Трампқа жауап: Сауда министрлігі АҚШ енгізген жаңа тарифтерге қатысты мәлімдеме жасады

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Трамп әкімшілігінің Қазақстан тауарларына қатысты жаңа тарифтік шараларына ресми жауап берді.
Министрліктің хабарлауынша, 2025 жылғы 7 шілдеде Америка Құрама Штаттарынан ресми ескерту келіп түскен. Онда биылғы жылдың 1 тамызынан бастап бірқатар елдерге, соның ішінде Қазақстанға да қатысты жаңа импорттық баж салығы енгізілетіні айтылған. Жаңа талап бойынша, Қазақстаннан АҚШ нарығына жеткізілетін тауарларға 25 пайыздық бірыңғай тариф белгіленеді.
Алайда министрлік атап өткендей, бұл шектеулер Қазақстан экспортын айтарлықтай шектемейді. Себебі АҚШ-қа жөнелтілетін қазақстандық экспорттың негізгі бөлігін — мұнай, уран, күміс, ферроқорытпа, тантал және титан сияқты стратегиялық шикізат тауарлары құрайды. Бұл тауарлар жаңа тарифтік шектеулерден босатылып, бұрынғы шарттар бойынша баж салығынсыз экспорттала береді.
Қолданысқа енгізілген шаралар Қазақстаннан АҚШ-қа экспортталатын өнімдердің шамамен 95 пайызына әсер етпейді, - делінген министрліктің мәлімдемесінде.
Сонымен қатар Қазақстан Үкіметі сауда қатынастарын сақтап қалу мақсатында АҚШ әкімшілігіне нақты ұсыныстар мен бастамалар топтамасын жолдаған. Бұл ұсыныстар екіжақты сауда шарттарын жақсартуға және нарыққа кедергісіз қол жеткізу мәселелерін шешуге бағытталған.
Қазақстан мақсаты — нарыққа қол жеткізу және сауда шарттары мәселелері бойынша келісілген шешімдер қабылдау. Қазіргі уақытта Америка тарабы Қазақстан ұсыныстарын қарастыруда және келіссөздерді өткізу күні туралы хабарлайды. Қазақстан ұлттық мүдделерін қорғау және тұрақты сауда-экономикалық әріптестікті дамыту мақсатында Америка тарапымен одан әрі келіссөздер жүргізуге дайын, - дейді министрлік.