Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:00

Трамптың жедел жоспары Украинаны Ресейге жығып бере ме?

Робио мен Трамп
Фото: Anna Moneymaker / Getty Images

АҚШ президенті Дональд Трамп кейінгі кезде «бір өзім 8 соғысты тоқтаттым» дегенді жиі айтып жүр. Тіпті БҰҰ-ның бар міндетін бір өзім атқарып отырмын деуден тайынған емес. Бірақ Ақ үй басшысы «соғыс тоқтату» ойынымен қатты әуестеніп кеткені сонша, Украинаны Ресейге жығып беруге тәуекел еткен сияқты.

20 қараша күні әлемдік БАҚ-та Трамп әкімшілігі Ресеймен бірігіп, Украинадағы соғысты аяқтау жоспарын жасады деген ақпарат тарады. Financial Times, Axios қатарлы басылымдар 28 тармақтан тұратын бітімгершілік жоспарын жариялап та жіберді. Онда Украинаға тиімсіз, Ресей мүддесіне сай келетін тармақтар кездеседі. Тіпті кей жұрт «АҚШ-тың бейбітшілік келісімі Ресейдің тілектер тізіміне ұқсайды» деп жазып жатыр. Вашингтон, Киев және Мәскеу бұл құжаттың Трамп әкімшілігі ұсынған жоспар екенін растаған жоқ. Бірақ ірі басылымдар сенімді дереккөздеріне сілтеме жасап, БАҚ-та тараған құжат шынымен Ақ үй ұсынған бейбітшілік жоспары екенін хабарлады.

Дональд Трамп Ақ үйге қайта оралған соң Ресей мен Украина арасындағы соғысты бір тәулікте тоқтатамын деп уәде берген. Бірақ АҚШ президентінің уәдесі бос сөз болып шықты. Оның үстіне Трамптың түсініксіз, екіұшты ұстанымы да әлем жұртын әбден шатастырып жіберді. Ол бірде Ресей басшысы Владимир Путинді ашық сынап, Украинаға көмек беретінін мәлімдесе, енді бірде Украина президенті Владимир Зеленскийдің өзіне тап беріп, «соғысқа сен кінәлісің» деп айыптайды.

Соғысты бір тәулікте тоқтата алмаған Трамп биыл шілдеде Путинге тағы бір ультиматум қойған. Ол Ресей 50 күн ішінде Украинамен бейбіт келісімге келмесе, Мәскеуге қатаң баж салығын енгіземін деп айбар шеккен. Бірақ Путин Вашингтонның бұл талабына да мойын бұрған жоқ. Керісінше, украин даласына бағытталған соғыс өртін үдетіп жіберді.

Сондай-ақ екі ел арасындағы бейбіт келіссөздерден де нәтиже шығар емес. Биыл мамыр айынан бері Мәскеу мен Киев бірнеше мәрте бетпе-бет келіссөз өткізсе де, ортақ мәмілеге келе алмады. Әсіресе Ресей тарапы бейбіт келіссөзге жүрдім-бардым қарап, бетпе-бет кездесулерге ірі саяси тұлғаларын қатыстырмай жүрді. Мысалы, 16 мамырда, 2 маусымда және 23 шілдеде өткен 3 кездесуге де Ресей делегациясын Путиннің көмекшісі Владимир Мединский бастап барды. Мамандар Мединскийдің мандаты соғысты тоқтату, бітімге келу сияқты маңызды мәселелерді талқылауға жетпейді деп санайды.

Трамптың бейбітшілік келісімінде не айтылған?

Осы оқиғалардан кейін әлем жұрты Мәскеу мен Киев арасындағы бейбіт келіссөзден күдер үзе бастаған. Бірақ өткен аптада Дональд Трамп бейбітшілік жоспарын жариялап, соғысты тоқтатуға шындап бел буғанын аңғартты. БАҚ-та жарияланған бейбіт келісім талаптарына қарасақ, Ақ үй басшысы Мәскеуге сөзін өткізе алмаған соң Киевті қырына алғандай көрінеді. Өйткені 28 тармақтан тұратын бейбітшілік жоспары Мәскеудің бұған дейін айтып жүрген талаптарымен үндесіп жатыр.

Біріншіден, 16 мамырда Түркияда өткен Ресей мен Украина делегациясының алғашқы бетпе-бет кездесуінде Мединский Киевтен Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарының қолдан кеткенін мойындауды талап еткен. Сондай-ақ ол Украина бұл талаптан бас тартса, Ресей Сумы және Харьков облыстарына шабуыл жасап, «мәңгілікке» соғысады деп қыр көрсеткен болатын. Трамп ұсынған жоспарда Қырым, Донецк және Луганск облыстары Ресей аумағы ретінде танылады, ал Херсон мен Запорожье облыстары бойынша шекара қазір ұрыс жүріп жатқан жерден сызылады деп жазылған. Яғни, Ресей әскері басып алған аумақ, Ресейдің жері болып танылуы мүмкін.

Екіншіден, жоспарда Украина НАТО-ға кірмейді, НАТО Украинаны қатарына қосуға талпынбайды деп жазылған. Бұл да Кремль көптен бері айтып жүрген әңгіме. Мәскеу билігі бұрын өзіне бағынышты болған Молдова, Грузия, Украина сияқты елдердің Еуроодақпен жақын жүргенін жақтырмайды. Түрлі сылтау тауып, олардың Ресейден іргесін бөлуіне кедергі келтіріп келеді. Трамп әкімшілігі Путиннің басты арманын орындап, Киев Еуропаға жақындамасын деп отыр.

Үшіншіден, бейбітшілік жоспарында Украинаның әскер санын 600 мың сарбаз мөлшерінде шектеу жөнінде талап бар. Сондай-ақ Киев елдегі діни және тілдік азшылық өкілдерінің құқығын қорғауға міндетті болады. Бұл жерден де Мәскеудің мүддесі анық көрініп тұр. Украина қарулы күштерінің санын шектеу – Ресейдің басты талаптарының бірі. 2022 жылы тіпті Украина армиясын 85 мың адаммен шектеуді талап еткен. Ал биыл 28 мамырда Ресей президенті Киевтен елдегі орыстілді халықтың құқын қорғауды талап еткен. Осы екі әңгімені енді Трамп қайталап отыр.

Сондай-ақ Ақ үй ұсынған жоспарда соғыс тоқтаған соң Ресейге салынған санкциялар біртіндеп күшінен қалып, Мәскеу G8 қатарына қайта оралатыны, әлемдік экономикаға қайта қосылатыны жазылған. Сондай-ақ Вашингтон мен Мәскеу арасында экономикалық байланыс жанданатыны сөз болған. Ал Украинаға қатысты АҚШ пен Еуроодақ Киевтің қауіпсіздігіне кепіл болатыны айтылған. Сондай-ақ 100 күннен кейін Украинада президент сайлауы өтуі тиіс. Бұл да Зеленскийді үнемі «заңсыз президент» деп атайтын Мәскеу үшін маңызды мәселе болып отыр.

Бейбітшілік жоспарына әлемнің реакциясы

Ақ үй басшысы 21 қараша күні журналистерге берген сұхбатында Киев бұл ұсынысты 27 қарашаға дейін мақұлдауы тиіс деп, қысым көрсете сөйледі. Тіпті Зеленский бұл талаптан бас тартса, Вашингтон Украинаға қару-жарақ беруді азайтады деген ақпарат бар. Трамптың мұнысы ерлік пе, есерлік пе, нақты айту қиын. Бірақ жұрт арасында Ресейдің әу бастағы талабы толық орындалатын болса, украин халқы 4 жылға жуық не үшін қан кешіп, соғыс жүргізді деген сұрақ туындайды. Украина «жерімізді жатқа бермейміз, ішкі ісімізге өзге елді араластырмаймыз» деген үмітпен соғысты. Демек мұндай теңсіз талапты олардың қабылдамасы анық еді.

Мұны Владимир Зеленскийдің 10 минуттық видеомәлімдемесінен анық аңғардық. Украина президенті елге қысым қатты күшейіп жатқанын айтып, осы апта өте күрделі болатынын хабарлады. «Қазір ел тарихындағы ең ауыр сәттердің бірін өткеріп жатырмыз. Украина өте қиын таңдауға тап болуы мүмкін: абыройдан айырылу не маңызды серіктестен айырылу қаупі. Не ауыр 28 пунктті қабылдаймыз, не өте қиын қыс және одан әрі қарай да қиындықтармен бетпе-бет келеміз. Бізді еркіндіксіз, абыройсыз және әділетсіз өмір күтіп тұруы мүмкін, оның үстіне бізге шабуыл жасағандардың уәдесіне сенуімізге тура келеді», – деді ол.

Зеленский соғыс басталған сәттен бастап украин халқының мүддесін жықпауға күш салып келе жатқанын айтты. Оның сөзінен бейбітшілік келісіміне қол қоймайтыны анық байқалып тұрды. Бірақ Украинаның соғыс даласындағы жағдайы мәз емес. Киев әскері қиындыққа тап болды. Ресей әскері көп шығынға ұшырап жатса да, Донбасстағы Покровск пен Мирноград қаласын басып алу үшін өлермендікпен шабуылдап жатыр. Ресей Украинаның қалалары мен энергетика инфрақұрылымдарын атқылап, елге үлкен қиындық туғызды.

24 қарашаға қараған түні Ресей армиясы 162 дронмен Украина жеріне шабуыл жасады. Соққыдан Харьков, Чернигов және Днепропетровск облысындағы азаматтық инфрақұрылым нысандары мен жеке үй шаруашылықтары ауыр зардап шекті.

Ал Ресей тарапы бейбітшілік жоспарын қолдайтын ыңғай танытты. Кремльдің ресми өкілі Дмитриев Axios агенттігіне берген сұхбатында «Ресейдің позициясы алғаш рет ескерілді» деп мәлімдеді. Ал президент Путин Ұлттық қауіпсіздік кеңесі мүшелерімен кездесуде Мәскеу 28 тармақтан тұратын жоспарды негізге алуға дайын екенін айтты. Сондай-ақ ол биыл жазда Аляскаға барған сапарында АҚШ президентімен кездесуде осы құжатты көргенін де ескертті.

Бірақ Ресей соғысты дәл қазір тоқтатуға дайын деп айта алмаймыз. Себебі соғыс аяқталса ішкі проблемалар су бетіне шығып, қоғамда сұрақтар көбейеді. Соғысты әскери жеңіспен аяқтай алмаса, Путин билігінің өз халқы алдындағы рейтингі төмендеуі мүмкін. Оның үстіне төрт жыл бойы соғысқа үйреніп қалған қоғамды қайта құру да оңай шаруа емес. Майдан даласынан қайтқан мыңдаған қан көрген сарбаздарды бейбіт ортаға бейімдеу, қылмыспен күрес мәселелері де Кремльдің бас ауыруына айналғалы тұр.

Трамптың жаңа ұсынысы Еуропа елдеріне де аса ұнай қойған жоқ. Еуропа жетекшілері Трамп ұсынған бейбітшілік жоспарындағы кемінде төрт пунктті өзгерткісі келеді. Олар Қырым мен Донбасты Ресей жері деп тану, украин әскерінің санын қысқарту, бұғатталған ресейлік активтерге қатысты жайт пен қауіпсіздікке кепілдік беру туралы шарттармен келіспейді. Осыдан кейін Трамп Украина бойынша ұсынған бейбіт жоспардың соңғы нұсқа емес екенін мәлімдеп, алдағы уақытта оған өзгеріс енуі мүмкін екенін айтты.

Осыдан кейін 23 қараша күні Женевада Украина, АҚШ және Еуропа елдерінің өкілдері арасында келіссөз басталды. Ал 24 қарашада кездесуге қатысқан тараптар бейбітшілік жоспарын талқылау бойынша айтарлықтай прогресс болғанын мәлімдеді. Украина делегациясы Трампқа соғысты тоқтатудағы «қажымас күш-жігері» үшін алғыс айта отырып, бейбітшілік жөніндегі құжаттың жетілдірілген нұсқасы дайындалғанын хабарлады.

Ал АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Вашингтон Киевпен кеңесуден кейін бейбітшілік жоспарына түзетулер енгізіп жатқанын жеткізді. «Айырмашылықтарды барынша азайтып, Украинаның да, АҚШ-тың да көңілінен шығатындай нәтижеге жақындай түсу үшін құжатқа кейбір өзгерісті енгізіп жатырмыз», – деді Вашингтон өкілі.

Ал Франция сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро әлеуметтік желіде «Женевада АҚШ-пен келіссөз конструктивті және нәтижелі болды. Украинаның егемендігін құрметтейтін және Еуропаның мүддесі мен қауіпсіздігіне кепілдік беретін жұмыстар жалғасады» деп жазды. Бірақ Еуропа елдерінің көбі жоспарға үзілді-кесілді қарсы шығып отырған жоқ. Тек НАТО-ның мүддесін шектейтін шарттарды қайта қарағысы келеді.

Женевадағы кездесуден кейін соғысты тоқтату жоспарына нақты қандай өзгеріс енгені белгісіз. Бірақ өзгеріс бар екені анық. Егер Украина тарапы құжаттағы әскер санын шектеу, территориясын Ресейге беру сияқты аса тиімсіз шарттарды қайта қарауға қол жеткізе алса, үлкен жеңіс болғалы тұр. Сарапшылар Трамп соғысты тоқтату үшін үлкен тәуекелге баруға дайын екенін айтады, тіпті Украинаны Ресейге жығып беруге де бар екенін аңғартты. Әлемдік БАҚ Зеленский осы аптада АҚШ-қа барып, Трамппен кездесуі мүмкін екенін жазып жатыр. Ол Ақ үй басшысы алдында бейбітшілік жоспарындағы аумақтық тұтастық сынды маңызды мәселелерді қайта талқылап көрмек.

Ресей мен Украина арасындағы соғыстың басталғанына 3 жыл 8 ай болды. Екі жақ та соғыстан ауыр зардап шегіп отыр. Әсіресе Украинада бейбіт тұрғындар оққа ұшып, тұрғын үйлер қирап, көп адам босқын болып, елден кетті. Ал бейбіт елге басып кірген Ресей армиясы жүз мыңдап майдан даласында қырылып қалды. Сұрапыл соғыстың тоқтайтын түрі жоқ. Екі елдің соғысты тоқтату шарты мүлде кереғар. Мәскеу Киев билігін тұтас ауыстырып, біраз территориясын өзіне қосып алғысы келеді. Украина мұнымен келіспейді. Бұған дейінгі келіссөздердің бәрі нәтижесіз аяқталған. Трамптың жаңа жоспары да екі елді бейбітшілікке шақыра алмайтын сияқты. Сарапшылар Зеленский мұндай әділетсіз келісімге қол қоймайтынын болжап отыр. Трамптың тоғызыншы соғысты тоқтатып, Нобель сыйлығын алсам деген арманы орындала қояр ма екен?..

Ермахан Қалмырзаев, саясаттанушы:

Ресейге 2014 жылы Қырымда, 2015-2022 жылдары Донбасста берілген тым кең дипломатиялық еркіндіктің, Батыстың нақты іс-қимылға бара алмаған шешімсіздігінің ақыры неге апарғанын көріп отырмыз. Украинадағы соғыс дәл осы «пайдаланбаған дипломатиялық мүмкіндік» пен «шынайы ниет болмаған кепілдіктің» салдарынан туындады. Саяси элиталар өз ықпалын сақтауға тырысып, жергілікті халықтың, әсіресе сәбилердің тағдыры мен тыныштығы үшін емес, геосаяси ойынның нәтижесі үшін тартысты.

Ауғанстанды тәлібтердің талауына тастау, Сириядағы бітпейтін қақтығыс, Палестинадағы сәбилердің тағдыры, Украина балаларының амбиция құрбаны болғаны дипломатияның моральдық жауапкершілікті жоғалтқанын айғақтап отыр. Құрғақ декларация, адам құқығы теориясын бетперде ету, коррупциялық билікпен жең ұшынан жалғасу – Батыстың беделін түсіріп қана қоймай, өздері қорғауға тиіс құндылықтардың да қадірін кетірді.

Трамптың қайта өзгерткен жобасының ішіндегі ең маңызды мәселе – келісімнен кейінгі он жылдық кезең. Өйткені Украинада соғыс тоқтаған соң алдағы он жылда не Батыстың табысты модернизациялық жобасына айналады, не әлсіз ортақ шешімдермен жаңа жанжалдың ошағына айналады. Сондықтан қазіргі келіссөздің табысы тек соғысты тоқтатумен өлшенбейді. Ол соғыстан кейінгі кезеңді кім және қалай ұйымдастыратынына байланысты. Осы тұрғыдан қарағанда, Трамп енгізіп жатқан өзгерістердің ішінде қауіпсіздік кепілдіктерінің нақтылануы, бақылау тетіктерінің пайда болуы дұрыс қадам саналады. Бірақ ол жеткіліксіз, келісім соғысты тоқтату құжаты ғана емес, жүйелі реформалардың, шынайы жауапкершіліктің және аймақтық қауіпсіздіктің нақты архитектурасын қамтуы тиіс.

Қуаныш Қаппас