Трамп Зеленскийден АҚШ ұсынған «бейбіт жоспарды» 27 қарашаға дейін мақұлдауды талап етті
АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы соғысты тоқтатуға бағытталған Вашингтон әзірлеген «бейбіт жоспар» Киев тарапынан 27 қарашаға дейін мақұлдануы тиіс екенін мәлімдеді.
Ол бұл туралы 21 қараша күні Ақ үйде журналистерге берген сұхбатында айтты.
Президенттің сөзінше, Украина жетекшілігі бұл бастаманы қабылдауға мәжбүр болады:
— «Біз бейбітшілікке қол жеткізетін жолды таптық деп ойлаймыз. Украина президенті Владимир Зеленский мұны мақұлдауға тиіс. Ол қандай да бір нәрсеге келісуге мәжбүр», — деді Трамп.
Оның айтуынша, егер Зеленскийге АҚШ ұсынып отырған жоспар ұнамаса, «Украина соғысты жалғастыра береді». Сондай-ақ Трамп 27 қараша — соңғы мерзім екенін, бірақ жағдай жақсы жүрсе, дедлайн кейде ұзартылуы мүмкін екенін атап өтті.
АҚШ Киевке қысымды күшейтуі мүмкін
Бұған дейін Reuters агенттігі АҚШ жоспарды қабылдамаса, Украинаға жасалатын барлау көмегі мен қару-жарақ жеткізілімін шектеуі мүмкін екенін жазған.
Зеленский өз кезегінде азаматтарға жолдаған үндеуінде келесі апта «өте ауыр» болатынын, ел алдында күрделі таңдау тұрғанын ескертті:
— «Украина қиын дилемма алдында қалуы мүмкін: не қадір-қасиетті жоғалту, не ең маңызды серіктестен айырылу қаупі. Не Трамптың 28 күрделі тармағы, не өте ауыр қыс және одан кейінгі тәуекелдер», — деді ол.
Трамп жоспары нені көздейді?
Апта басында жария болған құжаттан үзінділерге қарағанда, жоспар бойынша Украина Ресейге белгілі бір деңгейде жол беруі тиіс. Ал АҚШ пен Еуропа елді қалпына келтіруді қаржыландыру міндетін өз мойнына алады.
Жоспарға сонымен қатар:
Ресейге салынған санкцияларды кезең-кезеңімен алып тастау;
Мәскеу мен Вашингтон арасында ұзақмерзімді экономикалық келісім жасау
сияқты тармақтар кіреді.
Еуропада қолдау таппады
Жоспар Еуропада да, Украин қоғамында да онша қабылданбады. Еуропалық көшбасшылар ішінде бұл құжатты Трамппен алғаш болып Германия канцлері Фридрих Мерц талқылаған. Ол телефон әңгімесін «жақсы және құпия» деп сипаттаған.
Германия үкіметіндегі дереккөздердің хабарлауынша, ЕО елдері қазір өздерінің «делдалдық құжатын» әзірлеуде. Келіссөздердің келесі кезеңі 22-23 қарашада Йоханнесбургте өтетін G20 саммиті аясында жалғасады. Оған Мерцпен бірге Франция президенті Эммануэль Макрон, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер және Италия премьері Джорджия Мелони қатысады.