Трамп жоспары: Киев армияны қысқартудан және облыстарды беруден бас тартты
Украина соғысты аяқтау жөніндегі келіссөздерге дайын, бірақ Қарулы күштерін қысқартпайды және уақытша оккупацияланған облыстарды Ресейге бермейді.
Бұл туралы Нью-Йорктегі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің брифингінде Украина өкілінің орынбасары Кристина Гайовишин мәлімдеді.
Киев Трамптың бейбіт жоспарын талқылауға дайын, бірақ территория берілмейді
Гайовишин АҚШ тарапынан Дональд Трамп әкімшілігі әзірлеген бейбіт жоспардың жобасы ресми түрде алынғанын растады.
«Біз соғысты әділ аяқтауға мүмкіндік беретіндей етіп жоспардың ережелерін талқылауға дайынбыз», - деді ол.
Алайда Киевтің келіспейтін тұстары бар. Олар:
- Украина уақытша оккупацияланған аумақтарды Ресейдің жері ретінде ешқашан мойындамайды.
- Украина өзінің өзін-өзі қорғау құқығын, сондай-ақ Қарулы күштерінің саны мен әскери мүмкіндіктерін шектеуді қабылдамайды.
- Киев одақтастарды еркін таңдау құқығын да шектетпейді.
- Украина «орыс агрессиясының негізінде жатқан геноцидке» қарсы күресті жалғастырады, әсіресе тіл мен ұлттық болмысқа қатысты саясатта.
Гайовишиннің айтуынша, Киев «Украина жөнінде – Украинасыз, Еуропа жөнінде – Еуропасыз ештеңе шешілмейді» деген принципті ұстанады.
«Ресейді экономикалық, саяси және әскери тұрғыда шегінуге мәжбүрлеу қажет», - деді ол.
Axios: Уиткофф пен Умеров жоспарды талқылаған
Бұған дейін Axios порталы АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф Трамптың 28 тармақтан тұратын жоспарын 15-16 қарашада Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеровпен талқылағанын хабарлады.
Ал 20 қарашада кепілдіктер жобасы Украина президенті Владимир Зеленскийге жазбаша түрде тапсырылған.
Умеров 21 қарашада өзі ешқандай баға бермегенін, жоспарды талқылауға «техникалық деңгейде» қатысқанын айтты.
РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та 21 қарашада Мәскеуге Зеленскийдің бейбіт жоспар бойынша келіссөзге дайын екені туралы ақпарат түспегенін мәлімдеді.