Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:15

Транзиттік кресло: Досаев, қайда барасың?

Досаев
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанның саяси сахнасында «суға салса – батпайтын, отқа салса –жанбайтындардың» бірі Ерболат Досаевтың бірден екі ірі қызметтен – Президент әкімшілігі басшысының орынбасары және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының Директорлар кеңесі құрамынан босатылуы қоғамда түрлі саяси болжамдарға жол ашты.

 Тәуелсіз Қазақстан тарихында талай дауды (2006 жылғы Шымкенттегі ВИЧ жанжалы, 2016 жылғы жер митингілері) басынан өткеріп, әрдайым судан құрғақ шығып келген Досаевтың осы жолы қызметтен оқыс кетуі нені білдіреді?

«Ақордадан аластау» ма?

2026 жылдың 25 наурызында президент Қ.Тоқаевтың жарлығымен Президент әкімшілігінен кеткен Ерболат Досаев арада бір апта өтпей, 2 сәуірде «Самұрық-Қазына» қорындағы «креслосынан» да айырылды. Әрине, заңды тұрғыдан бұл логикалық процесс, себебі қордың Директорлар кеңесіне Президент әкімшілігі басшысының орынбасары лауазымы бойынша автоматты түрде кіреді. Лауазымнан кетсе, қордағы орын да босайды. Алайда Қазақстандағы жоғары билікте алты ай мерзім – не толық сенімнің белгісі болуға, не толық сенімсіздіктің дәлелі болуға үлгермейтін өте қысқа кезең. Досаевтың саяси салмағын ескерсек, мұндай қысқа мерзім кадрдың мүмкіндігін толық сынап көруге жетпейді. Сондықтан бұл оқиғаны қарапайым ротация деп бірден түю де, түпкілікті «Ақордадан аластау» деп кесіп айту да асығыстық болар еді. Бірақ Досаевтың Ақорда ішіндегі аппараттық салмағы бұрынғыдай емес болуы мүмкін. Оның кетуі кемінде орталық аппараттағы ықпал мүмкіндігінің тарылғанын білдіреді.

Бір жағынан, бұл шешімнің астарында элита ішіндегі күрес жатыр ма деген де ой туады. Олай дейтініміз – қоғам арасында Ерболат Досаевтың кетуіне вице-премьер Қанат Бозымбаевтың тікелей немесе жанама ықпал еткені туралы пікірлер белсенді талқылануда. Бір қарағанда, Бозымбаев пен Досаевтың тікелей қызметтік қақтығысы жоқ сияқты көрінуі мүмкін. Алайда саяси салмақ пен ресурстар үшін күрес тұрғысынан қарасақ, жағдай басқаша. Бозымбаев қазіргі үкіметтегі ең ықпалды фигуралардың біріне айналды. Оның өңірлік саясатты, соның ішінде стратегиялық маңызы бар жаңа «Алатау» қаласының жобасын және инвестицияны бақылауға алуы оның позициясын күрт күшейтті.

Досаев та, Бозымбаев та – өз алдына дербес элиталық топтардың басқарушылары, екеуі де қаржылық-өнеркәсіптік топтармен тығыз байланыста. Elmedia Youtube-арнасының хабарына қарағанда Алатау қаласының салынуына келгенде екі қошқардың басы бір қазанға сыймай қалған сыңайлы. Алайда бұған тікелей Бозымбаев себепкер деу процесті тым әсірелеу болар еді.

Досаев
Фото: ашық дереккөз

Кешігіп жарылған бомба

Е.Досаев – саяси карьерасы Ер Төстіктей тез өскен шенді. Мысалы, ол небәрі 28 жасында энергетика, индустрия және сауда вице-министрі қызметін атқарған. 2000 жылы 30 жасында қаржы вице-министрі болған. Бұдан кейін де бірнеше салада министр қызметіне тағайындалды, Ұлттық банкті басқарды. 2004-2006 жылдары денсаулық сақтау министрі болып тұрған кезде Шымкентте 150 бала ВИЧ жұқтырды (кей деректерде 220), оның 9-ы көз жұмды. Сол кезде де Досаев ешқандай жазаға тартылған жоқ, тек қызметінен босатылды. Бұдан кейін араға 6 жыл салып қана қайтадан министр болып тағайындалды. Бұдан кейін 2022 жылға дейін экономика министрі, премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық банктің төрағасы сияқты қызметтерді атқарды. 2022 жылдың басында Алматыға әкім болып келді. Әкім бола жүріп қала тұрғындарының сынына ұшырады. Алматылықтар оның жұмысына көңілі толмайтынын бірнеше рет мәлімдеді. Тіпті Досаевтың отставкасына байланысты петиция да жарияланды. Сондай сәттерде ол «мені мемлекет басшысы тағайындады, жұмысымды президент бағалайды» деп маңғаз жауап берді. «Әне кетеді, міне кетеді» деп жүріп, ол Алматыны 3 жылдан аса басқарды. Тек 2025 жылдың 24 мамырында қызметінен босатылды.

Қазіргі жағдайға қарап, қоғамдық қысым оның түпкілікті кетуіне тікелей әсер етті деп айтуға толық негіз жоқ. Тек бұл әсер бірден емес, стратегиялық тұрғыда жұмыс істеді ме деген болжам ғана жасай аламыз. Жалпы билік қоғамның талабымен шенеунікті бірден қызметтен алуды «әлсіздік» деп санайды. Алматылықтардың сыны оның саяси иммунитетін әлсіретіп кеткен болуы да ғажап емес. Сондықтан Досаевты Алматы жұртшылығы шулап жатқан кезде емес, кейінірек, ПӘ-ге ауыстырған соң ың-шыңсыз босатты дейтіндер де бар.

Ерболат Досаев
Ерболат Досаев. Фото: Informburo.kz

Жаңа кезеңге дайындық

Алайда Досаевтың қызметтен кетуі қарапайым ротация ғана емес, үлкен саяси циклға дайындық ретінде қарастырылуы да мүмкін. Мысалы, отандық БАҚ-тың кейбірі Досаевтың қызметтен кетуін «жаңа саяси циклға дайындық» деп тұжырым жасайды. Себебі Досаевтың тәжірибесі мен беделі ескеріліп, оған келесі деңгейдегі жауапты қызметтерге жол ашылып жатқан болса, таңғалмаймыз. Себебі ол мұндай жоғары лауазымдардан бірнеше рет кетіп, бірнеше рет қайта келген шенді. Тіпті ол Қаңтар оқиғасынан кейін саяси салмағын жоғалтпаған, керісінше, билік ішіндегі орны сақталып қалған санаулы шенеуніктің бірі ретінде аталады. Сол дүрбелең тұста оның Алматыға әкім болып жіберілуі кездейсоқ шешім емес еді. Бұл қадам Ақорданың оны дағдарыс кезеңінде жауапкершілік арқалай алатын басқарушы ретінде көретінін аңғартты.

«Ұлыс медианың» жазуынша, Досаевтың саяси және басқарушылық салмағы оның маңына топтасқан кадрлар арқылы да байқалады. Бүгінде жоғары лауазымдарда жүрген бірқатар шенеунікті шартты түрде «Досаевтың мектебінен» шыққан кадрлар деп атауға болады. Бұл кадрлық шеңбердің қалыптасуы Досаевтың Ұлттық экономика министрлігіндегі кезеңімен сабақтасып жатыр.

Кейінгі күндері кейбір БАҚ Ерболат Досаевтың қайтадан экономикалық блокқа оралуы мүмкін екенін, нақтырақ айтқанда, Ұлттық экономика министрі болуы ықтимал екенін жазып жүр. Бұл болжамның өзі министрліктің қазіргі ахуалына қатысты сұрақтарды күшейтеді.

Кейінгі жылдары ведомство нақты реформалардың орталығы болудан қалып, есеп пен декларацияға бейім құрылымға айналды деген пікір бар. Ресми көрсеткіштер өсім барын көрсеткенімен, инфляция, бизнестің жағдайы және өңірлердегі экономикалық теңсіздік бұл цифрлардың шынайылығына күмән тудырады. Осы тұрғыдан алғанда, Досаевтың оралуы жүйені «қатайтудың» белгісі ретінде де, министрліктің өз бетінше тиімді жұмыс істей алмай отырғанының көрінісі ретінде де қабылдануы мүмкін.

Досаев
Фото: ашық дереккөз

«Транзиттік кресло»

Қалай десек те, президент әкімшілігіндегі кресло транзит секілді әсер қалдырады. Бұған дейін дәл осындай сценарий Дархан Сатыбалдының жағдайында да байқалған еді. Ол Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалғанда, ресми түсіндіруде бұл лауазым орталық пен аймақ арасындағы байланысты күшейту, тапсырмалардың орындалуын бақылау сияқты міндеттермен байланыстырылды. Алайда бейресми деңгейде бұл қызмет жоғары сенімнің белгісі әрі транзиттік буын ретінде бағаланды. Бірақ Д.Сатыбалды бұл қызметте небәрі 4-5 ай ғана отырып, көп ұзамай Алматы қаласына әкім болып тағайындалды. Осы қысқа мерзім ішінде оның нақты қандай нәтижеге қол жеткізгені туралы ашық ақпарат кеңінен жарияланбады. Енді осыған ұқсас жағдай Ерболат Досаевтың төңірегінде де қайталанып отырғандай әсер қалдырады. Ол да Президент әкімшілігінде көп отырмады. Бұл жағдай аталған лауазымның шын мәнінде тұрақты басқару орны емес, белгілі бір кезеңдік «транзиттік алаң» екенін тағы бір рет аңғартқандай. Сондықтан Досаевты шенділер арасындағы «ықпалды ойыншылар» тізімінен сызып тастауға әлі ерте.

Қалай десек те, Ерболат Досаевты сарапшылар отставкаға кетсе де, «келешегі жарқын кадрлардың» қатарына қосады. Өйткені Досаев билікпен қатар бизнесте де табысты жұмыс істеп келеді. Ол тіпті 2014 жылы Қазақстандағы ең бай 20 адамдардың тізіміне кірген. 1998 жылдан бері мемлекеттік қызметте жүрсе де, бірнеше компанияның үлесіне ие. Нақтырақ айтқанда, оның әйелінің атына бірнеше бизнес тіркелген. Мысалы, биыл оның зайыбы Гүлнар Досаева 2,3 млрд теңге табыс тапқаны туралы ақпарат тарады. Бұған дейін Досаев Алматыда әкім болып тұрғанда жеке ұшақпен Астана арасында қатынап, қоғам сынына қалғаны да бар. Тіпті былтыр мамыр айында «Власть» басылымы Ерболат Досаев Дубайдағы Jumeirah Beach Residence аумағынан құны 750 мың доллардан асатын үш бөлмелі пәтер сатып алғанын жазды.

Ерболат Досаевтың қысқа мерзім ішінде екі бірдей жоғары қызметтен кетуі – тек кадрлық ауыс-түйіс емес, билік ішіндегі тереңірек процестердің көрінісі болуы ықтимал. Бұл оқиға, бір жағынан, элита ішіндегі ықпал теңгерімінің өзгеруін аңғартса, екінші жағынан, алдағы саяси кезеңге дайындықтың белгісі ретінде де қарастырылуы мүмкін. Бірақ оның ұзақ жылдар бойы қалыптасқан тәжірибесі, жүйе ішіндегі байланыстары мен кадрлық ықпалы сақталып отыр. Сондықтан бұл жағдайды «саяси аластату» деп біржақты түсіндіруден гөрі, уақытша кідіріс немесе жаңа рөлге дайындық кезеңі ретінде бағалаған орынды сияқты.

Қазақстандағы жоғары билік жүйесінің логикасын ескерсек, мұндай тұлғалар көбіне көлеңкеге кеткендей көрінгенімен, көп ұзамай қайтадан маңызды позициялардан бой көрсетіп жатады. Досаевтың қазіргі жағдайы да дәл осындай сценарийдің бір бөлігі болуы әбден мүмкін.

Тұрсынбек БАШАР