Трамптың Украина жөніндегі жоспары 9 тармаққа қысқартылды – БАҚ
Financial Times басылымының дереккөздері хабарлағандай, АҚШ-тың Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату жөніндегі жобасы Женевадағы келіссөздер кезінде айтарлықтай қайта қаралып, 28 тармақтан 19 тармаққа қысқартылған.
Бұл өзгерістер Киев пен Еуропа одағы елдері құжаттағы бірнеше талаптың қабылдауға келмейтінін көрсеткеннен кейін енгізілген.
Қандай тармақтар алынып тасталғаны әзірге белгісіз
Қай тармақтар құжаттан шығарылғаны нақты айтылмады, бірақ Украина: әскер санын шектеу, жерін беру, соның ішінде Донбастан бас тарту сияқты мәселелермен келіспейтінін мәлімдеген болатын.
Еуропалық одақ Киевті қолдап, сонымен бірге:
-
мұздатылған ресейлік активтер туралы шешім қабылдау құқығы
-
ЕО енгізген санкцияларды алу мәселесі
толықтай Брюссельдің құзырында екенін атап өтті.
Киев: «Біздің ешбір талабымыз еленбей қалған жоқ»
Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Александр Бевз Financial Times-қа:
«Бәрінің көрген 28 тармақты жоспары қазір жоқ. Кейбір тармақтар мүлде алынып тасталды, кейбірі өзгертілді», - деді.
АҚШ пен Украина жоспарын жаңартты
Бұған дейін Ақ үй 23 қарашада Женевада өткен келіссөздер кезінде АҚШ пен Украина «жаңартылған және нақтыланған» жоспар дайындағанын хабарлаған.
Тараптар болашақ келісім –Украинаның егемендігін қолдауы, тұрақты бейбітшілік орнатуы керек екеніне келіскен.
«Прогресс бар» – Марко Рубио
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио:
«Дағдарысты шешу жолында елеулі ілгерілеу бар», - деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, құжат әлі толық пысықталуы тиіс, бірақ келісімге келуге мүмкіндік бар.
Жоспардың соңғы мәтінін президенттер Дональд Трамп пен Владимир Зеленский бекітуі тиіс, содан кейін ол Мәскеуге жіберіледі.
Еуропа жаңа қарсы ұсыныс әзірлеп жатыр
Еуропалық дипломаттардың айтуынша:
-
келесі аптада Франция, Германия және Ұлыбритания қатысатын жаңа кездесу өтеді;
-
келіссөздерге Польша, Финляндия басшылары және НАТО бас хатшысы Марк Рютте қосылуы ықтимал.
Еуропалық шенеуніктердің бірі, егер келісімге қол жеткізілмесе, Трамп Украинаны қолдауды толық тоқтатуы мүмкін деген қауіп бар екенін растады.
Кремль: АҚШ ешқандай ресми ақпарат берген жоқ
Ресей президенті әкімшілігінің өкілі Дмитрий Песков 24 қарашада Мәскеуге Женевадағы келіссөздер туралы ресми ақпарат түспегенін, АҚШ пен Ресей өкілдерінің бұл аптада кездесуі жоспарланбағанын мәлімдеді.