Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:48, 01 Қараша 2023

Триллиондарды жұтады, тұралап жатады

субсидия
Фото: agroinfo.kz

Мемлекет ауыл шаруашылығы саласына ақшаны аямай құйып жатыр. Соңғы бес жылда тек қана агро саланы дамытуға мемлекеттік бюджеттен 2 трлн теңге бөлінген. Бұдан бөлек биылдың өзінде агроөнеркәсіптік кешендерді жаңғыртуға 1 трлн теңге бөлінді.

 Шаруаларға берілетін субсидиялардың көлемі артты, субсидия берудің тәртібі өзгеріп, құжатбастылық азайды. Алайда ісі өрге басып, шекесі шылқыған шаруаларды көрмедік. Керісінше, «шығынға баттық, мемлекеттен қайран жоқ, мал басын азайтып алдық, мал азығы қымбат, ет және ет өнімдерін өндіруге мүмкіндік жоқ» деген шаруалардың зарын жиі естиміз.

Субсидия сауын сиыр ма?!

Агро саланы зерттеп, кем-кетігін түгендеп жүргендердің көпшілігі бұл салада әсіресе субсидия беруде және оны қадағалауда кемшіліктер көп екенін айтады. Мысалы, өткенде ғана Жамбыл облысы прокуратурасы мен экономикалық қылмысқа қарсы күрес департаменті өкілдері таңқурайдың элиталы сортын егуді желеу еткен шаруа қожалығы мемлекеттің 900 млн теңгесін талан-таражға салғанын әшкере етті. 900 млн теңге тұтас бір облыстың ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне бағытталатын субсидиямен шамалас қаржы. Бұл былықтың бетін ашқан құқық қорғау органдары істі тексере келе мемлекеттен 900 млн теңгесін субсидия ретінде алған шаруа қожалығы, жер жыртып, бір түп таңқурай да екпегенін анықтады.Тергеу нәтижесі көрсеткендей, аталмыш істі сыбайласқан төрт адам екі жылда жүзеге асырған. Қарапайым ғана шаруа қожалығының төрт-ақ адамы миллиардқа жуық субсидия алып, үкіметті оп-оңай осылай алдап соғатын болса, алпауыт агро холдингтердің мемлекетті қалай тонайтынын көзге елестетудің өзі қиын.Ең қызығы, ауыл шаруашылығы министрлігі осыншама қомақты қаржыны бір шаруашылыққа бере тұра олардың жұмысын қадағаламаған. Субсидия аталмыш министрлікті Ербол Қарашөкеев басқарып тұрған тұста берілген.

Әкімді де, депутатты да жарылқады

Жалпы, бұл министрлікті Қарашөкеев басқарған кезге көз салсаңыз, субсидия беруге қатысты қызықты деректерді көптеп кезіктіруге болады. Экс-министрдің тұсында Шығыс Қазақстан облысын тоғыз жыл басқарған Даниал Ахметовтің қызы Аделия Ахметованың да субсидия алғанын көрдік. Ол өзінің ауыл шаруашылық бизнесін дамыту үшін мемлекеттен 51 млн теңгеден астам субсидия алған. Бұл қаражатты алған Ахметова шынымен агро бизнесін дамытты ма, ол арасы тағы белгісіз, бақылаусыз. Ал «әкімнің қызы субсидияны қалай алды» деген сауалымызға экс-министр Қарашөкеев: «Олар өз жерлерін, малдарының бар екендігін көрсетті. Ешкім олардан: «Әкең кім, шешең кім?» немесе «Өзің кімсің?» деп сұрамайды. Жүйе объективті түрде қарап, егер негіз болса, субсидияны төлейді. Мен өз басым, министр ретінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді бөлмеймін: олардың әкесі кім, шешесі кім, жағдайы қандай, бай ма, кедей ме, маған бәрібір», деп жауап берген болатын.

Осылайша, «бәріне бірдей қараймын, ешкімді бөле жармаймын» деген Қарашөкеев жағдайды уысынан шығарып алғанын білмей де қалды. Өйткені оның тұсында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бөлінген субсидия «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетті. Тіпті мемлекеттен қолында жоқ малға субсидия алғандар да болды. Бұған қатысты былтыр тіпті мәслихат депутаттарының да үстінен іс қозғалды. Соның бірі – Ақтөбе облыстық мәслихат депутаты шаруа қожалығы атынан жоқ малға субсидия алуға өтініш берген. «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 600 бас ірі қара мал сатып алуға берген несиені заңсыз алған. Мемлекетке келген шығын көлемі – 457 млн теңге.

Бұдан да басқа аймақтарда агро секторды дамытуға субсидия алып, шаштараз, сән салонын, көлік жуу орындарын ашқан деректер де кездесті. Павлодар, Түркістан және Алматы облыстарында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге қатысы жоқ 279 кәсіпкерлік субъектісіне асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдау саласы бойынша 1 млрд теңгеге жуық субсидия берілген.

субсидия
Фото: Устинка LIVE

Сауатсыз схема...

Субсидия алуға қатысты түрлі қиыншылықтармен бетпе-бет келетіндер де жоқ емес. Біреулер мемлекеттен берілген субсидияны оп-оңай алып жүрсе, енді біреулердің жолы қиын. Алматы облысының фермері Жантас Бозанбай субсидиялар ұрланады дейді.

«Адал жолмен жүрген ауыл кәсіпкеріне субсидия алу қиын. Жүйеге құжаттарымызды жолдасақ, субсидияға бөлінген қаражат таусылып қалғанын айтады. Субсидия бюджеттен қаржы бөлінген кезде ғана таратылады. Алайда бізге оның нақты қай күні үлестірілетіні хабарланбайды. Беріп жатыр дегенді естіп, дереу кіре қойсаң, субсидия жарты сағатқа да жетпей таратылып кетеді. Демек, оның таратылатынын әлдекімдер алдын ала біледі. Бұл арада да «тамыр таныстық, бармақ басты, көз қысты әрекет бар» деседі. Біздегі схема – осы», – дейді ол.

Фермер мысал етіп отырғандай, субсидия берілетін кезде жүйе заңды тұлғаның, жеке кәсіпкерліктің, шаруа қожалығының тіркелуін, меншігінде жер телімінің, техникасының, малының болуын ғана талап етеді. Бақылаудың аздығынан субсидия алып алған шаруалардың өзі қайта-қайта бірнеше мәрте субсидия алған жайттар кездескен.

«Субсидия алушылардан малының табынын немесе егілген егістігінің ауқымын көрсететін видеоесеп сұралмайды. Фото болса жеткілікті. Кейін тексеруші комиссия келгенде субсидияланған сиырлар бір фермадан екіншісіне көшіп жүре береді. Яғни бір табын сиырдың арқасында бірнеше фермер мол субсидия алатын деректерді де кездестірдік. Бұл арада жергілікті әкімдік малдардың барлығы сырғаланған, олай болуы мүмкін емес деуі әбден мүмкін. Ол малдардың «сырғасы жоғалып қалды» деп, жаңасын алатын, сөйтіп, субсидия алған сиырды субсидияланбаған жаңа сиырға «айналдырып» алатын да шаруалар кездеседі. Бұл арада олардың жергілікті әкімдіктермен өзара келісімі де болуы мүмкін», – дейді Ж.Бозанбай.

Атамұрат Шәменов
Фото: Суретте Атамұрат Шәменов

Экономика ғылымының докторы, профессор Атамұрат Шәменовтің пікірінше, субсидия бар жерде ұрлық та бар. Ол коррупцияға жол ашады. «Сондықтан үкіметке болашақта шаруаларға тегін қаражат беруді тоқтату керек. Бәрінің қайтарымы бар екенін шаруаларға ұқтыру қажет. Мүмкіндігінше, ұзақ мерзімге, «каникулмен» берілген қаржының жауапкершілігі бар және ол тиімді болмақ. Сол кезде мемлекеттің қаражаты талан-таражға түспейді» дейді экономист-ғалым.

«Өкімет өлтірмейді» дегенді доғару керек

Мамандардың пікірінше, субсидия беруді фьючерстік келісім сияқты сауатты жасау қажет. Үкімет шаруаға «мен саған субсидия беремін, сен мемлекетке оны осынша уақытта қайтарасың, өзіңе осынша түсім түсіресің, өніміңнің мұнша пайызы отандық нарықта сатылуы керек» деген талап қоя білгені жөн. Олай етпесек, біздегі шаруалар үкіметке ауыз ашып отырады да қояды. Мысалы, нақ қазір шаруалардың мал азығын дайындап, қарбаласып жатқан кезі. Жайылым жердің аздығын, жерінің эрозияға ұшырағанын айтып жүрген шаруалар «енді мал азығын реттеуге мемлекет араласуы керек» деген ұсыныстар айтып жүр.

Экономист-сарапшы Марал Төртенова былай дейді:

«Бұл ретте ауылдық жерлерде жем-шөп дайындайтын жекелеген шаруа қожалықтарына немесе ауыл фермерлеріне барып, «сен малға дайындаған азығыңды арзандатып сат, оның құнын былай белгіле» деп айта алмаймыз. Біздің ұстанып отырған мемлекеттік саясатымыз нарықтық экономика болған­нан кейін нарық заңы осылай болуы тиіс. Мал азығының бағасын мемлекет белгілеп беріп отыратын болса, мал азығы қорын мем­лекет даярлайтын болса, онда біз кеңестік кезеңдегі колхоз-совхоз дәуірін қай­та құруымыз қажет. Ал қазіргі жағдайда бұл мүмкін емес».

Германия, Израиль, Беларусь елдері ауыл ат­мос­ферасына биотехнологияны бейімдеу ар­қылы үлкен жетістікке қол жеткізуде. Бізге де осы биотехнологиялық әдіспен, на­но­тех­нологиялық тәсілмен жем-шөп алу ісін үйренетін кезең келді. Ауылды биотехнологиямен жаб­дық­тау оңай шаруа. Ал оның тілін білетін ма­ман табу үшін биотехнологиялық жа­ңа­шыл­дықты кәсіптік-техникалық оқу бағ­дарламасына енгізген жөн. Арнайы нано, био тыңайтқыштардың көмегімен аз ғана жерден қаншама тонна жем-шөп алуға болады. Міне, бізге осыны меңгеру керек.

Қадырбай Тәжиев
Фото: Суретте Қадырбай Тәжиев

Не істеу керек?

Біз Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтына хабарластық. Аталмыш институттың ғылыми кеңесшісі ғалым Қадырбай Тәжиев көтерген мәселемізге қатысты былай деді:

– Біріншіден, бұл саланы дамыту үшін бірлескен кооперативтер құрылуы керек. Жекеменшік мал басын ұстағандар мен фермерлік қожалықтар бірікпесе, қазіргі жағдайда жалғызілікті адамға мал басын ұстау, оны өсіру қиын. Кооперативтер қосылса олар жем-шөпті бірігіп дайындайды, техника сатып алу да жеңіл болады. Біріккеннен кейін әрқайсысы өзінің дивиденттерін алып отырады. Ал егер әрқайсысы өзінің малын жеке өсіремін десе, малды қолына алып өсіріп, жаңағы біріккен кооперативпен келісіп, оған жем-шөп дайындатып алып отырады. Екіншіден, мал шаруашылығын өсіру тек жем-шөппен ғана байланысты емес. Бұл арада жайылымды дұрыс пайдалану мәселесі де бар. Бізде эрозияға ұшыраған 45 мың гектар жер бар. Үкімет осыны ретке келтіру үшін жұмыс жасау керек. Мұны қалыпқа келтірумен жеке-жеке отырған шаруашылықтар айналыспайды. Олар жайылымды күтіп баптау дегенге бастарын ауыртпайды. Осыдан барып жайылымдар тозып барады. Сондықтан бұл арада Қазақстандағы 189 млн гектар жайылымдық жерді іріктеп, барлығына мониторинг жасалып, ішіндегі мүлдем жарамсыз болып қалған жерлерді қалпына келтіру бойынша ғылыми жобаларға қаражат берілуі қажет. Үшіншіден, Қазақстанда жем-шөптің тұқымын егу шаруашылығын дамыту қажет. Жерді жырту, тыңайту, көпжылдық шөптер егіп, оның тұқымын сақтау жөнінде біз, ғалымдар үкіметке ұсынысымызды айттық. Құлақ асқан үкімет жоқ. Пилоттық жобалар кейбір жерлерде ғана жасалды да, ол аяғына жетпей қалып қойды.

Төртіншіден, отандық жем-шөп егуден бөлек, отандық мал тұқымын өсіруге маңыз беру қажет. Кезінде шетелден әкелінген асыл тұқымды мал басы біздің климаттық жағдайымызды көтермеді, олардың көпшілігі алып келген жылы 30 пайызға дейін құрып кетті. Қазір өзіміздің жергілікті малды өсіру маңызды. Үкімет бұған қатысты «мал басын өсіреміз, көбейтеміз» дейді. Бірақ ең қызығы, ірі қара мал шаруашылығын, қой шаруашылығын зерттеуге қаражат бөлінбейді. Соның нәтижесінде осы салада жүрген ғалымдар жан-жаққа тарап кетті. Біздің институт қазір екі-ақ жоба бойынша жұмыс істеп отыр. Оның бірі – ара шаруашылығы, екіншісі – жылқы шаруашылығы, оның ішінде – генетикасы. Малды сұрыптау, сақтау, өсіру жұмыстары бойынша ғылымда айналысып жатқан жан жоқ. Үкімет малды өсіргісі келсе алдымен ғылымға назар аудару керек.

Бесіншіден, осының барлығын үйлестіру үшін ауылда Агробанктер ашылуы тиіс. Үкімет тарапынан берілген субсидия өзенге аққан су тәрізді. Оның бақылауы жоқ. Мысалы, шетелден алып келетін малдың субсидиясы өте жоғары, ал жергілікті малды сатып алатын болсаң, оған берілетін субсидия өте төмен. Содан барып ақшаны алуға қызыққан азаматтар бірінен-бірі мал сатып алып «шетелден мал алып келдім» деп түрлі заңсыздықтарға барып, субсидияны талан-таражға салып жатыр. Осы мәселелерді реттеп, тепе-теңдік орнатып, қаражатты нақты діттеген жерге жеткізу үшін Агробанктер құрылуы керек. Бұл банктің жұмысы тікелей президенттің бақылауында болуы қажет. Олай болмаса, мал шаруашылығының жалпы агро сектордың қазіргі қарқынмен дами қоюы екіталай.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Тегтер: