Трамптың резиденциясы маңында атып өлтірілген адам – 21 жастағы суретші
22 ақпанға қараған түні АҚШ президенті Дональд Трамптың Флорида штатындағы Мар-а-Лаго резиденциясының аумағына кіруге әрекет жасаған қарулы ер адамды Құпия қызмет қызметкерлері атып өлтірді.
Кейін оның 21 жастағы суретші Остин Такер Мартин екені анықталды. Ол Солтүстік Каролина штатының Кэмерон қаласының тұрғыны болған.
Америкалық БАҚ оның жеке басын Солтүстік Каролинадағы Мур округі шерифінің мәлімдемесіне және оның туыстарының жарияланымдарына сүйене отырып анықтады.
Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, жексенбіге қараған түні Мартиннің туысы шерифке оның сенбі кешінен бері хабарсыз кеткенін айтып арызданған. Осыдан кейін ол ұлттық іздеуде жүргендер базасына енгізілген. Біраз уақыттан соң федералдық билік өкілдері шериф кеңсесіне «Флоридада Мартинге қатысты белсенді тергеу жүргізіліп жатқанын» хабарлаған.
Мур округі шерифінің кеңсесі Мартинге қатысты бұған дейін ешқандай іс болмағанын мәлімдеді. Ату оқиғасына және оған қатысты тергеу амалдарына байланысты барлық сұрақтар ФБР-дің Майамидегі бөлімшесіне және АҚШ Құпия қызметіне жолдануы тиіс екені айтылды.
Туыстары: Ол гольф алаңдарын суреттегенді жақсы көретін, қаруға қызықпаған
ABC News арнасына Мартиннің немере ағасы Брейден Филдс оның «өте тұйық» болғанын және қарумен жұмыс істеуде тәжірибесі аз екенін айтқан. Оның сөзінше, Мартин гольф-клубтарда сурет салғанды ұнатқан және солардың бірінде жұмыс істеген. Ол әлеуметтік желілерде гольф алаңдарының фотосуреттері мен суреттерін жиі жариялап отырған. 2025 жылы осы бағытта тапсырыспен жұмыс істейтін компания да құрған.
Сондай-ақ Филдс Мартиннің отбасы «Трамптың үлкен қолдаушылары» екенін айтты. Бірақ оның өзі саясатқа қызықпаған, «саясатқа араласқысы келмеген». The New York Times дерегінше, штат сайлаушылар тізімінде Мартин тәуелсіз сайлаушы ретінде тіркелген, яғни ешбір партияға мүше болмаған.
Билік: Ол бензин құтысын тастап, аңшы мылтығын атуға ыңғайлады
Қарулы ер адам жергілікті уақыт бойынша шамамен түнгі 1:30 шамасында Мар-а-Лаго аумағына кіруге әрекет жасаған. Ол басқа көлік шығып бара жатқан сәтте ашық қақпа арқылы ішке кіргені хабарланды.
Мартин күміс түсті Volkswagen көлігімен кеткен. Флоридадағы Палм-Бич округінің шерифі оқиға орнынан алыс емес жерден дәл осындай көлік табылғанын мәлімдеді.
Шерифтің айтуынша, резиденция аумағына кірген адамға «қолындағы екі затты тастау» бұйырылған.
«Ол бензин құтысын түсіріп, аңшы мылтығын атуға ыңғайлады», - деді шериф.
Осыдан кейін екі Құпия қызмет агенті және шериф орынбасары қару қолданған.
Шериф кеңсесі сондай-ақ Мартин алып келгені айтылған аңшы мылтығы мен бензин құтысының фотосуретін жариялады.