Цифрға емес, сөреге қарап сөйлеу керек!

23 қыркүйекте Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында Қазақстанның негізгі азық-түлік өнімдері бойынша өзін толық қамтамасыз етіп отыр деп салды. Министрдің айтуынша, мал шаруашылығы өнімдерінде және сүт өнімдеріне қатысты өзімізді қамту деңгейі 100 пайызға жетіпті.Алайда Сапаровтың бұл сөзі жұрт арасында күмән туғызды. Осыған орай Jas Alash экономика ғылымдарының докторы, академик Атамұрат Шәменовтың пікірін білді.
– Министрдің олай қате айтып отырған себебі – арифметикасы, санауы дұрыс емес. 20–30 жылдан бері өзімізді алдап келеміз. Бұл мәселені бірнеше жылдан бері айтып келемін, бірақ түсінгісі келмейді. Түсінейін десе арты ашылып қалады. Сол себепті баяғы әңгімесін айта береді. Қателік неде? «Өз-өзімізді қамтамасыз етіп отыр» деген саннан шығып отыр. Кезінде мұның бәрін, министрлерді тізіп тұрып айттым. Кейіннен президент тапсырма бергенде экономика министрлігі ғана мәселені дұрыс шешті. Ол 2016 жылы күзде «Қазақстандағы азық-түлікті пайдаланудың физиологиялық нормасын» бекітті. Сосын «75–80 келі етті халық пайдалануы тиіс» деген норма бекітті. Ал біздегілер өзінше норманы есептейді. «45 келі жетеді» деп, оны көбейтеді де «ой, біз азық-түлікті қамтамасыз етіп отырмыз» деп соғады. Бар қате осында. Қазір елімізді азық-түлікпен қамтамасыз етеміз деп негізгі 10 азық-түліктің түрін айтады. Алайда біз қамтамасыз етуіміз үшін 10 емес, 32–34 азық-түліктің түрімен сөйлеуіміз керек. Сондықтан азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырмыз деген жеңіл-желпі сөз. Тағы бір факт келтірейін, Қазақстан 16 млн тонна бидай өндіреді. Ал солтүстік облыстардағы нанды өздеріне пайдалануы нормаға сәйкес келмейді. Осындай парадоксты білесіз бе? Сондықтан өндірілген өнімді халық санына бөліп, нормаға сәйкестендіріп қарау керек. Арифметика ғой! Мұны жасап отырған ауыл шаруашылығы қызметкерлері мектепте арифметиканы дұрыс оқымағандар деп есептеймін.
Жалпы еліміздегі өнімдермен Қазақстанды ғана емес, Африка мемлекеттерін де толық қамтуға ауыл шаруашылығының әлеуеті жеткілікті. Тек оны дұрыс ұйымдастыра алу керек.
Тағы қайталап айтам, дұрыс есептемей, мәселе шешілмейді. Мысалы, тамыздағы ауыл шаруашылығы санағын күзге итере салды. Өйткені санақ кезінде ауыл шаруашылығындағы мәселенің арты ашылады. Олар есептеп келгенде 1 млн жетпей қалады, сосын қысқарта салады. Сондықтан бізде статистика мәселесі көңілге қонбайды, нақты өмірімізге сәйкес келмейді. Ал экономикада статистика дұрысталмай, экономикадағы жетістіктерге жетуге болмайды. Бұл температура өлшегенмен бірдей. Әр саланың «температурасын» өлшеп, әр саладағы мал басын, жерді біліп барып, соған көмектесетін қызмет жасауымыз қажет. Ал біз жалпылама «температураны» өлшейміз де, «бәрі керемет» деп, азық-түлік қауіпсіздігі орындалды дейміз. Ол – өтірік.
Ал енді оның да шешетін жолы бар. Кезінде оған қатысты тапсырма да берілді. Бірақ сол тапсырмалар орындалмады. Атқарушы биліктегі басты кемшілік – орындаушылық қызметтің нашарлығы. Әр аудан жыл сайын азық-түлік балансын өтірік шығарады. Әкімнің қаламының ұшымен қайбір статистика болсын «жөнделеді» де кете береді. Сол баланс бойынша азық-түлік қауіпсіздігі белгіленеді. Мысалы, қазір мал басы екі-үшке көбейеді. Сондай бола ма екен?! Көбейсе ол жүздеп, мыңдап көбейетін еді. Сондықтан әкімдік былтырғы санды бір-екіге жаңартып қояды, өтірік мыңдап қоса алмайды. Сөйтіп отырып біздің үрлеген шарымыздың түрі осы. Осы шар қашан жарылады деп мен отырмын. Бірақ әзірге оның да жарылатын түрі көрінбейді.
Тек Алматының өзіне 2,5–3 млрд долларға сырттан азық-түлік келеді. Сондықтан цифрға емес, сөреге қарау керек! Ауылды көтерейік деген уақытта азық-түліктің нормасына кіретін барлығын аудан төңірегіне ексек, сол кезде баланс өзі шыға келеді. Қай өнімнен қай аудан қанша өнім алды деген мәселе шешіледі. Қазір қай аудан бір-бірімен байланыс жасап жатыр, жасанды интеллект деп жатырмыз, енді орталықтан бір база жасап, соған әр аудан статистикасын салса, аз өнімдерін аудандар бір-біріне беріп-ақ бәрін дұрыстауға болады. Ал қай жерге жақсы өнім шықса сол жерге ақшаны аямау керек. Сол кезде Қазақстан азық-түлікпен өзін қамтамасыз етуде дирижер сияқты болады. Қай жерге жетпей жатыр – сол жерге ақша жібер, қай жерде артылды – ал. Баяғыда қырыққабат шіріп, жыр болды, одан кейін пияз қымбаттап, ол да жыр болды. Соның бәрін реттеуге болады, ешқандай ақылдың қажеті жоқ. Бірақ соны істемейді.
Былтыр облыс әкімдерінің есебін оқып шықтым. Сонда ауыл шаруашылығы төңірегін айтқанда «халыққа қанша азық-түлік бердім, қаншасын өзім өндірдім» деген бір сөз жоқ. Тек қанша қаржы алдым, оның қаншасын жараттым деген әңгіме ғана. Бұл аграрлық саясаттың жоқтығы. Үкіметтен талап болса, жергілікті жер жұмыс істейді, орындайтын қызметкерлер бар. Бірақ соған дұрыс талап жоқ!