Трансферттен қағылған Үкімет енді қайтеді?

Республикалық бюджетті толтыру үкіметтің жыл сайынғы бас ауруы. Онда да әбден дәндеп алған әдісі бар, жетпей жатқан триллиондарды Ұлттық қордан ала салады.
Алдымен уәделі 2 трлн теңгесін алып бастайды да содан кейін жыл бойы анаған-мынаған керек деген дәлелдерін үйіп-төгіп, ақыры молынан қол сұғып тынады. Үкіметті кім басқарса да осы әдетінен тайған жоқ. Өздері кепілді трансфертті айналып өтуді мақсатты трансферт деп атап жүр.
Осыған тоқтау салу керек дегенді президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқалы бері қаржы министрлігінен маза кетті. Президент айтуын айтса да бірден шорт кеспей, біртіндеп азайту жолын ұсынған. Соның өзі министрлердің қабағынан қар жаудырып, тығырықтан амалдап шығу үшін мемлекеттік облигация сатуды жиілетті. Сөйтіп жүргенде энергетика министрлігі мен қаржы министрлігінің бір-бірімен үйлеспейтін екі мәліметі жарияланды.
Мұнай сатушылардан тосын жаңалық
Сарапшы Нұрлан Жұмағұловтың жазуына қарағанда, биылдыққа мұнай саудасынан Ұлттық қорға түсіп жатқан экспорттық табыс азайып барады. Мәселен, биыл әуелгі 5 айда мұнай өндірісі 12%-ға артқан болса, экспорт көлемі, керісінше, 6,6%-ға азайған. Ал оның себебі, мұнай өндірушілердің кедендік декларация тапсыруға ақшасы жетпей жатыр-мыс. Соңында қос министрлік берген мәліметтер арасында үлкен алшақтық пайда болған. Алайда сарапшының өзі одан гөрі «декларация құжаттарын рәсімдеуді сағыздай созып отырған үкіметтің өзі емес пе екен» деген ой тастайды.
Сарапшының бұлай меңзеуіне себеп бар. Өйткені былтыр қарашада сенат «2025–2027 жылдарға арналған Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы» заңды мақұлдағанда трансферттер көлемін нақтылап берген еді. Алайда мақсатты трансферт деген ұғым ешбір заңға енбей, бөлек қалып қойды. Соның салдарынан 2024 жылы Ұлттық қордан аламыз деген бастапқы 3,6 трлн теңге соңына қарай 5,6 трлн-ға өсіп кетті. Биыл да сондай жағдай қайталанары сөзсіз. Тек келер жылы оңды-солды ала беруге мүмкіндік қалмайды. Өйткені Ұлттық банк үкіметпен ақылдасып, қордан қаражат алу ережесін бекітіп қойды. Сондықтан 2026 жылы республикалық бюджетке бар болғаны 2 трлн ғана беріледі. Одан арғы тапшылықты қалай жоятыны енді үкіметтің ғана шаруасы.
Бір айта кетерлігі, өткен айда мәжіліс қабырғасында қаржы министрі Мәди Тәкиев тілшілерге берген жауабында келер жылға тек 2,7 трлн ғана аудару көзделгенін айтқаны бар. Сондықтан қай цифр нақты екеніне қатысты екіұдай күйде қалдырды. Дегенмен бұрынғыдай 3 трлн-нан асырып алатын «молшылық» енді болмайды.
Үкімет құжат рәсімдеуді қолдан созып отырған жоқ па?
Тоқаев Ұлттық қордан қаражат ала беруді азайту керек дегенді сонау 2019 жылғы жолдауында айтқан. Сол сөзіне салсақ, сол тапсырмасы 2022 жылдан бастап жүзеге асуы қажет болған. Бірақ ковид пен Қаңтар оқиғасынан кейін оңала алмай қалған атқарушы билік президент тапсырмасын кейінге шегере тұруға рұқсат алды. Ал ендігі жылға қандай сылтау табары әзірге белгісіз. Әйтсе де, жоқ дегенде нарықтың құбылмалылығына, ондағы бірнеше үйреншікті факторға сілтеп көретін шығар.
Біріншіден, доллар курсы шарықтап барады. Соңғы бір айда 10 теңгеге қымбаттады. Отандық кей сарапшының пайымынша, оған әсер етіп тұрған бірнеше себеп бар. Бірақ солардың ішінде ең негізгісі ретінде сырттан көлік сатып алу қарқыны артқаны айтылды. Соған байланысты АҚШ валютасына деген сұраныс артқан.
Одан бөлек, ірі-ірі деген халықаралық банктер ел нарығын саралап, өз болжамдарын ұсынып қойды. Олардың есебіне қарағанда, 2025 жылдың екінші жартысында девальвациялық тәуекелдер сақталады. Доллар-теңге бағамы қазіргі деңгейден тағы жоғарылауы мүмкін, әсіресе Ұлттық қордан валюта сату көлемі төмен болған жағдайда. Тек келер жылдың басында ғана доллар бағасы тұрақтануы мүмкін.
Екіншіден, мұнай бағасы. Үшжылдық бюджет көлемі парламентте заңмен бекітілгенін әлгінде айтып өттік. Сол жоспарда мұнай бағасы барреліне 2025 жылға 42,3 доллар, 2026 жылға 41 доллар, ал 2027 жылға 39,4 доллар деп барынша төмен баға алуға тырысып бекіткен. Қазіргі фьючерс бағаларына қарасақ, 70 долларға жуықтап саудаланып жатыр. Демек, әлемдік мұнай саудасы қалыпты деңгейде. Тек қара алтынның басым бөлігін КҚК арқылы жөнелтіп отырған Қазақстан үшін Ресейдің кесірінен ойда-жоқта үлкен кедергі пайда болды. Егер осы қалыппен жүретін болса, онда Ұлттық қор қаражатын біраз ұлғайтып алуға мүмкіндік туады.
Бірақ әңгімеге тұздық болып отырған жоғарыда айтып кеткен жаңалықтың астары бәріне жұмбақ болып тұр. Оның себебін тап басып айтып жатқан ешкім жоқ. Құжат рәсімі тәртібіне қарасақ, компаниялар декларациясын үш айдың ішінде тапсырып бітуі тиіс. Бір жағынан, негізгі себебі ретінде экспорттаушылардың қалтасында қолма-қол ақшасы жетпей тұр деген нұсқа айтылады. Өйткені бізден сатып алатын елдер – Италия, Нидерланды, Үндістан, Франция сынды елдер алыс жатыр. Тауардың діттеген жеріне жетуі мен соған сай төлемі біршама уақыт алуы мүмкін. Бірақ бұрын-соңды мұнай өндіретін компаниялардың салық төлеуге келгенде ақшадан тарығып жатқандары айтылмайтын. Ал биыл ел күтпеген осындай ерекше жағдайға тап болып отыр.
Екінші жағынан, осы созбалаң үкіметтің өзі жасап отырған былық десе, оған да көңіл иланатын сияқты. Өйткені жыл сайын болашақтың қорынан қарбытып асап келген бюджет келер жылы негізгі тірегінен айырылып, тырбаңдап қалайын деп тұр. Қысылтаяңда дағдарып қалмаудың қамын жасап, жәрдем қаражатын басқа көзден табуды осы бастан ойластырып жатса, оған таңғалудың қажеті жоқ. Ал сол қитұрқы схеманы қалай ұйымдастыратыны бәріне жұмбақ. Қара алтын экспортынан түскен табыс тікелей Ұлттық қорға барып түсудің орнына оны айналып өтіп, басқа бір жолмен бюджетке құйылып жатса, бұл Бектенов командасының ойлап тапқан шедеврі болғалы тұр. Бұған дейін мұндай әдіс ешбір премьердің қолынан келмеген.
Осылай деп отырғанда, осыдан тура бір апта бұрын Ресей президенті Владимир Путиннің «Ресей Федерациясының теңіз порттарына кемелердің кіру ерекшеліктері туралы» жарлығы шықты. Бұл бұйрық Қара теңіз арқылы өтетін қара алтын тасымалына орасан кедергі келтіреді. Кей ақпарат көздері жазғандай, күрделенген мәселе бірер күнде реттеледі деген үміт бар. Ал мұнай сарапшысы Олжас Байділдиновтің жазуынша, осы КҚК құбырының бойында мұнай сақтайтын орын бар. Оған 1 млн тоннаға дейін сияды, яғни бір аптаға дейін тасымалды тоқтатпауға болады. Осы аралықта жағдай да реттеліп қалуы керек. Болмаған жағдайда мәселені президент барып шешіп келуі қажет. Қазірдің өзінде ақпарат құралдары осындай қауесет таратып жатыр. Егер Путин жарлығының кесірі біз ойлағаннан да ауыр болып шықса, онда үкімет қандай қитұрқы амал ойластырса да қайыр жоқ. Сауда жүрмей қалса бюджетті былай қойып, көз үйренген әдетпен доллар курсы көтеріліп, инфляция қаупі үдейді. Мұндай тығырыққа әлі ешбір премьеріміз түсіп көрген жоқ. Бектеновтің де іскерлігі сонда көрінеді.
Ербол ТҰРЫМБЕТ
Астана