Трампқа талас. Бесеудің АҚШ сапары
Қыркүйектің аяғында ғана Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясына қатысып қайтқан Орта Азия басшылары қарашаның басында АҚШ-қа қайта барды.
Бұл жолы олар Ақ үй басшысы Дональд Трамппен жеке кездесіп, келіссөз жүргізуге мүмкіндік алды. Қыркүйекте Орта Азиядан барған 5 президенттің арасынан Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеев қана Трамппен тіке жолыға алған.
Бұл жолы жағдай басқаша. Біріншіден, Орта Азия лидерлерін АҚШ президентінің өзі шақырған. Екіншіден, қыркүйектегідей әлемнің әр түкпірінен жиналған сыйлы қонақтар жоқ, Трамп біздің аймақтан барған басшыларға кең-молынан уақыт бөлді. Ең маңыздысы, кейінгі кезде Ақ үйдің Орта Азия елдеріне деген көзқарасында жылымық пайда болған. Бұған Қытайға қарсы сауда соғысы әсер етіп отыр. Әсіресе, сирек кездесетін минералдар өндірісін Бейжіңнің жеке шеңгелдеп отырғаны Вашингтонның арқасына аяздай батады. Қазір АҚШ дәл осы мәселеде Қытайға балама көздерді іздеп жатыр.
Жер бетіндегі бар екені нақты анықталған сирек минералдар қорының 70 пайызына Қытай иелік етеді. Сондай-ақ минералдар өндірісінің 90 пайызын Бейжің бақылап отыр. Трамп Ақ үй тізгінін қайта ұстаған соң America first ұранын алға тартып, әлем елдерімен сауда соғысын бастағанын білеміз. Осы бәсеке аясында Қытай сирек минералдар экспортына шектеу қойған. Бірақ биыл қазан айында Трамп пен Си Цзиньпин кездесіп, Қытай тарапы шектеу енгізу жоспарын бір жыл кейінге шегерді.
Технология дамыған сайын сирек кездесетін минералдардың маңызы артып келеді. Әскери қару-жарақ, цифрлы технология, электромобиль, медицина саласы біз сөз етіп отырған жерасты қазбаларынан қол үзе алмайды. Ал оның өндірісі 90 пайыз Қытайдың қолында болғаны АҚШ үшін өте тиімсіз. АҚШ-тың өз дерегі бойынша, жер қойнауындағы сирек металдар қоры 130 млн тонна. Оның 44 миллионы Қытай аумағынан табылған. Ал Бразилия мен Вьетнам жерінде 22 млн тоннадан бар екен.
Биыл көктемде Қазақстан үкіметі ел аумағында 20 млн тоннадан асатын сирек металл бар деген болжамын жариялады. Осы ақпараттың өзі Батыс елдерін қатты қызықтырып отыр. Мысалы, биыл сәуірде Өзбекстанда өткен «Орта Азия – Еуроодақ» саммитінде Қарт құрлық елдері аймақтағы сирек минералдар ресурсына инвестиция құюға ынталы екенін аңғартқан. Қытай да қазақ даласынан сирек минералдар қазуға дайын отыр. АҚШ-тағы саммитте сөз болған басты тақырып осы болды.
C5+1 саммиті қалай өтті?
Қазан айының аяғында Дональд Трамп Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан басшыларына хат жазып, Вашингтонға шақырды. Ақ үйден хабар алған Орта Азия басшылары қуана-қуана жауап хат жолдап, шақырған жерден қалмауға уәде еткен. Сол уәдеге сай 6 қараша күні Вашингтонда «Орта Азия + АҚШ» саммиті өтті.
Орта Азия елдері мен АҚШ арасындағы C5+1 форматындағы кездесулер 2015 жылы басталған. Әу баста C5+1 сыртқы істер министрлері деңгейінде өтіп жүрді. Ал мемлекет басшылары деңгейіндегі саммит алғаш рет 2023 жылы ұйымдастырылды. Бірақ президенттер қатысқан бірінші саммит «жетім қыздың тойындай» ғана болды. Жиын БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында өтіп, сол кездегі АҚШ президенті Джо Байден небәрі 2 минут сөз сөйледі. Байден Орта Азия елдердің тәуелсіздігін қолдауға басымдық беретінін айтып, аймақтың қауіпсіздігі жайлы сөз қозғаған.
Ал екі жылдан кейін өткен екінші саммит әлдеқайда ауқымды болды. Трамп бұл кездесуді қыркүйекте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясына қоспай, Орта Азия президенттерін бөлек жинап отыр. Бірақ бұл осы аймақтың стратегиялық маңызы күрт артып, АҚШ санасатын алпауыттар қатарына қосылғанын білдірмейді. Біздің аймақ Ақ үй үшін әлі де екінші не үшінші санаттағы бағыт саналады. Бірақ басында жазғанымыздай, Қытаймен сауда соғыс Трампты біз жаққа мойын бұруға мәжбүрлеп отыр. Тіпті батыстық сарапшылар «Қытай сирек металға шектеу қоймағанда саммит өтпес еді» деп отыр.
Мұны Орта Азия елдері де жақсы түсінеді. Сирек минералдар Ақ үйдің көзіне түсетін басты көзір екенін 5 елдің президенті жақсы біліп отыр. Сол үшін Трамппен кездесуде олар осы тақырыпты көбірек қозғап, Вашингтонның назарын аударуға күш салғаны байқалды. Трамп та олардың ығына жығыла кетіп, аймақтағы адам құқығы, демократия, климат өзгерісі сияқты мәселелерге бас қатырмай, бірден экономикалық келіссөздерге кірісіп кетті.
C5+1 саммитінде сөз алған Орта Азия президенттері Трамптың төбесін көкке жеткізе мадақтап, мақтауын асырды. Жиында Қазақстан президенті ағылшын тілінде сөйледі, ал өзге президенттер өздері білетін тілдерде сөйлеп жатты. Ақордаға жақын сарапшылар осының өзін жетістік көріп, әлеуметтік желіде мақтанып жазып жатыр. Біздің елде биліктің кішкентай ғана жетістігін жалаулатып, түймедейді түйедей етіп көрсетуге әуес пропагандашыл адамдар бар. Олар жолдау, құрылтай және осындай халықаралық кездесулерден кейін белсеніп, шенділерге мақтау айтады. Олар тіпті осы жолғы саммитте Қазақстан туының АҚШ жалауынан кейін тұрғанын да мақтан көрді (онда 6 мемлекеттің туы алфавит тәртібі бойынша тұрған).
АҚШ Орта Азияға тікелей емес, жанама мүдделер арқылы назар аударады. Яғни, Ақ үйдің бұл аймақпен ынтымақтастығы тұрақты стратегиялық серіктестікке емес, сыртқы факторларға тәуелді. Бірде Ресей мен Қытайдың ықпалын тежеу үшін, енді бірде өзіне қажетті қазба байлыққа қол жеткізу үшін ғана Орта Азияны естен шығармай отыр. Ал Орта Азия мемлекеттері АҚШ-пен байланыс орнату арқылы көпвекторлы сыртқы саясатын жалғастырып, Мәскеу мен Бейжіңге тәуелді болып қалудан сақтануға тырысады.
Кейінгі кезде Орта Азияның 5 елін ортаға алып C5+1 форматында саммит өткізу сәнге айналды. Мұндай форматқа АҚШ-тан бөлек Қытай, Ресей, Еуропа елдері де ынта танытып отыр. Мысалы, биыл 9 қазанда Тәжікстан астанасы Душанбеде екінші «Орта Азия – Ресей» саммиті өткен. Жиында Ресей президенті Владимир Путин Мәскеуді Орта Азияның басты одақтасы әрі қауіпсіздік кепілі деп сипаттаған. Бірақ соғысқа байланысты экономикасы тұралап тұрған Ресей Орта Азия елдеріне қаржы құюға дайын емес. Сондықтан саммитте ірі инвестициялық келісімдер жасалған жоқ. Сондай-ақ биыл маусымда Астанада «Орта Азия – Қытай» саммиті, сәуірде Өзбекстанда «Орта Азия – Еуроодақ» саммиті өткен.
Қазақстан мен АҚШ қарым-қатынасы
C5+1 саммиті алдында Қазақстан президенті мен АҚШ басшысы жеке кездесіп, бірқатар келісімшартқа қол қойды. Тоқаев Трампқа Вашингтонға шақырғаны үшін алғыс айта отырып, оны жер жүзінің қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен өркендеуін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарды деп мақтады. Ал Трамп Қазақстанмен кеңейтілген стратегиялық серіктестікті дамытуға ниетті екенін айтты. Осы жолы Қазақстан мен АҚШ жалпы сомасы 17 млрд доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойды.
Вольфрам кеніші. 6 қараша күні Қазақстан мен АҚШ сирек кездесетін минералдар бойынша меморандумға қол қойғанын хабарлады. Екі ел Қазақстандағы ең ірі игерілмеген вольфрам кеніштерінің бірін ашу жөнінде әріптестік орнатты. Қазақстандық «Тау-Кен Самұрық» Ұлттық компаниясы мен АҚШ-тың Cove Capital инвестициялық компаниясы бірге кәсіпорын құрып, Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты вольфрам кен орындарын бірлесіп игереді. Инвестиция көлемі шамамен 1,1 млрд АҚШ доллары. Құжатқа «Тау-Кен Самұрық» басшысы Нариман Абсаметов пен Cove Capital компаниясының бас директоры Пини Алтхаус қол қойды.
Солтүстік Қатпар мен Жоғарғы Қайрақты – әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі, мұнда JORC стандарты бойынша вольфрам қоры 410 мың тоннаға жетеді. Ал Cove Capital компаниясы 2015 жылы құрылған. Биофармацевтика, жаңартылатын энергия көздері және тау-кен өнеркәсібі салаларына инвестиция құяды. Бас кеңсесі АҚШ-та орналасқан. Компания бірлескен кәсіпорынның 70 пайыз үлесіне ие болады. Яғни, қазақстандық тарапта 30 пайыз ғана үлес болады.
Қыркүйектегі сапар барысында Қазақстан АҚШ-тың Wabtec компаниясынан 4,2 млрд долларға 300 локомотив сатып алған. Кейін бұл келісімшарт сынға ұшырады. Кей сарапшы әл локомотив 13 млн долларға түскенін айтып, қымбатсынған. Бірақ шенділер АҚШ тарапы Астана сатып алған техникаға 2054 жылға дейін 18 жыл бойы толық сервистік қызмет көрсететінін айтып ақталды. Осы жолғы 1,1 миллиардтық келісімшартты да сынап жатқандар бар. Мамандар аса маңызды минерал саналатын вольфрам кенішін АҚШ тым арзанға иеленіп кетті деп санайды. Елдегі ең ірі мұнай кеніштерін шетелдік компаниялар 30 жылдан бері теңсіз келісіммен игеріп келе жатқаны жасырын емес. Көпшілік сол қатарға сирек қорлар қосыла ма деп қауіптеніп отыр.
Boeing ұшағы. Саммитте Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан әуе компаниялары 37 дана Boeing ұшағын сатып алу жөнінде толық бекітілмеген келісім жасасты. Атап айтқанда, қазақстандық Air Astana компаниясы 15 дана Boeing 787-9 Dreamliner ұшағын алуға ниет білдірген. Қазір компания Boeing 767 ұшағын пайдаланып жүр. АҚШ-тан озық технологиялы әуе кемесін сатып алғанымыз дұрыс шығар. Бірақ Батыс сарапшылары Орта Азия елдері Трамптың көңілін табу үшін түрлі техника сатып алып жатыр деп санайды. Мысалы, АҚШ-тан 8,5 млрд долларға Boeing 787 Dreamliner ұшағын сатып алмақ болып отырған Мирзиеев қыркүйектегі сапарында да мол қаржы жұмсап, Трамппен сауда жасап қайтқан.
Ибраһим келісімі. Қазақстан Дональд Трамптың бірінші президенттік мерзімі кезінде қабылданған Ибраһим (Авраам) келісіміне қосылатынын жариялады. Осылайша, Астана Ақ үйдің сыртқы саясаттағы бастамаларына қолдау білдіріп отыр.
Ибраһим келісімі 2020 жылы Трамп президент болып тұрғанда АҚШ бастамасымен қабылданған. Келісім Израиль мен мұсылман әлемі арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға арналған. Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн және Марокко Израильмен қарым-қатынасты қалыпқа келтіру мақсатында келісімге қол қойған. Бірақ Сауд Арабиясы сияқты елдер Израиль Палестинаның тәуелсіздігін мойындамаса, келісімге қол қоймаймыз деп отыр. Трамп тақтан кеткелі бұл келісім тоқырап тұрған. Қазақстан кейінгі 5 жылда келісімге қол қойған алғашқы ел болды. «Қазақстан – менің екінші мерзімімде Ибраһим келісімдеріне қосылған алғашқы мемлекет. Ибраһим келісімі арқылы бейбітшілік пен өркендеуді қалайтын елдер кезекте тұр» деп жазды Ақ үй басшысы Truth Social желісінде.
Сарапшылар Астананың бұл шешімін Вашингтонның көңілінен шығуға бағытталған стратегиялық қадам деп бағалайды. Әрине, Қазақстан бұған дейін де алпауыт серіктестерінің ықпалымен халықаралық ұйымдарға қосылған. Мысалы, Қытаймен дос болу үшін Шанхай ынтымақтастық ұйымына қосылса, Ресейдің көңілін қимай, ҰҚШҰ, ЕАЭО, ТМД сияқты ұйымдарға мүше болып отыр. Ибраһим келісіміне де дәл осындай баға беруге болатын шығар.
АҚШ – Қазақстанға 100 млрд доллардан аса қаржы салған ең ірі инвестор ел. Екі ел арасындағы тауар айналымы 5 млрд долларға жеткен. Вашингтон өзіне қажетті уранның 25 пайызын Астанадан алып отыр. Сондай-ақ Қазақстанда 600-ден аса америкалық компания бизнес жүргізіп жатыр. Қыркүйекте АҚШ-тан 4,2 млрд долларға пойыз алуға келістік, осы жолы 17 млрд доллардың келісімін жасадық. Осыған қарап, АҚШ-пен жақын дос елге айналдық деуге әлі ерте. Трамп әлемге сауда соғысын ашқан кезде Орта Азия елдері арасынан Қазақстанға ғана 27 пайыздық баж салығын салған. Өзге 4 ел мұндай қысастан аман.
Саясаттанушы Ермахан Қалмырзаев: Қазақстанға АҚШ пен Батыстың қолдауы ауадай қажет
– АҚШ президенті Орта Азияға стратегиялық әріптес ретінде қарайтынын мәлімдеді. Ол «Америка Орта Азияға бұрынғыдан да қуатты болып қайта оралды» деді. Бұл сөз декларация ғана емес, АҚШ тарапынан өңірге нақты қадамдар жасауға дайындықтың белгісі. Трамп Орта Азияны «өте бай аймақ» деп сипаттап, инвестициялық мүмкіндіктерге, сирек кездесетін минералдарға, инфрақұрылым мен энергетикаға басымдық беретінін айтты.
Сондай-ақ Ақ үй басшысы Қазақстанды жеке атап, стратегиялық серіктес ретінде қарастыратынын мәлімдеді. АҚШ Қазақстан экономикасына 17 млрд доллар инвестиция салуға дайын екені айтылды. Бұл жай сан емес, геосаяси ниеттің көрінісі деп есептеймін. АҚШ Орта Азияның Қытай мен Ресей арасындағы ықпал тартысының құрбаны болмай, еркін серіктес аймақ ретінде қалыптасқанын көздеп отыр. АҚШ үшін Орта Азия шикізат қоры ғана емес, жаңа индустрияландыру дәуіріндегі маңызды серіктес саналады.
Қазақстан Қытай мен Ресей арасындағы экономикалық және саяси қысымға төтеп беріп, өзіндік болмысын сақтау үшін үшінші серіктестің – АҚШ пен Батыстың қолдауы ауадай қажет. Астана осы үш алыптың ортасында теңгерімді саясат ұстанып, әрқайсысымен ұлттық мүддеге сай мәміле жасай білсе, елдің егемендігі де, беделі де артады.
Бізге басқалар айтып жүргендей, «Орта Азиядағы көшбасшы» болуға ұмтылудың қажеті жоқ, керісінше, көршілерімізбен тең әріптестік пен өзара толықтыру қағидатына арқа сүйеуіміз керек. Бір елдің астамшылығы – өңірлік әлсіздікке, ал өзара сыйластық – тұрақтылық пен сенімге бастайды. Сондықтан біздің ұстаным, көршімен бәсекелеспей, бірге өркендеу болуы қажет. Менің ойымша, Қазақстан осы саммиттен үлкен үміт пен мол мүмкіндік көрді. Енді билік осы мүмкіндікті тиімді пайдалана алса, ұтамыз. Ал оны дұрыс пайдаланбай, әдеттегідей салғырттыққа салынып, ескі сүрлеумен жүрсе, бәрі баяғы жартас – сол жартас күйінде қала бермек.
Айтпақшы, Қазақстан мен Өзбекстан жығыла жабысып, Трампты Орта Азияға келтіре алмай жүр. БҰҰ Бас Ассамблеясы аясындағы кездесуде Мирзиеев Ақ үй басшысын Самарқанға шақырған. Мирзиеевтан кейін қазақстандық 24KZ телеарнасының тілшісі Трамптан Қазақстанға қашан баратынын сұрады. Сол кезде АҚШ президенті «Қазақстанға баруым әбден мүмкін. Президентіңізге сәлем айтыңыз. Ол жақсы адам» деп жауап берген. Телеарна журналисі сол сұрағын C5+1 саммиті кезінде тағы қойыпты. Бұл жолы да миллиардер-президент «Қазақстанға сапармен баруым әбден мүмкін. Сіздің табиғи ресурсқа бай еліңіз, сондай-ақ парасатты президентіңіз бар», деп жауап берді. Қазақстанға АҚШ-тың бірде-бір президенті келмеген. Егер Трамптың жолы түсіп жатса, тарихи оқиға болары сөзсіз. Бұл Ресей мен Қытайға да үлкен саяси белгі болар еді.
Қуаныш Қаппас