егер бас тартса, оларға өте қиын болады», – деді ол.

Сөз соңында Дональд Трамп пен АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсетт Қарулы күштерде идеологиялық өзгерістер қажет екенін атап өтті. Олар әскерді ықтимал соғысқа дайындаудың маңыздылығын жеткізді.

Сонымен қатар, Трамп өзіне Нобельдің бейбітшілік сыйлығы берілуі тиіс деген сенімін тағы да білдірді.