Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:38

Трампқа Гренландия не үшін қажет?

трамп гренландия
Фото: Gettyimages.ru © Andrew Harnik / Martin Zwick / REDA / Universal Images Group

АҚШ президенті Дональд Трамп Гренландияның Ресей немесе Қытай ықпалына өтіп кетуіне жол бермеу үшін бұл аумақты АҚШ-тың өзі бақылауға алуы қажет екенін мәлімдеді.

Бұл туралы ол BBC тілшісінің сұрағына жауап бере отырып айтты.

«Мемлекет жалға алынған аумақты емес, өз меншігін қорғауы тиіс. Сондықтан біз Гренландияны қорғауға мәжбүр боламыз», – деді Трамп.

Оның айтуынша, Вашингтон бұл мақсатқа жету үшін «жеңіл жолды» да, «қиын жолды» да қарастыруы мүмкін.

Ақ үйдің хабарлауынша, АҚШ әкімшілігі қазіргі уақытта НАТО-дағы одақтасы Данияға тиесілі, автономды мәртебесі бар Гренландия үстінен бақылау орнатудың бірнеше нұсқасын талқылап жатыр. Олардың қатарында аралды сатып алу мүмкіндігі де, күш қолдану арқылы аннексиялау сценарийі де жоқ емес.

Алайда Дания мен Гренландия билігі аумақтың сатылмайтынын мәлімдеді. Данияның премьер-министрі Метте Фредериксен АҚШ тарапынан болуы мүмкін әскери операция НАТО-ның күйреуіне әкелуі мүмкін екенін ескертті.

Жұма күні кешке Гренландиядағы жетекші саяси партиялар, соның ішінде оппозиция өкілдері бірлескен мәлімдеме жасап, «АҚШ-тың елге қатысты менсінбеушілік көзқарасына тоқтау салуға» шақырды.

«Біз америкалық болғымыз келмейді, даниялық болғымыз да келмейді. Біз гренландиялық болғымыз келеді. Гренландияның болашағын гренландиялықтардың өзі анықтауы тиіс», - делінген мәлімдемеде.

Америкалық әскери база және стратегиялық маңыз

Гренландия – халқы ең сирек орналасқан аумақтардың бірі. Соған қарамастан, оның Солтүстік Америка мен Арктика арасындағы географиялық орны зымыран шабуылдарын және аймақтағы теңіз қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.

Трамп Гренландияның АҚШ ұлттық қауіпсіздігі үшін ерекше маңызға ие екенін бірнеше рет атап өткен. Ол нақты дәлел келтірмей, арал маңында «Ресей мен Қытай кемелері көбейіп бара жатқанын» мәлімдеген.

АҚШ Екінші дүниежүзілік соғыстан бері Гренландияда әскери база ұстап келеді. Аралдың солтүстік-батысындағы Питуффик базасында бүгінде 100-ден астам америкалық әскери қызметкер орналасқан. Қолданыстағы АҚШ-Дания келісімдеріне сәйкес, Вашингтон бұл базаға шектеусіз әскери күш жібере алады.

Дегенмен Трамптың айтуынша, жалға алу форматы жеткіліксіз.

«Мемлекеттер 9 жылға немесе тіпті 100 жылға жалға алу туралы келісім жасамауы керек. Мұнда сөз меншік туралы жүруі тиіс. Мен Қытай халқын да, Ресей халқын да құрметтеймін. Бірақ олардың Гренландиядағы көршіміз болғанын қаламаймын. Бұл болмайды. НАТО мұны түсінуі керек», – дейді АҚШ президенті.

Өткен аптада НАТО-дағы еуропалық мемлекеттер мен Канада Данияны қолдайтынын білдіріп, Гренландия мен Данияның тағдырына қатысты шешімді қабылдау құқығы тек солардың өзіне тиесілі екенін атап өтті. Сонымен қатар, АҚШ-ты БҰҰ Жарғысының, оның ішінде егемендік пен аумақтық тұтастық қағидаларын сақтауға шақырды.

Соңғы жылдары Гренландияның табиғи ресурстары – сирек металдар, уран, темір кені, сондай-ақ мұнай мен газ қоры туралы мәселе жиі талқыланып келеді. Климаттың жылынуына байланысты мұздықтардың еруі бұл ресурстарға қол жеткізуді жеңілдетіп отыр.

Айта кетейік, Трамп 2019 жылы, алғашқы президенттік мерзімінде де Гренландияны сатып алу идеясын ұсынған еді. Алайда ол кезде де Дания тарапы бұл ұсынысты үзілді-кесілді қабылдамаған.