Триллиондар тоғысқан өңір

Қазіргі жаһандану дәуірінде ел экономикасының серпінді дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз етудің басты жолдарының бірі – инвестициялық жобаларды тиімді іске асыру. Бұл үдеріс тек қана қаржылық капитал құюмен шектелмесе керек, ол – кешенді түрде жоспарланып, қоғамның әлеуметтік, экономикалық және технологиялық салаларын қатар өркендетуге бағытталған маңызды бастама.
Инвестициялық жобалар арқылы жаңа өндіріс ошақтары ашылып, инфрақұрылым жаңғыртылып, жұмыс орындары құрылып, заманауи технологиялар енеді. Нәтижесінде, ел экономикасы ішкі сұранысты қанағаттандырып қана қоймай, сыртқы нарыққа да бәсекеге қабілетті өнім ұсына алатын қуатты құрылымға айналады. Инвестициялық жобалардың мәні – тек қаржы салу емес, сонымен қатар экономикалық тиімділікті арттырып, ұлттық байлықты көбейтуге ықпал етуінде. Әсіресе шикізатқа тәуелді экономика жағдайында өндірісті әртараптандыру – стратегиялық маңызы бар міндет. Инвесторлардың қатысуымен жүзеге асатын жобалар елдің экспорттық әлеуетін арттырып, валюта түсімін көбейтеді. Бұл – ұлттық валютаның тұрақтылығы мен сыртқы қарызға тәуелділікті азайту жолындағы нақты қадам.
Осы орайда Алматы облысы соңғы жылдары инвестициялық жобаларды тарту бойынша көш бастап тұрған, қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың бірі де бірегейі. Аймақтың стратегиялық орналасуы, табиғи-ресурстық әлеуеті және әкімшілік басқару құрылымының белсенді жұмысы өңір экономикасының жаңғыруына серпін беріп отыр. Мәселен, Алматы облысында 2025 жылы облыс бойынша жалпы құны 1,3 трлн теңгені құрайтын 35 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл жобалар өнеркәсіп, логистика және агроөнеркәсіп кешені сияқты негізгі экономикалық секторларды қамтиды. Жоспарланған жобалар арасында әлемдік деңгейдегі Pepsico зауытының құрылысы, LC Waikiki көтерме-тарату орталығы, Qazaq Global Food қайта өңдеу зауыты секілді маңызды өндірістік кешендер бар. Сонымен қатар Kusto Logistics, MP Solution, Oasis Logistics және Еуразиялық логистикалық парк сияқты ірі логистикалық инфрақұрылымдар өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін күшейтіп, транзиттік мүмкіндіктерді кеңейтеді. Мұндай ауқымды жобалардың жүзеге асуы облыстың өндірістік құрылымын түбегейлі өзгертіп, қосымша құнды өнім өндіруді арттырады. Сонымен қатар бұл бастамалар өңір халқы үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуына, кәсіптік оқыту жүйесінің жандануына және еңбек нарығының жаңа сапаға көтерілуіне себеп болмақ. Айталық, облыс әкімдігінің мәліметінше, 2024 жылы өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,9 трлн теңгеге жетіп, 23 жаңа өндіріс орны іске қосылған. Соның ішінде ерекше атап өтерлігі – өңірдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі саналатын KT&G темекі фабрикасының іске қосылуы. Бұл зауыт қазіргі таңда ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, экспорттық бағытта да жұмыс жүргізуде. Жаңа өндірістердің ашылуы мен жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту нәтижесінде 800-ден астам жаңа жұмыс орны пайда болғаны өңірлік даму динамикасының айқын көрсеткіші.
Алматы облысының географиялық орналасуы – аймақтың тағы бір үлкен артықшылығы. Қытай мен Қырғызстанмен шекаралас аумақта орналасуы облысты маңызды аймақтық транзиттік және логистикалық торапқа айналдырып отыр. Осы әлеуетті тиімді пайдалану мақсатында облыс аумағында жалпы ауданы 1 786 гектарды құрайтын төрт индустриялық аймақ жұмыс істеп тұр. Бұл аймақтар өндірістік қуаттардың шоғырлануы мен кәсіпкерлер үшін инфрақұрылымдық қолайлы ортаның қалыптасуына ықпал етуде. Бұдан бөлек, тағы екі жаңа индустриялық аймақтың құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар Alatau арнайы экономикалық аймағы аясында инвесторларға салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсынылуда. Мұндай жеңілдіктер бизнес жүргізудің тиімділігін арттырып, инвестиция ағынын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде Алматы облысында жалпы құны 6,2 трлн теңгені құрайтын 215 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұл жобалардың құрылымы әр алуан, оның ішінде 34 жоба Қытай капиталының қатысуымен жүзеге асырылып жатыр. Олардың жалпы құны – 1,9 трлн теңге. Қытайлық жобалар өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешені, жасыл энергетика және су ресурстарын басқару сияқты салаларды қамтиды. Бұл өз кезегінде инвестициялық әртараптандырудың, технологиялық жаңғыртудың және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етудің нақты көрінісі.
Инвестициялық жобалардың табысты жүзеге асуы үшін мемлекет тарапынан тиімді басқару, тұрақты құқықтық орта мен ашықтық қажет. Инвесторлар үшін салықтық жеңілдіктер, әкімшілік рәсімдердің жеңілдеуі, қаржылық және техникалық қолдаулар маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар жобаның экологиялық қауіпсіздігі мен әлеуметтік жауапкершілігі де ұмыт қалмауы тиіс. Қазіргі таңда тұрақты даму қағидаттары – инвестициялық қызметтің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Бұл жерде стартаптар мен ғылыми-зерттеу институттарының серіктестігі маңызды. Инвестициялық жобалар ғылым мен өндіріс арасындағы алшақтықты жойып, технологиялық жаңғыруға жол ашары анық. Облыс әкімдігі халықаралық әріптестікті нығайту бағытында да белсенді жұмыс істеп жатыр. Соңғы екі жылда облыс әкімі Қытайдың 14 өңіріне бес жұмыс сапарын ұйымдастырып, 70-тен астам кәсіпкермен келіссөздер жүргізді. Бұл келіссөздер нәтижесінде 100-ден астам екіжақты кездесу өтіп, 30-дан астам меморандумға қол қойылды. Мұндай байланыстар тек инвестиция тартуға емес, сонымен бірге тәжірибе алмасуға, технология трансфертіне, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын дамытуға жол ашады. Аталған жобалардың жүйелі түрде жүзеге асырылуы – облыстың инфрақұрылымдық әлеуетін нығайтып қана қоймай, оны Қазақстандағы жетекші индустриялық және логистикалық орталықтардың қатарына шығарары анық.
Сәруар Бақберген
Алматы облысы