Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 10 Шілде 2024

Тіршілік назы – Қоңырқаз

Айгүл Кемелбаева
Фото:ашық дереккөз

Әдебиет сабағында ертегілер туралы өткенде адамзат баласының ақыл-санасы сәби кезеңде туған шығармалар деп түсіндірер еді. Бұл сөзді көбіне ақыл-сана өспеген, білімнің таяз уақытында шығарылған, я айтылған туындылар деп қабылдайтынбыз. Әсте олай болмаса керек.

 Бүгінгі адам мен бұрынғы адамның сана сезімінде бәлендей айырмашылық жоқ деп ойлаймыз. Себебі адамзат жаратылғалы жаңадан қосылған сезім жоқ. Сезу мүшесі де жоқ. Тек тұрмыстық игіліктер мен технологиялық құбылыстар ғана ажыратып тұр. Осы дүниенің игілігіне жетсек, сол о бастағы ақыл-ойдың қуатымен жетіппіз. Ендеше, алғашқы адам мен соңғы адамның физиологиялық тұрғыда қандай айырмашылығы болуы мүмкін. Ал ертегілер, керісінше, сезімнің ең таза, ақылдың ең қуатты кезеңдерінде шығарылған туындылар еді.

Қай халықтың ертегісін оқысаңыз да – ең ізгі үлгілердің бәрі сонда. Зұлымдықты ылғи да жақсылық жеңіп шығады. Бұл болашақтан еш үміт үзбейтін қадірлі қасиет болатын.

Әңгімені неге ертегіден бастадық. Біз «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, белгілі жазушы Айгүл Кемелбаеваның қаламгерлік ғұмырының бастауында тұрған «Қоңырқаз» әңгімесін сөз етпекпіз.

Ол – әдебиет табалдырығын өте сәтті әңгімемен аттады. Бір кездері жазушы болады деген үлкен үміт пен сенімді қоса жүктеп жіберетін «Жалын» журналының жабық бәйгесінен жүлде алды. Мәскеудегі Горький атындағы әдебиет институтын соңғы оқыған санаулы қаламгерлердің бірі. Прозаға да, әдеби сынға да, мәдениет тарихына да бейжай қарай алмайды. Бұл қасиеті оның алғашқы әңгімесінен-ақ байқалады. Және қазақ прозасының жаңа кезеңі туралы сөз бола қалса, оның аты міндетті түрде аталады.

Әлқисса, әйелдер прозасының көркемдік кеңістігіне үңілгенде бірнеше ерекшелік айрықша көзге түсер еді. Асқан нәзіктік, аңғал аңсар, көп ешкім мән тауып, мағына іздемейтін детальдарға маңыз беріп, ой сыйдыру. Сезім қалтарыстарындағы естеліктер мен жадының терең түбіне түскен беймаза шақтарды, я болуы мүмкін адами күйлерді дәл осы жазушылар сияқты ешкім бере алмайды. Тіпті қарапайым жақсы көру мен жек көруді, сыйлау мен сыйламауды, сағыну мен сағынбауды да бұл қаламгерлер өзгеше түсінсе керек.

Жазушылардың бәрі табиғатқа зер салады-ақ, бірақ оған символ ретінде қарап, мән-мағына беру, ол арқылы бірнәрсе тұспалдау мүлде басқа қасиет. Айгүл Кемелбаеваның осы әңгімесін оқығанда Қаршығаның уайымын, Ақылбайдың қайғысын, Қорланның тазалығын мүлде басқа аспектіде қарап, басқа ракурстан бағамдауға тырысасың. Адамның бәрі бір сезімді кеше береді. Бірақ бірдей сезінбейді.

Айгүл Кемелбаеваның «Қоңырқаз» әңгімесін біреулер магиялық реализмге жақындатып талдаған екен. Бізге мүлде олай сезілмеді. Жазушы эпиграф арқылы-ақ әңгімесінің сипатын анықтап тұр. Ертегі біткеннің атасы саналатын Ханс Кристиан Андерсеннің рухына арналған әңгіме. Яғни ертегі сарынында жазылған, бүгінгі тұрмысты арқалаған, әйел затының нәзік болмысын, қателігін, арман-аңсарын символға айналдырған әңгіме. Жазуы да дәстүрлі.

Бұл әңгіме жазушының айтуынша, 1987 жылы 7 қазан күні жазылған. Әңгіме бір күнде жазылып, мәтіні құйылып түскен. Осы сәтті шыққан әңгімесі арқылы Мәскеудегі Горький атындағы әдебиет институтына оқуға қабылданған. Яғни сәтті дебют деп айтуға болады.

Әдебиет тарихына қарасаңыз, дебюттері сәтті болған жазушылар аз емес. Бірақ бәйге арқылы жазушы боп танылғандар көп емес. Ылғи айтатын сөзіміз, «Жалын» журналының жабық бәйгесі өз уақытында қазақ әдебиетіне жас жазушыларды әкелген және танымал еткен дода болды. Қазір де бізде прозалық байқаулар жетеді. Бірақ сол бәйгелерден оза шапқан шығармалардың жаппай оқылып, авторлардың жазушы боп қалыптасқанын жиі кездестірмейтін болдық. Бұл жерде бір түйткілдің бары анық. Ол басқа әңгімеге арқау болатын тақырып. Бірақ дәл осы жабық бәйге Тынымбай Нұрмағамбетов, Несіпбек Дәутайұлы, Жұмабай Шаштайұлы, Айгүл Кемелбаева сияқты жазушыларды ашып, бізге таныстырып кетті. Және өзге де қаламгерлер бар. Бұл аз олжа ма? Демек, бізге байқауларды өткізу формасында ойланарлық дүниелер бар.

Хош. «Қоңырқаз». Әңгіме желісі aнaсы мен тaңғaжaйып тәсілмен құсқa aйнaлғaн нәзік жaнды қыз негізінде өрбиді. Қаршыға оқуда жүріп, некесіз бала көтеріп қалады. Не істерін білмеген қыз ауылдағы ағасы Ақылбайға шындықты айтып, хат жазады. Егер қабылдаса, ауылға бармақ. Егер қабылдамаса, басы ауған жаққа кетпек. Бірақ ағасы адам баласына қателік жасау тән, ауылға келе беруін айтып, жауап жазады. Сөйтіп Қаршыға тау қойнауындағы ағасының үйіне келеді. Бірақ аяғы ауыр қыз құстардың жұмыртқасына жерік болады. Бәрі осы жерден басталады. Қаздың, аққудың, үйректің жұмыртқаларын көлдерді аралап жүріп жей бастайды. Ақыры соңында бір қыз туады. Босанғанда да оп-оңай босанады. Бейне жұмыртқадан шыққан баладай. Сол күзде құстар қайтқанда Ақылбайдың жалғыз киіз үйінің төбесінен бір айналып қайтады. Бұны Ақылбай жақсылыққа жориды. Ал Қаршыға қызынан айырылғысы келмейді. Өйткені Ақылбай ол қызды өзі асырап алғысы келіп, атын Қорлан қойған болатын. Ақыры Қаршыға қызды тастамай, өзімен бірге ауылға алып кетеді. Ауылдағы мектепке мұғалім болып жұмысқа тұрады. Қорлaнның aрқaсындa жaс кезінен құстың бaлaпaнынікіндей қaрaлa кішкене қaнaт пaйдa болaды. Қорлaн aдaмдaрдың келекесі мен мaзaғынa, қорлaуынa ұшырaп, сол aуылдa «бүкір», «нaрботa», «өркешті қыз» деген aтaулaрғa ие болaды. Көңілі қaлғaн бүлдіршін қыз жaстaйынaн aдaмдaрмен емес, құстaрмен сырлaс боп өседі. Сазбалшықтан құстардың мүсінін керемет жасайтын болады. Оны ауылдағы келеке қылмайтын жалғыз Еркежан деген ағай «Қоңырқаз» атап кетеді. Шығaрмa соңындa Қоңырқaздың қaнaтынa жaн бітіп, ол aдaмдaр aрaсынaн қол үзіп, құстaр әлеміне мәңгілікке ұшып кетеді. Оның негізгі себебі – тaсбaуыр боп бaрa жaтқaн aдaмдaр aрaсындa өзін жaтсынуы, сіңісе aлмaуы. «Қоңырқaз өзінің aдaмдaрдaн мүлде безініп, суығaнын сезінді. Мұрнынa тек көк aспaнның кезбе бұлттaрының үлбіреген мaқпaл иісі келіп, соны үздіге жұтып, жел aйдaғaн мaқтa бұлттaрмен жaрысып, жер мекенінен ұзaй берді. Ұйықтaсa түсінен шықпaйтын көлдерді тaғы бір көруге зaр».

Таласбек Әсемқұлов бұл шығарма туралы: «Қоңырқаз» – Айгүл Кемелбаеваның ең үздік шығармасы. Туғаннан қамкөңіл кішкентай қыз сурет салғанды ұнатады. Және тек қаздың суретін салады. Ақыр соңында қыздың арқасынан қанат өсіп шығып, аспанға үшып кетеді. Әңгіме, «адам бұрын періште болған», «адам әзәзілдің айтқанына еріп жерге түскен періште» («все люди раньше были ангелами», «человек – это падший ангел») деген, Інжілден бұрын болған әфсаналардың бірінен алынған ізгі идеяға құрылған. Шығарма, тұтастай алғанда, бүгінгі адам әлі адамның толық тұлғасы емес екенін, адам, түптеп келгенде періште нәсілінен екенін қайыра айтатын «еске салу әңгіме» (рассказ-напоминание») болып табылады. Әңгімедегі қанатты қыз Адамзаттың көне мекені, шыққан тегі – Періштелер еліне қайтып кетеді.

Айгүл – стилистік ізденістерге бара қоймайтын, дәстүр аңғарындағы жазушы. Аталмыш әңгіменің несі жаңалық деген сауалға, концепциясы жаңа деп жауап қайтарар едім. Аңыздық сарында осылайша жазып шығу, осындай үлкен пайымға бару, жазушыдан үлкен қабілет талап етеді. Әңгімені оқып отырып байқағаным, Айгүл үшін ең басты нәрсе – идеяны айтып жеткізу. Ойында концепцияны ғана ұстап отырғандықтан, тілдік, ол айналып келгенде стильдік селкеуліктерге назар да аудармайды. Стильдік кемістіктің орнын темпераментпен, шын көңілімен, сөздің шынайылығымен толтырады. Қысқасы, білгенінше, қабілетінің жеткенінше жазады. Бірақ бәрібір, концепция тұрғысынан болса да, аталмыш әңгіме әдебиетіміз үшін жаңалық деп атауға тұрарлық шығарма», – дейді.

Бұл әңгіме сыншылар мен әдебиеттанушылар арасында көп талданған. Кейбірі тіпті әрбір детальға мән беріп, негізгі айтпақ сөзден ауытқып кеткендей сезіледі. Тіпті жоғарыдағы Таласбек Әсемқұловтың да пікірі ұшқары болмаса да, артықтау берген баға сияқты әсер қалдырады. Қоңырқаз – қателік үшін төлем. Біздіңше, әркім өз қатесі үшін жауап береді. Әрбір істің сұрауы бар. Некесіз туған баланың еш кінәсі жоқ. Ол – пәк, періште. Ал анасы Қаршыға одан айырылып қалып отыр. Баласынан айырылудан артық дүние жоқ. Бұл сол қателігі үшін берілген жаза сияқты. Оның құсқа айналуы – адамдардың есіне соны салу. Әрі анасы жерік болғанда, құстардың жұмыртқасын да аямай жейді. Ол да тылсым арқылы айналып келді. Яғни бұл дүниеде өтеусіз нәрсе жоқ. Бәрінің сұрауы бар.

Әдебиеттанушылар құс мүсіндерін көркемдік деталь ретінде алып отырғанымен, артынша бірден символдық рәмізге айналдырады деп есептейді. Әрине, жазушы Қорланның құсқа айналуы мен көл бетіндегі мамыражай тіршілік етіп жүрген аққулар арқылы адам өмірі мен табиғат тіршілігін шендестіре суреттейді.

«Қоңырқаз» – адамның таза қиялының жемісі. Таза арманның, таза жанның, ізгілікке ұмтылған қаламның көрінісі. Сәби көңілді қыздың жер бетінен құстай ұшып кетуі де адам баласының арасындағы қарым-қатынастың қандай деңгейде екенін көрсетеді. Жазушы сол қарым-қатынас таза болса екен деп армандайды. Идея соған құрылған. Жер бетіндегі жақсылықтың шегі жоқ, ал жамандықтың сұрауы қашанда бар.

Ханс Кристиан Андерсеннің ертегілеріндегі ізгілік идеясы ешқашан сөнбейді. Әңгіменің Андерсенге арналғаны да бекер болмаса керек. Жалпы жақсылық та, жамандық та адамның өзінен шығатын дүние екенін тағы бір мәрте ұқтыратын шығарманың аты – «Қоңырқаз».

Бұл мүлде құс туралы емес, қыз туралы әңгіме. Ақ жүректің назы туралы хикая. Біздің өмірімізге кейде Қорлан сияқты құбылыстар керек. Қорлан – бір жағы аңсар, арман, тазалық.

Қаршығалар әркез болған. Ақылбайлар мен Еркежандарды да адамдар арасынан молынан кездестіруге болады. Бірақ Қорлан – сирек құбылыс. Сондықтан да ол – жат. Тосын.

(Әңгімеден үзінді)

Сонымен, әлқисса, аққулы көлдерді сағынып, аңсары ауып жүрген шақта құпия ойын сезгендей бетіне жалтақтап қарай берген суретшінің үйінен қайтар жолында Қоңырқаз ауыл шетіндегі бақта балалардың төбелесіп жатқанын көрді. Жүрегі өрекпіп, Қоңырқаз үйіне жүгірді. Тілеуіне орай анасы мектепте екен. Жалаңаштап, арқасына анасының шашақты қара ала шәлісін жамыла салды. Екі өкпесін қолына алып, алқынып жеткен Қоңырқаз төбелескен екі ұлдың ортасына түсе берді. Зәбір шеккен жасөспірім ұлды қорғап, оның қарсыласын кеудесінен итеріп кеп жіберді.

Озбырлана ұмтылған жанжалқор баланың саусағы шашақты шәліге ілікті. Сусып иықтан сырғыған шәлі сыпырылып жерге түскенде, о, құдірет, айнала қоршаған топ мифтегі Горгонаның* басы сиқырлағандай мелшиіп қатып қалды. О, құдірет! Сұмпайылық пен асқан сұлулықтың ерен күші тепе-тең екен ғой! Көрген жанды екеуі де естен тандырады. Сұлулыққа көз қуанады, сұрықсыздық көз қариды.

Айқай-шуға елеңдей жүгіріп шыққан суретші жазыла бастаған қос қанатты көріп, сілейіп қатып қалды. Сұңғақ бойлы, қоңырқай өңді қыз бала ертегі елінен ұшып келген аққу – ханша дерсің, сиқыр сұлулығы адамзаттан алабөтен көрінді. Тәңірім-ай, неткен сымбатты тұлға еді! Адамдарды неге қанат бітіріп жасамадың?

Кенет таяқ жеген жасөспірімді белінен құшақтай алған Қоңырқаз жоғары көтеріле бастады. Күнмен шағылысқан аппақ қанаттар жазылып, көкке шырқады.

Мынау ұлды неге ала ұшқанын ол әуелгіде ұқпаған. Мұрнына тек көк аспанның кезбе бұлттарының үлбіреген мақпал иісі келіп, үздіге жұтып, жел айдаған ақ бұлттармен жарысып, жер мекенінен ұзай берді. Ұйықтаса түсінен шықпайтын көлдерді бір көруге зар. Қоңырқаз адамдардан мүлде безініп, бауыры суығанын сезінді.

Ауыл тұрғындары далаға атып шығып, демде жайылған хабарға сенер-сенбесін білмей сеңдей соғылысып, жапа-тармағай аспанға сүзілген. Дүрліккен елден Қаршыға болған жайтты шала-шарпы естіп, талып түсе жаздады. Бар қуатын жиып, алақтап, машинасы құрғыр ұшыраспаған соң жақын маңдағы қораның біріне жүгірді. Ауладан жетектеп алып шыққан атқа қарғып мініп, жайлауға қарай аттың басын жіберді.

Аққулы көлдер таяу қалды. Қоңырқаздың ауыр салмақ жанышқан қолдары үзіліп түсердей көрінді. Сәл шыдасам деп ойлады ол санасы біртүрлі күңгірттеніп, басынан ой атаулының бәрін аластауға құштарланып. Сосын бәрі бітеді.

Айдын көлдердің айнасы жарқ етіп найзағайдай ұрғаны ма, зәулім көктен сорғалап, төмендеп құлдырап келеді, шіркін-ай, сәл төзсе ғой!

Бұл фәнидің жүгі неткен ауыр еді. Соңғы күшін бойына жиғанмен, болар іс болды. Құшағы ажырап, серігі көлге құлады. Қанатынан қайырылып, түбінен опырылып кеткендей сезінді. Жебе тиген жаралы құстай суға құлады. Су беті анасының аялы алақанындай жұмсақ екен. Анамды жылатып кеттім-ау, енді қайттім?! – деп тұншығып ойлады. Менен адасса, қара жерге кіргеннен өзге несі қалды...Жаны елжіреп, еңіреп жылап жіберді.

Бірін-бірі шабақша қуалап, бұйра толқындар жыбырлайды. Ұл шым батып кетті. Жанталасып су бетіне көтеріліп еді, қайта иірім тартты.

Хорлан-Қоңырқаз іші-бауыры шыдатпай күйіп бара жатқанын білді. Ішінде бірдеңе үзіліп түскендей жаны қиналып барады. Ол көлдің тереңінен сүңгіп барып, ұлды жағаға алып шықты.

Есіне көршінің шұбар мысығы оралды, өліп қалғанда қимылсыз қалып еді, мына адам баласы да жансыз қалғанын көріп өліп қалды-ау деп ұқты. Оның құлағына сұңқылдаған құс үні талып естілгендей болды. Мұндай керемет үнді анасының құрсағында жатып тыңдағанын түсінді. Жан-дүниесін таңғажайып таныс әрі бейтаныс күй баурады. Ол қиялы дәрменсіз бұлдыр мекенді аңсап, күрсініп салды. Адамдар арасында ұзақ жүріп қалғанына өкінді, сол мекенге жетуге құштар. Іші-бауыры күйіп барады. Қанаттан айрылғанша анасының назасы есіне түсіп, қара жерге кірсемші деді. Аққу мекенге сағынышы жас болып ағып жатыр. Дүние бұлдырап, көз жасымен қоса шайылып барады. Ұшуға талпынып, қанатын сермеп еді, ауырсынып, биік көтеріле алмай қор болды. Осыны сезінуі мұң екен, Қоңырқаз адамға тән түйсік сезімнен мүлде арылып еді.

Осы минутта жүйрікпен шауып жеткен Қаршыға жерге домалай секіріп түсті. Әттең, жан иесі жазмыштан озған ба, кеш қалды. «Москвичте» отырғандар да кешіккен.

Көлге ұшып жеткен бірнеше аққу судағы қыз баланы киімінен тістеп, биік тауларға алып ұшты.

Шарасы құрған әйел жалбарынып, көкке қолын жайып, құс тегі ұрлаған ұрпағының соңынан көзін сатып, телміріп қала берді.

Жағадағы ұл өзіне-өзі кеп, тізерлеп, қолы жаюлы қалған әйелге жаутаңдап:

Апа, Қоңырқаз қайда? – деп кемсеңдеді.

Қоңырқазынан табанда айырылып, қайғы алған суретші егіліп жылай берді. Артынан көл бетіндегі бірнеше қауырсынды жүзіп барып жинап алды. Қаракөз Қоңырқаздан қалған бар белгі сол ғана.

Жөргегіңнен иісің сіңбеген соң суық бауыр тартып, жатсынып, көл шошытты ма сені, Қоңырқаз, әлде бітімің бөлек, шоқтығың биік болған соң елсінбей, қара жерден безіндің бе, Қоңырқаз?!

Бағашар Тұрсынбайұлы