Тіршілігі жасырын, саны беймәлім шұбар мысық
Жаз мезгілінде Ойжайлау кордоны (орманшының қызметтік үйі) ауласында үй мысығынан ірі, көзге өзгеше сипатымен көрінген қимылы епті, жемтігіне атылуға шақ тұрғандай сесті аңды көріп, тауда бұрын-сонды байқамаушы едік қой дегенше, инспектордың «соңғы кезде пайда болды» деген дауысына жалт қарап, қайта мойын бұрғанша, лып беріп, қалың жынысқа кіріп кетті.
Кейін, аталған жыртқыштың жабайы мысық түрі екені мамандармен кеңесіп, нақтыланды. Шұбар мысық немесе дала мысығы. Дене тұрқы 47,5-74,0 см, салмағы 1,9-6,3 кг үй мысығына ұқсас. Арқасы қара, қоңыр теңбілі бар, сұр түсті, бауыры ақшыл, теңбілдері үлкен. Тамағы, алқымы, шаттары кейбірінде ақ. Құйрығының үсті теңбіл, 2-ден 5-ке дейін қара түсті сақина тәрізді көлденең жолақтары болады, ұшы қара. Мысықтың мұндай түрін Оңтүстік және Жетісу өңірінде «Мәлін» деп те атайды. Елімізде екі түрі кездеседі: Ұзын құйрықты мысық (длинохвостая кошка) және Түрікмен мысығы (туркменская кошка).
Шұбар мысық негізінен шөлді аймақтарда мекендеуге бейім. Өзен бойындағы тораңғы, жыңғыл, жиде, шеңгел, қарасора өскен ну тоғайларда басқа аңдардың тастап кеткен індерін паналап, кейде ағаш қуыстарында ұя салып, тіршілік етеді. Негізгі азықтары: кеміргіштер, құм қояны, қырғауыл, ұсақ торғайлар. Кейде мекендеу аумағына жақын жердегі орманшы үйі, шопандар үйі, т.б елді мекендегі тауық күркелеріне түсіп, үй құстарының, қонақтап отырғанның барлығының мойнын бұрап, өлтіріп кеткен деректер де жазбалардан кездеседі. Ақпан-наурызда мауығып, сәуір-мамырда 2-5-ке дейін ұрпақ әкеледі. Бір қызығы, мауығу барысында басқа өзі туыстас жыртқыштардан ерекшелігі, қатты дауыс шығарып шуламайды.
Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында Түрген филиалы Жаманбұлақ сайына аңшылықтанушы, биолог З.Талипов, аңшылықтанушы М.Найзабеков, мемлекеттік инспектор Х.Әлиев қойған фотоқақпанға 2025 жылы 12 шілде күні шұбар мысық немесе дала мысығытүсті. Аталған жыртқыш аң түрін Ұлттық парк тарихында алғаш рет фото-бейнеге түсіруге қол жеткізілді. Әрі ең маңыздысы, «мәлін» деген жанама атқа ие осы жабайы мысық түрінің бір дарақ ұрғашысы филиал инспекторлары орнатқан фотоқақпанға екінші рет іліккенде қасында кішкентай 3 марғауынын ертіп шыққан. Көп көзге түспейтін шұбар мысықтың тау қойнауына тұрақтап, мекендеуге көшкенін айғақтайтын дерек ретінде тіркелді. Балалағанына қарағанда, ересек еркек мысықтың да осы аймақта мекендеп, популяция құрауы мүмкін.
Шұбар мысықтар бірқатар кеміргіштерді жояды делінеді. Алайда зерттеушілердің далалық бақылаулары мен жазған еңбектерінен оқып танысқанымыз бойынша, сирек кездесетін құстардың өсіміне де кедергі келтіреді екен. Мәселен, Балқаш маңының оңтүстігіндегі 6-10 м биіктіктегі тораңғы ағаштарына салынған жыртқыш құстар ұясында шұбар мысықтардың өз мекендеу аумағының бірі ретінде тіршілік белгілерін қалдырып, кейде құс ұяларында тынығып, демалатын жағдайлары баяндалады. Одан сорақысы, салынған жұмыртқалар мен ашылған балапандарды жояды. Қалыпты мекен ететін құстар мен қатар еліміздің Қызыл кітабына кіретін, сирек кездесетіндер арасынан – жыланжегіш пен ителгі бар.
Зерттеу әдебиеттерімен танысқанымыздай, Іле-Алатауын бақылаған ғалымдар тау баурайында дала мысықтары бар деген мәліметті ғалымдар еңбектерінде жазып, қазіргі таңда Ұлттық парк аумағында тіркелген аң ретінде ресми сүтқоректілер тізімінде белгіленген. Десек те, индикатор түрлердің тізіміне енбейді, санақ жүргізілмейді. Себебі тіршілік нысаны жасырын және саны тау қойнауы болғандықтан, мүлде аз деуге болады. Ендігі кезекте – фотоқақпан тұрақты орнатып, тыныс-тіршілігіне бақылау жүргізу. Шұбар мысықтың да экожүйені реттеуге септігі тиеді.
Тұңғыш Жапарқұлов,
Іле-Алатау МҰТП ғылыми қызметкері