Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:50, 30 Қаңтар 2026

ЦАХАЛ Газада қаза тапқандар саны шамамен 70 мың адам екенін растады

Газа
Фото: Reuters

Израиль Қорғаныс армиясы — ЦАХАЛ — Израиль күштері мен ХАМАС қозғалысы арасындағы соғыс барысында Газа секторында шамамен 70 мың адам қаза тапқанын алғаш рет ресми түрде растады.

 Бұл туралы The Jerusalem Post және The Times of Israel басылымдары хабарлады.

ЦАХАЛ дерегінше, қаза болғандардың шамамен 25 мыңы — ХАМАС жауынгерлері. Сонымен қатар Израиль әскері 2024 жылдың алғашқы айларына дейін ХАМАС Газадан ұшырған зымырандардың шамамен 13 пайызы техникалық ақауларға байланысты істен шығып, сектор аумағына құлағанын атап өтті. Бұл жағдай көптеген палестиналықтардың қаза болуына әкелген.

ЦАХАЛ бағалауынша, ХАМАС күштері бірқатар палестиналықтарды саяси қарсылас, Израильмен ынтымақтас деп айыптап немесе Газаның жекелеген аудандарынан кетуге әрекеттенгені үшін жазалап, атып өлтірген. Қазір ЦАХАЛ қаза тапқандардың ішінде бейбіт тұрғындар мен жауынгерлердің нақты арақатынасын, сондай-ақ ХАМАС өкілдері өлтірген адамдардың санын нақтылау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Ал Газа денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, қаза тапқандар саны 71 667 адамға жеткен. Оның ішінде 2025 жылғы қазанда атысты тоқтату туралы келісім жасалғаннан кейін өлтірілген 450-ден астам адам бар. Ведомство табылған мәйіттер бойынша құрбандардың 90 пайыздан астамының жеке басын анықтағанын хабарлады. Алайда бұл статистиканың қалай жасалғанын, қаза тапқандардың ішінде қанша жауынгер барын және табиғи себептермен (мысалы, ауруханаларда) көз жұмғандар есепке кірген-кірмегенін нақтыламаған.

Таяу Шығыстағы жағдай 2023 жылғы 7 қазанда күрт ушықты. Еуропалық одақ пен АҚШ террористік ұйым деп таныған ХАМАС Израильге қарсы ауқымды шабуыл жасады: ел аумағына жаппай зымыран соққылары беріліп, қарулы топтар шекарадан өтіп, шамамен 1200 адамды өлтірді. Сондай-ақ 250-ге жуық адамды тұтқынға алып, Газа секторына әкетті. Тұтқындардың бір бөлігі айырбас арқылы босатылса, бір бөлігі қаза тапты.

Бұған жауап ретінде Израиль ХАМАС-қа қарсы соғыс жариялады. Құрлықтағы операциялар мен Газа секторын әуеден бомбалау нәтижесінде шамамен 170 мың адам жараланған.

2025 жылғы қазанда Израиль үкіметі мен ХАМАС АҚШ президенті Доналд Трамп әкімшілігі әзірлеген бейбітшілік жоспары аясында атысты тоқтатуға келісті. Келісімдердің орындалуына АҚШ, Түркия, Қатар және Мысыр кепіл болды. Бірінші кезеңде ХАМАС тірі қалған тұтқындардың барлығын Израиль түрмелеріндегі палестиналық тұтқындарды босату есебінен қайтарды.

Қаңтар айының ортасында Ақ үй Трамптың Газадағы соғыс қимылдарын аяқтау жөніндегі жоспарының екінші кезеңі басталғанын мәлімдеді. Бұл кезеңде «Бейбітшілік кеңесін» және оған есеп беретін ұлттық комитетті құру көзделген. Олар Палестина ұлттық әкімшілігі аумақты басқаруды өз қолына алуға дайын болғанға дейін уақытша басқару функциясын атқарады.