Трампты өлтірмек болған ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды
АҚШ президенті Дональд Трампқа қастандық жасамақ болды деп айыпталған Райан Раут 4 ақпанда өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Сот үкімін АҚШ-тың Флорида штатындағы Форт-Пирс қаласында орналасқан округтік соттың судьясы Эйлин Кэннон шығарды.
59 жастағы Раут былтыр қыркүйек айында алқабилер сотының шешімімен бес қылмыстық бап бойынша, оның ішінде кісі өлтіруге оқталу бабы бойынша кінәлі деп танылған.
Айыптаушы тараптың айтуынша, оқиға болған күні Раут шамамен 10 сағат бойы қалың бұталардың арасында тығылып отырған. Оқиға орнынан тергеушілер мылтық, оқ өтпейтін кеудешеге ұқсас металл тақташалар және гольф алаңына бағытталған бейнекамера тапқан.
Раут өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Соған қарамастан ол адвокаттарынан бас тартып, заң білімі болмаса да, сотта өзін-өзі қорғауға шешім қабылдаған.
Алқабилер үкімді оқығаннан кейін Раут бірнеше рет өзін қаламмен ұрмақ болды. Осы сәтте федералды маршалдар оны ұстап қалды. Ал сот залында оның қызы әкесінің ешкімге зиян келтірмегенін айтып айғайлап, оны түрмеден босатуға тырысатынын жеткізді.