Трамптың арнайы өкілі Уиткофф Кремльде Путинмен кездесті

АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі Стивен Уиткофф бүгін Кремльде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесу өткізді. Бұл олардың биылғы ақпаннан бері төртінші рет жүздесуі.
Уиткофф Мәскеуге жұма күні таңертең ұшып келді. Кездесу қарсаңында ол Ресей тікелей инвестициялар қорының (РФПИ) басшысы Кирилл Дмитриевпен бірге Арбат көшесінде серуендеп жүргені байқалды. Протоколдық түсірілім кадрларына қарағанда, Дмитриев пен Путиннің сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі Юрий Ушаков та кездесу кезінде залда болған.
Келіссөздер бірнеше сағатқа созылды. Мәскеу уақыты бойынша сағат 17:00 шамасында ақпарат агенттіктері Уиткоффтың Кремльден шыққанын хабарлады. Кездесуден кейін Путин мен Уиткофф тарапынан қандай да бір ресми мәлімдеме жасалған жоқ.
Бейбіт келісімге ұмтылыс
АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы соғысты тоқтатуды өзінің әкімшілігінің басты мақсаты деп атап, бұл бағытта Мәскеумен де, Киевпен де келіссөздер жүргізіп жатқанын бірнеше рет мәлімдеген. Time журналына берген сұхбатында Трамп соғысты 24 сағат ішінде тоқтата алатынын айтқан болатын.
Ал Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров CBS арнасына берген сұхбатында бейбіт келісімге дайын екендерін айтты, бірақ келіссөздердің кейбір маңызды тұстары «нақтылауды қажет етеді» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Ресейдің ресми позициясы — Украина Қырым мен тағы төрт облыстан бас тартуы, НАТО-ға мүше болмауы және бірқатар басқа да талаптарды қабылдауы қажет.
Батыс басылымдарының жазуынша, Мәскеу өз ұстанымдарын жұмсартуы мүмкін және қазіргі майдан шебінде атысты тоқтату нұсқасын қарастыруда.
Зеленский мен Трамптың пікір қайшылығы
24 сәуір күні Украина президенті Владимир Зеленский Лондонда өткен келіссөздерден кейін жаңа бейбіт жоспар дайындалып, ол Дональд Трампқа тапсырылғанын мәлімдеді. Зеленский бұл жоспар Украина Конституциясына қайшы келмеуі тиіс екенін қадап айтты. Яғни, ол Қырым немесе басқа территориялардан бас тартуға жол жоқ екенін ескертті.
Алайда Трамп Зеленскийдің Қырым мәселесі бойынша қатаң мәлімдемелерін сынға алды. Оның айтуынша, мұндай сөздер бейбіт келіссөздерге кедергі келтіреді. CNN мәліметіне сүйенсек, Еуроодақ шенеуніктері Украинаға территориялық жеңілдіктер жасауға қысым көрсетілуі мүмкін деп алаңдаулы.