Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:50

Трамп Жапонияға баж салығын енгізуді көздеп отыр: күріш үшін сауда текетіресі

Жапония
Фото: zhasalash.kz (ЖИ)

Трамп жапон тауарларына жаңа тарифтер енгізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, егер Токио америкалық тауарларды, әсіресе күрішті, көбірек импорттауға келіспесе, сауда қарым-қатынастарына түбегейлі өзгеріс енгізілуі мүмкін.

Truth Social желісінде жарияланған жазбасында Трамп:

“Мен Жапонияға үлкен құрметпен қараймын. Бірақ оларда күріш тапшылығы бола тұра, АҚШ-тың күрішін сатып алудан бас тартып отыр. Бұл – әділетсіз. Біз олардың миллиондаған көліктерін сатып аламыз, ал олар біздің өнімімізге мұрын шүйіреді. Егер жағдай өзгермесе, біз жапондық көліктерге 25 пайыздық баж салығын саламыз”, - деді.

Бұл мәлімдеме Жапониямен жүргізіліп жатқан сауда келіссөздері тоқырауға ұшыраған сәтте жасалды. Трамптың әкімшілігі жапондық тараптың келіссөздер барысында өз көліктері мен автокөлік бөлшектеріне АҚШ тарапынан тарифтер жойылады деп күткеніне наразы.

Сәуір айында Трамп Жапониядан келетін тауарлардың басым бөлігіне 24 пайыздық баж салығын енгізіп, көп ұзамай екіжақты келісімге қол жеткізу үмітімен оны тоқтатқан еді. Алайда қазіргі жағдайға байланысты Трамп бұл шешімді қайта қарап, не алдыңғы мөлшерлемені қалпына келтіруді, не жаңа салық көлемін енгізуді көздеп отырғаны айтылып отыр.

Japan Times басылымы таратқан мәліметке сәйкес, АҚШ-тың сауда өкілдері Жапонияны америкалық күріш, соя және жүгеріні көбірек импорттауға мәжбүрлеуге тырысуда. Дүниежүзілік сауда ұйымының келісіміне сәйкес, Жапония жыл сайын 770 мың тонна бажсыз күріш импорттауы тиіс. Қазір бұл көлемнің шамамен жартысы АҚШ үлесінде.

Politico порталы Трамптың Жапония мен Оңтүстік Кореядан әскери шығындарын ЖІӨ-нің 5%-на дейін ұлғайтуды талап ететінін хабарлады. Бұл – НАТО елдеріне қойылған талаппен ұқсас ұсыныс. Трамп мұны АҚШ-тың қауіпсіздік кепілдіктері үшін серіктес елдердің жауапкершілігін арттыру мақсатында ұсынып отыр.

АҚШ пен Жапония арасындағы сауда қатынастары қайта шиеленісуі мүмкін. Егер Токио Вашингтонның талабын орындаудан бас тартса, америкалық әкімшілік жауап ретінде импорттық баж салығын енгізуі ықтимал. Бұл шешім екіжақты экономикалық байланыстарға айтарлықтай әсер етеді.