Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:54, 17 Шілде 2024

Трампқа Иран ұйымдастырған тағы бір қауіп төнген - BBC

f
Фото: BBC

Дональд Трамптың қауіпсіздігі сенбі күнгі қастандық әрекетінен бірнеше апта бұрын Иран ұйымдастырған тағы бір қастандық қаупіне байланысты күшейтілген. Бұл туралы американдық баспасөзге атын атамауды өтінген арнайы қызмет өкілдері айтты, деп жазады BBC-дің орыс қызметі. 

Ал, Америкалық CNN және CBS телекомпаниялары сейсенбі күні хабарлағандай, анонимді сұхбаттастары оларға америкалық барлау маусым айында ирандықтардың Трампты өлтіруге дайындалып жатқаны туралы ақпарат алғанын, ал Құпия қызмет экс-президент пен АҚШ президенттігіне кандидаттың қауіпсіздігін күшейткенін айтқан. Ол үшін қосымша күзетшілер мен қауіпсіздік мамандары, снайперлер мен техника тартылған.

Ал, қолында мылтығы бар 20 жастағы Томас Мэттью Крукстың осы күшейтілген күзеттің астында Трамптан 130 метр жерде орналасқан ғимараттың төбесіне неліктен шығып кеткені түсініксіз. 

Американың барлау қызметтерінде Круксты өлтіру әрекеті мен ирандықтардың жоспарлары арасында ешқандай байланыс жоқ екені айтылады. 

Ақ үйдің Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің баспасөз хатшысы Адриен Уотсон барлау қызметкерлері Иранның Трамп әкімшілігіне қарсы қоқан-лоққыларын бірнеше жыл бойы бақылап отырғанын айтты.

«Бұл қоқан-лоққылар Иранның Сүлейманиді өлтіргені үшін кек алу ниетімен байланысты. Біз мұны ұлттық қауіпсіздік пен ішкі қауіпсіздік мәселесі деп санаймыз», - деді Уотсон.

Иранның БҰҰ жанындағы миссиясы CNN және CBS хабарларын дәлелсіз және зиянды деп атады, сонымен бірге Дональд Трамп Иранның көзқарасы бойынша сот арқылы жазалануы тиіс қылмыскер екенін айтты.

АҚШ Құпия қызметінің өкілі Энтони Гуглиелми Иранның Трампқа қастандық дайындап жатқаны туралы ақпаратты растамайды да, жоққа да шығармайды, тек Құпия қызмет пен басқа да барлау агенттіктерінен болуы мүмкін қауіптер туралы үнемі ақпарат алып, тиісті шара қолданатынын айтты.

Трамптың сайлау штабы ВВС-ге қауіпсіздікке қатысты мәселелер бойынша түсініктеме бере алмайтынын айтып, Құпия қызметпен байланысуды ұсынған.