Трамппен өтетін төрт жыл. Соғыс, саясат және бұқпалап отырған Қазақстан

5-қараша АҚШ-та президент сайлауы өтіп, елді бұған дейін 2016-2020 жылдары басқарған Дональд Трамп жеңіске жетті.
Ол сайлауда қазіргі вице-президент Камала Харристі жеңді. Сайлау алдында сарапшылар екі үміткердің мүмкіндігі 50/50 деп болжаған. Бірақ нәтиже мүлде басқаша болды. Трамп 312 дауыс жинап, айқын басымдық танытты, ал Харрис небәрі 226 дауыс еншіледі.
АҚШ – әлемдегі ең ықпалды мемлекет. Сондықтан ондағы президент сайлауына 330 млн америка халқы ғана емес, тұтас әлем көз тігіп отырды. Бәрінің уайымы – Ақ үйге енді кім келеді, оның бізге көзқарасы қалай болады деген сұрақ төңірегінде жатыр. Әрине, жаһанды жалғыз Вашингтон билемейді, бірақ көп жерде АҚШ-тың айтқаны ескерілетіні жасырын емес. Сондықтан Америкада кімнің президент болғаны жел қайдан соғады деп отырған әлем үшін өте маңызды.
Сол қатарда біз де өз мүддеміз үшін мұхиттың арғы бетіне мойын созып отырдық. Үміткерлер сайлауалды бағдарламаларында Қазақстан немесе Орта Азия жайлы ештеңе айтпағанымен, кей жоспарлары бізге жанама әсер ететіні көрініп тұрды. Мысалы, Трамп Украина мен Ресей арасында соғысты тез арада тоқтатуға ниетті. Сол мақсатта ол Киевке көмекті азайтуы мүмкін, ал бұл Мәскеудің күш алып кетуіне ықпал етеді. Оның арты... «Ендігі кезек кімдікі?» деп, әрі-сәрі отырған Қазақстан үшін жайсыз сұрақ. Қазақстандықтардың іші Харриске көбірек бұрылғанының жалғыз себебі де осы болды деуге болады.
Трамп қалай жеңіске жетті?
Дауы мен дақпырты бір басына жетіп артылатын миллиардер 2016 жылы тағы бір әйел кандидат Хиллари Клинтонды жеңіп, билікке келген. Ал 2020 жылы Джо Байденге есе жіберді. Кейін тіпті оның үстінен қылмыстық іс те қозғалды. Оның ел алдында өзін ұстауы, популистік сөздері мен саясаттағы болжауға келмейтін әрекеттері, демократиядан гөрі автократияға бейім ұстанымы жұрттың бәріне ұнай бермейді. Бірақ осының бәріне қарамастан, Трамп сайлауда талассыз жеңіске жетіп отыр.
Әлемдік БАҚ мұның бірнеше себебін атады. Біріншіден, кейінгі жылдары АҚШ экономикасы әлсіреп, елде инфляция өршіген. Сол үшін ел Байден бастаған демократтардың елді тығырықтан шығара алатынына сенбейді. Ал Трамп бизнес саласынан келген танымал кәсіпкер, сондықтан көп адам ол экономикалық қиындықтарды шешуге қабілетті деп сенеді. Әлемдегі ең бай адамдардың бірі Илон Масктың өзі Трампты қолдап, соның сайлау кампаниясына қосылып кетті. Екіншіден, Харрис Джо Байден денсаулығына байланысты сайлауға қатысудан бас тартқан соң ғана қатарға қосылды. Оның үстіне вице-президент ханым өзін тәуелсіз көшбасшы ретінде көрсете алған жоқ. Көпшілік оны демократиялық партиядан шыққан бұған дейінгі президенттердің ізбасары ретінде ғана көрді. Ал Трамптың сенімді іс-қимылы америкалықтарға біршама үміт сыйлағаны сөзсіз.
Трампты төрге сүйреген тағы бір себеп – ол ең алдымен ел ішіндегі проблемаларға мән беретінін айтты. Яғни әлем «АҚШ біз жайлы не ойлайды?» деп елеңдеп отырғанда Трамп: «Бізге әлемде не болатыны емес, өз еліміз қалай қуатты болатыны қызық» деген мәнде ұран тастады. Бұл соңғы кездері «сырттағы соғысқа көп ақша шашып кеттіңдер» деп жүрген АҚШ қоғамы үшін өтімді месседж. Өйткені тәуелсіз сарапшылар жүргізген сауалнама бойынша сайлауда дауыс берген АҚШ халқының 5 пайызы ғана әлемдік проблемаға бас қатыратынын айтқан. Ал қалған 95 пайыз адам АҚШ-тың экономикасы мен демократиясы үшін дауыс беріпті.
Дональд Трамп бірінші президенттік мерзімінде де «America First» саясатын ұстанып, ішкі жағдайды басты орынға қойған. Осы жолғы сайлауалды бағдарламасында да мигранттарға тосқауыл қою, салықты азайту, отандық өндірушілерді қолдау, сырттан келетін тауарға баж алымын көбейту сияқты уәделер берді. Демек, ол 2016-2020 жылдардағы жұмысын жалғастырады.
АҚШ-тың Орта Азия мен Қазақстанға қатысты саясаты өзгере ме?
Трамп ел ішінде қандай саясат ұстанатынын айттық. Ал оның сыртқы саясаты қалай болмақ? Әсіресе біздің елге, біздің аймаққа қандай көзбен қарайды? Әрине, АҚШ үшін Қазақстан бас қатырып, баса назар аударатын маңызды бағыт емес. Олар тіпті Орта Азияның өзін басты назарда ұстап отырған жоқ. Мысалы, АҚШ президенттері ешқашан Орта Азияға ресми сапармен келмеген. Тек 1993 жылы Билл Клинтон тұсындағы вице-президент Альберт Гор Қазақстанға сапарлаған.
Дегенмен кейінгі жылдары Орта Азияның геосаяси маңызы артып, алыс-жақындағы алпауыттар көз тігетін аймаққа айналып келеді. Орта Азия елдерін ортаға алып, С5+1 форматында келіссөз өткізу жиіледі. Мұндай форматқа АҚШ, Қытай және Ресейден бөлек, Еуропа елдері де ынта танытып отыр. Ақ үй біздің аймаққа Ресей мен Қытайды тежеу үшін де көз салуы мүмкін. Яғни АҚШ бізді құдасындай сыйлайды деп те, мүлде ұмыт қалдырады деп те айта алмаймыз.
«АҚШ-тың Қазақстанға және Орта Азияға қатысты саясаты жақында өзгере қоймайды. Осыған дейінгі екіжақты байланыс жалғасады, С5+1 форматы сақталады, экономикалық санкциялар аймақтағы үкіметтерге, саясаткерлерге салынбайды. Бір сөзбен айтқанда, статус-кво сақталады. Орта Азия мен Қазақстан Вашингтонның сыртқы саясатында «екінші қатардағы» бағыттардың бірі болып қала береді. АҚШ «қайтсек те Қазақстанда демократия орнатамыз» деп отырған жоқ. Қазақстанда адам құқықтарының сақталуы өзімізден басқа ешкімге керегі жоқ», – деп жазды саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт.
Трамп алғаш президент болған кезеңде АҚШ-тың халықаралық даму агенттігінде Орта Азияға қатысты бірнеше саяси лауазымға бюджет бөлінбей, жабылып қалған деген ақпарат бар. Дегенмен Трамп президенттік мерзімі аяқталар тұста біздің аймаққа мойын бұрып, Орта Азияға қатысты «Өңірлік ықпалдастықты арттыру, адам құқығын дамыту, реформаны қолдау және инвестициямен қамтамасыз ету» стратегиясын жариялады. Бірақ бұл жоба 2020 жылғы президент сайлауына бірнеше ай ғана қалғанда шыққандықтан, Трамп билігінде оны жүзеге асыратын уақыт болған жоқ.
Ал Байден, керісінше, С5+1 форматын қалпына келтіріп, Орта Азияға назар аудара бастаған. Трамп келген соң осы байланыс сақтала ма, әлде қарым-қатынас қайта салқындай ма, белгісіз. Дегенмен Трамп әкімшілігі 2020 жылы жүзеге асыра алмаған жоспарын қайта қолға алып, Орта Азиямен ортақ байланысты күшейтуі де әбден мүмкін. Өйткені біздің аймақтың тұрақтылығы мен тыныштығы және мол мұнай-газ қоры Трампқа аса қажет.
Сарапшылар Трамп билігі сыртқы саясатта Қытаймен бәсекелестікке баса мән береді деп болжап отыр. Демек Вашингтон Бейжіңге қысымды күшейтуі мүмкін. Кейінгі кезде бұл аймақта Қытайдың ықпалы күшейіп тұр. Егер АҚШ сыртқы сауда және инфрақұрылым салу бойынша Қытаймен бәсекеге түссе, бізге пайдалы болары анық.
Сондай-ақ АҚШ пен Ресей байланысы да біз үшін өте маңызды. Ел арасында Трамп пен Путин дос екен деген әңгіме бар. Бірақ бұл сөзге сену қиын, 2016-2020 жылдары екі елдің ара қатынасы аса жақсы болған жоқ. Соған қарағанда, бұл жолы да олардың «тату дос» болатынына сену қиын. Оның үстіне қазір АҚШ соғыстан әбден қалжыраған Ресейді сыртқы саясаттағы маңызды нысанасы ретінде қарастырмайды.

«Менің ойымша, АҚШ-тың Орта Азия мен Қазақстанға қатысты саясаты өзгермейді. Өйткені Америка кез келген мемлекетке немесе аймаққа ұзақмерзімді стратегиялық саясатын жүргізеді. Ол 30-40 жылға арналады. Осы аралықта қанша президент ауысса да, әу баста белгіленген стратегия өзгермейді. Екіншіден, АҚШ президенттері біздің елдегідей бәрін өз бетінше шеше алмайды. Конгресс бар, тәуелсіз БАҚ бар, оппозициялық партиялар бар – президент қолында теңдессіз билік жоқ. Американың негізгі саяси бағыты алдын ала жасалып қойған. АҚШ пен Қазақстан арасында шикізат өндірісі сияқты экономикалық байланыс жалғаса береді», – дейді саясаттанушы Дос Көшім.
Қазақстан-АҚШ байланысы
2023 жылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 4,1 миллиард доллар болған. Ал биыл жарты жылда Астана Америкаға 888,8 миллион доллардың тауарын жіберді. Соның ішінде 578 миллион долларға 0,9 миллион тонна мұнай тасымалданған. Біздің елдегі ірі мұнай кеніштері АҚШ компанияларының қолында екенін білеміз. Олар қазақ мұнайын бізге тиімсіз шарттармен игеріп отыр деген уәж бар. Бірақ бұл жағдайды жақын арада өзгерте алмайтынымыз анық.
Қазақстан билігі Америкамен жақын қарым-қатынаста болуға ниетті. Қазақстан президенті кейінгі бірнеше жылда АҚШ-қа екі рет ресми сапармен барды. Ал Вашингтон дәл қазір Астанаға суық қабақ таныта қоймайды. Бірақ Трамп тізгінді қолға алған соң бізге тиімсіздеу саясат жүргізуі мүмкін.
Экономикалық тұрғыда: Трамп АҚШ-тағы мұнай өндірісін ұлғайтып, сол арқылы сұйық отын бағасын реттеуге ниетті. Ол Пенсильвания штатында мұнайшылармен кездесу кезінде «президент болып сайлансам, жанармай бағасының өсуін тоқтатамын» деген. Егер мұнай өндірісі артып, баға түссе, экономикасы шикізатқа тәуелді Қазақстанға оңай соқпасы анық.
Геосаяси тұрғыда: Трамп тағы бірде «президент болып сайлансам, Украина мен Ресей арасындағы соғысты бір күнде тоқтатамын» деп мәлімдеген. Әрине, соғыс тоқтағаны жақсы. Бірақ бұл жерде су жаңа Ақ үй қожайыны мәселені Украинаны жығып беру арқылы шешіп жүрмей ме деген қорқыныш бар. Яғни Киевті келіссөз үстеліне отыруға мәжбүрлеп, Мәскеу басып алған буфер аймағын құруды ұсынуы мүмкін. Мұндай сценарий онсыз да соғыссыз отыра алмайтын Кремльдің саяси, әскери амбициясын асқындыратыны анық. Одан арғысы «аю мен айдаһардың арасында ұтымды саясат ұстанып келе жатқан» Қазақстан үшін қалай боларын ешкім айта алмайды.

«Трамп АҚШ-тың ұлттық мүддесіне басымдық береді. Бұл халықаралық міндеттемелердің төмендеуіне алып келуі мүмкін. Өйткені Трамптың әу бастан ұстанған ұстанымы – «Ең алдымен Америка» (America First). Трамптың бірінші президенттік кезеңінде сыртқы саясатта белсенділік танытпағанын көрдік. Мысалы, USAID бағдарламалары қысқарып, аймақтардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмсалатын қаржы азайды. Оның екінші президенттік кезеңінде де халықаралық бағдарламаларды қаржыландыру қысқарып, жаһандық мәселелерге қатысуды әлі де азайта түседі деп ойлаймын.
Демек Қазақстанға, Орта Азияға қарата әлеуметтік-экономикалық, гуманитарлық мәселелерге байланысты қаржыландыру шектеліп, өңірлік қауіпсіздікке ғана баса назар аударылуы мүмкін. Былтыр президенттер деңгейінде С5+1 форматында кездесу өтті. АҚШ үшін Орта Азия Қытай белсенділігін тежеудің бір тетігі. Өйткені Бейжіңнің күшеюі Вашингтон үшін тиімсіз, Трамп мұны жақсы түсініп отыр.
Қытай мен Ресейді тежеу бойынша Трамптың өз жоспары бар. Олардың экономикалық-саяси ықпалын тежеу үшін Қазақстан мен өзге Орта Азия елдеріне белгілі талаптар қоюы мүмкін. Мысалы, Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы АҚШ мүддесіне қарсы, сондықтан Трамп әкімшілігі қытайлық және ресейлік компаниялар ықпалының күшеюін тежейтін санкция немесе сауда шектеуін енгізуі мүмкін. Бұл Қазақстанға да жанама әсерін тигізеді.
Сондай-ақ Трамп сыртқы саясатта халықаралық ұйымдардың ықпалын әлсірету, жаһандық міндеттемелерден бас тарту сияқты оқшауланған саясат жүргізді. Мұндай саясат Қытай, Ресей сияқты елдердің әлемдік аренадағы позициясының күшеюіне әсер етті. Егер Трамптың алдағы төрт жылдағы ұстанымы осылай жалғасатын болса, АҚШ геосаяси тұрғыда оқшаулана түсуі мүмкін», – дейді саясаттанушы Қазбек Майгелдинов.
«Күшті болып оралған» Трамп соғысты тоқтата ала ма?
Трамптың жақтастары президент Ақ үйге 2016 жылғыдан да күшті болып оралғанын айтып жүр. Олар Трамп осы жолғы сайлауда көп дауыс жинағаны, жеңіске салыстырмалы түрде оңай жеткенін айтады. Бірақ жеңісі оңай болғанымен, алдағы жұмысы оңай болмайын деп тұр. Ол билікке әлемде геосаяси жағдай ушығып, жаһандық тәртіп әлсіреген тұста қайта оралып отыр.
Ол өзі айтқандай, қақтығыстарды жөнге салып, Таяу Шығыстағы және Украина мен Ресей соғысын тоқтатуға әсер ете ала ма? Мәскеу мен Киевті бір тәулікте татуластырамын дегені, әшейін, өз мәнеріндегі сөз. Қазіргі қақтығыстарды тоқтатып, алда тұтануы мүмкін соғыс өртін сөндіру үшін халықаралық ұйымдардың жұмысын жақсарту керек.
Қазір әлемдік тәртіпке, түрлі келісімшарттарға пысқырып та қарамайтын мемлекеттер көбейді. Диктатор басшылар өзге елдің тәуелсіздігін құрметтемейді, өз азаматтарының кісілік құқығын қорғамайды. Оларға қой дейтін – қожа, әй дейтін – әже жоқ. БҰҰ сияқты халықаралық ұйымдар аты бар, заты жоқ өлі мекемеге айналып барады. Ал жер бетіндегі тоталитарлық және автократиялық режимге қарсы тұра алатын ең ықпалды елдің тізгінін ұстап отырған Трамп басын құмға тыққан түйеқұсқа ұқсап жатып алса... Онсыз да Үшінші дүниежүзілік соғыс алдында тұрған әлем АҚШ-қа бәрібір тыныштық бермейді. Екінші дүниежүзілік соғыста АҚШ-тың соғысқа араласуы шешуші фактор болғанын тарихшылар талай айтты. Ресей-Украина мен Таяу Шығыстағы соғыс өртінен тыс Ресей жағынан соғысқа килігіп жатқан Солтүстік Кореяны, әрі-сәрі тұрған Қытай мен Тайвань арасын есепке алсаңыз, бұл соғысты Трамп айтқандай, бір күнде тоқтату мүмкін емес.
Қазақстан сияқты орта деңгейлі елдер ірі державалардың дегеніне көнуге мәжбүр. Бізге солтүстікте – Ресей, Шығыста – Қытайдан қысым қатты. АҚШ сияқты алыстағы алыптардың қайда қарап қисаятыны бізге сол үшін де маңызды.
Қуаныш Қаппас