Транс болу дерт пе, әлде тренд пе?

Бүгінгі қоғамда транс болып, жынысы мен амал-әрекеттерін ауыстырып жатқандар көбейді.
Бұрын олар туралы ақпаратты арасында ғана естісек, бүгінде әр әлеуметтік желіні ашқан сайын транстарды көретін болдық. Жалпы транс деген кім? Олар бұл жағдайда қалай келді? Олардың ең алғашқы шығу тарихы қалай? Алдымен осы сауалдарға жауап іздесек.
Медицина тілінде жыныс ауыстыруды «транзишен» деп атайды. Яғни, ағылшын тілінен аударғанда «ауысу, өту» деген мағынаны білдіреді. Жаратылысында әйел бола тұра өзін еркек сезінетіндерді немесе тумысынан еркек бола тұра әйел рөлін алып жүргендерді жыныстық сәйкессіздігіне қарай, «трансгендерлер» дейді, яғни қысқаша айтқанда «транс».
Заң жүзінде рұқсат берілгеннен бастап 2009 жылдан бері елімізде 25-тен аса адам жынысын ауыстырып үлгерген. Бұл сан жылдан-жылға көбеймесе, азаймай отыр. Олар тіпті, осыған байланысты Заң жүзінде аты-жөндерін де ауыстырған.
Әлемде ең алғашқы жыныс ауыстыру операциясы 1931 жылы Эйнар Вегенер есімді даниялық суретшіге жасалған. Ол бұл әрекетін өзін әйел кейпінде өте ыңғайлы сезінетінімен байланыстырған. Нағыз әйел болып, бала туғысы келген ол бірнеше рет жатыр жасатуға да әрекет еткен. Алайда бойына күшпен қондырылған жатырды жатырқаған ағзасы бір күнде сыр беріп, Эйнар қайтыс болған.
Ал ХХ ғасырдың басында мұндай жынысын ауыстырығы келетіндерге дәрігерлер «шизофрения» деген диагноз қойып, ауруханада қамап ұстаған. Мұндай қатынасты көрген олар жыныс ауыстыру операциясын жасырын жасайтын клиникаларға жүгіну арқылы, трансқа айналып отырған.
1972 жылы медицинада «циклоспорин» атты препарат ойлап табылған, осы препараттың арқасында жыныс ауыстырушылардың саны артқан. Себебі,
бұрын ағзаның жаңа органды қабылдамауынан жапа шеккен трансгендерлер еркінше ота жасата беруге мүмкіндік алған. Тарихта ең алғаш рет заңды түрде жыныс ауыстыруға рұқсат берген ел — Швеция.
Тарихта адамдардың жынысын күштеп ауыстыру жағдайлары да кездескен. Айталық, небір қорқынышты тәжірибелер жасаумен аты шыққан немістің Йозеф Менгеле атты дәрігері кезінде өзі жұмыс істеген Освенцим лагерінде тұтқындардың жынысын күшпен ауыстырып, тәжірибе жасаған көрінеді. Сондай-ақ, Үндістанда жыл сайын жүздеген қыз бір жасқа дейін жыныс ауыстырудың құрбаны болады екен. Отбасында қыздан гөрі ұл баланың дүниеге келгенін тәуір көретін кейбір үнділер жасқа да толмаған қыздарын жасырын клиникаларға апарып, жынысын еркекке ауыстыруды әдетке айналдырған.
Қазіргі таңда жыныс ауыстыру жағынан Тайланд көш бастап тұр. Мұның себебі, мұндағы отаның құны өзге мемлекеттерге қарағанда бірнеше есе арзан.
Әрине, жыныс ауыстыру біздің елде ғана емес, Еуропа, басқа мемлекеттерде де қоғамға жат әрекет ретінде қаралады. Оған қарсылық білдіруші жұртшылықтың қарасы да көп. Тіпті жыныс ауыстыруға ниеттілердің қатарын азайту үшін транссексуализмді халықаралық аурулар жіктемесінен алып тастауды ұсынғандар да баршылық. Алайда әзірше ол мүмкін болмай тұр.
Жыныс ауыстырғысы келетіндерді екі топқа бөлуге болады. Біріншісі – ананың құрсағында жатқаннан физиологиялық бұзылысқа ұшырағандар, екіншісі – жаратылысынан қос жынысты болып туғандар, яғни, гермафродиттер. Соңғылардың жағдайында жынысын ауыстыруға шариғат заңы да қарсы емес. Гермафродитизмді анықтау қиын емес. Артық ағза хирургиялық жолмен алынып тасталады. Ол үшін сырқат адамға генетикалық сараптама жүргізіп, оның кариотипі анықталады. Егер кариотип 46 ХY, яғни еркек адам болып шықса, онда сырқаттың бойындағы әйелге тән мүшелер отамен алынып тасталады. Ауруды неғұрлым ерте жастан емдесе, соғұрлым ем тиімді болмақ. Сырқатты дер кезінде ауыздықтамаса, ол уақыт өткен сайын асқынып, емделуі қиындай береді. Сондықтан гермафродитизмге шалдыққан жандардың сексуалдық ориентациясын дұрыс бағытқа бұрып, уақытылы емдеткен абзал.
Шетелдегі сияқты біздің елде де жыныс ауыстыруға заңды тұрғыдан рұқсат берілген. Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрі өзінің 2020 жылғы 25 қарашадағы бұйрығымен гендерлік сәйкестілігі бұзылған адамдарды медициналық куәландыру және жынысын ауыстыру ережесін бекітті. Бұйрықта жынысын 21 жасқа толған және қабілетті гендерлік сәйкестілігі бұзылған адамдар ауыстыра алады деп айтылған. Алайда психикалық және мінез-құлық ауытқулары бар қазақстандықтар жынысын өзгерте алмайды. Жынысын ауыстырғысы келетіндер психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымға жазбаша өтінішпен хабарласады. Психиатр дәрігер науқасты, және қолда бар құжаттарын тексереді. Егер тексеруден өткен адамның психикалық жағдайына күмән туындаса, психиатр оны Қазақстан Республикасының тұрғындарына психикалық денсаулық сақтау саласында медициналық-әлеуметтік көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартына сәйкес медициналық ұйымға стационарлық тексеруге жібереді. Жынысты ауыстыруға қарсы көрсетілімдер болып табылатын ЖСЖ болмаған жағдайда, психиатр жынысын ауыстыруды қалайтын адамды медициналық тексеруден өткізу үшін қажетті медициналық тексерулерге сәйкес тұрғылықты жері бойынша емханаға жібереді. Медициналық тексеруден өткеннен кейін психиатр науқасты медициналық ұйымның басшысы бекіткен комиссиямен медициналық тексеруге жібереді. Одан кейін комиссия медициналық тексеруге және гормонды алмастыру терапиясынан кейін тағы текеруге жібереді. Жынысын ауыстырғысы келетін адамдарды медициналық куәландыру комиссиясының құрамына келесі мамандар кіреді: үш психиатр, олардың біреуі сексопатология саласында арнайы білімге ие болу керек; уролог; гинеколог; терапевт; эндокринолог; психолог. Дәрігерлердің айтуынша, операция 5-6 сағатқа созылады. Жыныс ауыстыру бір ғана отамен шектелмейді, әйел не еркек толыққанды жүрек қалауына жету үшін бірнеше ота жасалады. Бұдан кейін жынысын өзгерткендер өмір бойы гормондық дәрілер ішуге мәжбүр. Бұл өз кезегінде адамның өмір сүру жасын да қысқартуы мүмкін. Өйткені гормондық дәрілердің бауырға, басқаға тигізер кері әсерін айтпасақ та түсінікті. Алайда, адам жынысын ауыстыра алғанымен, генін ешқашан өзгерте алмайды.Қанша дәрі ішкенімен трансгендерлердің бойында ескі гормондары сақталады. Ол ара-тұра бой көтерген кезде кейбір трансгендерлер ішіп жүрген гормондық дәрілерін шектен тыс көбейтіп жібереді екен. Бұл олардың психикасына да әсер етіп, түптің түбінде қайсыбіреулері өзіне-өзі қол жұмсауға дейін барады. Яғни, мұның соңы көбене суицидпен аяқталады.
Әлемде талай атақты трансгендерлер бар. Бірақ олардың көбі мұндай қадамға барғанына өкінетінін айтқан. Сондықтан жаратылыс заңынан аттамас бұрын «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» жөн.
Трансгендерлердің қалауын ислам харам іс санайды. Қасиетті Құран Кәрімнің «Мәида» сүресінің 32-аятында: «Кімде-кім бір адамды өлімнен құтқарса, барлық адамды тірілткенмен тең» деп адамдарға өмір сыйлаудың сауабы көп екенін өсиет еткен. Әрине, ағза берген адамның өзіне зиян болмауы керек. Егер қайтыс болған адам басқаны құтқару үшін ағзасын беруді өсиет етіп кетсе немесе жақын туысқандары рұқсатын берсе, онда ол марқұмның мүшелерін алуға болады. Бірақ дене мүшелерін саудаға салу – үлкен күнә. Оны сатуға, арам пиғылға пайдалануға шариғат бойынша қатаң тыйым салынады деп айтылған. Ислам бойынша адамға өзінің жаратылысы ұнамай, ағзасын өзгертсе, ол күнә саналады. Мысалы, жынысты ауыстыру – Жаратушының жаратылысын өзгерткенмен тең. Шариғатта ер кісінің әйелге, әйелдің ер кісіге ұқсауына қатаң тыйым салынған.
Дәрігер ғалымдардың кейбірі трансгендерлердің пайда болуына әйелдер бойындағы гормондық бұзылыстар әсер етеді десе, енді бір бөлігі табиғаттың жаратылысына балайды. Кейбір психологтар отбасындағы тәрбие мен әртүрлі психикалық жарақаттар трансгендерлердің жүре пайда болуына әкеледі дейді. «Трансгендерлер әйел мен еркек жаратылысының ортасында өмір сүреді. Түптің түбінде оларға бәрібір бір таңдау жасау керек. Өйткені екі жаратылыс иесі бір денеде өмір сүруі мүмкін емес» дейді тағы бір деректе. Не десек те бұл – бір отбасының ғана емес, бүкіл бір қоғамның трагедиясы.
Ал кей жағдайда транстардың пайда болуы ол – бала кезден зорлану факторлары. Бұл әсіресе ер балалардың өмірінде жиі кездесетін дүние. Бала кезден зәбір көріп, психикаларына зиян келгеннен олар қорғашан ортаға деген ызаға булығып, жыныстарын ауыстыруға дейін барып жатады. Ал енді тағы бір себеп ол – қоршаған ортаның адамға әсері. Яғни, қыздардың ұлша киініп, ұлдардың қызша киіну үлгісі де мұндай жағдайға өз үлесін қосады.
Соңғы күндері транстардың әлеуметтік желіде көп көрінуі де, оларға жасалып жатқан жарнамаға ұқсайды. Өйткені, олардың өміріне қызығушылық артып, өмірлеріне тәнті болушылар да аз емес. Тренд десе, тамсана берітін ермелердің еріп жатқандары да бар. Мұндай жағдайда тәрбие жұмыстарын, отбасы құндылықтарын дәріптеп, үйрететін арнайы сабақтарды енгізген де дұрыс болар. Жалпы айтқанда, қоғам транс болудың не дерт не тренд екенін айқындап алғаны дұрыс болар. Егер дерт болса, онда онымен уақытында емделген жөн.