Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:00, 27 Тамыз 2024

Цифрландыру тек технологиялық процесс емес...

Цифрландыру
Фото: edunews

Ұлт пен ұлыстың рухани мұрасы мен мәдени жәдігерлерін сақтау мен дамыту, оған жалпыадамзаттық құндылық ретінде қарау туралы ой ХІХ ғасырдың өзінде-ақ қозғала бастады.

 Ал мәдениет һәм руханият саласында мақсатты саясат жүргізу, мәдениетті біртұтас әлеуметтік құбылыс ретінде қарау жайлы ойлар өткен ғасырдың 70-80 жылдары жиі көтеріліп жүрген еді. Мәдени-рухани саясатты инструменталды бағыт тұрғысынан қарастырған батыс ғалымдары Ф.Матарассо мен Ч.Лэндри мәдениет саласына инвестиция құю арқылы қуаты күшті идеология жүргізуге болатынын алға тартты. Яғни кез келген ұлттың рухани мұрасы, мәдениеті мен әдебиеті – әлемді қару мен соғыссыз-ақ жаулайтын «жұмсақ күш».

Осы тұрғыдан алғанда қазақтың жұмсақ күші қай деңгейде? Жалпы әдеби мұра мен рухани жәдігерлерді цифрлаудың маңызы қандай деген сұраққа жауап іздедік. Сауалнамаға журналист, IT маманы Мейіржан Әуелханұлы мен әдебиеттанушы Айнұр Ахмет қатысты.

Жалпы Еуропа елдері цифрландыру мен инновация бойынша әлемдік рейтингтерде көш бастап тұр. Интернет толық қолжетімді болмаған кездің өзінде-ақ олар кітаптарды цифрландыруды бастап кеткен еді. Әдеби мұра мен қазақ сөзі әлемнің әр түкпіріндегі адамға қолжетімді болуы үшін елдегі цифрландырудың деңгейі қандай болуы керек? Қазір қандай деңгейде?

Мейіржан Әуелханұлы
Мейіржан Әуелханұлы

М.Ә: Әдеби мұраны, соның ішінде қазақ сөзін, әлемнің әр түкпіріндегі адамдарға қолжетімді ету үшін цифрландырудың деңгейі өте жоғары болуы тек техникалық инфрақұрылымды дамыту ғана емес, сонымен қатар ұлттық мәдениет пен әдебиетті сақтау және насихаттау бағытындағы белсенді жұмысты талап етеді. Яғни алдымен интернетке кең жолақты және жылдам қолжетімділік әрбір тұрғынға, әсіресе ауылдық жерлерде қамтамасыз етілуі керек. Бұл кітаптарды және басқа әдеби материалдарды онлайн режимінде оқуға мүмкіндік береді. Келесі қадам – кітапхана жүйесін цифрландыру. Барлық ұлттық және аймақтық кітапханалар цифрлық жүйеге ауысуы қажет. Бұл тек қазіргі әдебиетті ғана емес, сондай-ақ сирек кездесетін, ескі кітаптарды да цифрлық форматқа көшіру арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Бұдан бөлек, қазақ әдебиетінің барлық туындыларын цифрландырғаннан кейін оларды ашық қолжетімділікке шығару маңызды. Бұл үшін авторлық құқық мәселелерін де шешу қажет. Қазіргі уақытта Қазақстанда цифрландыру деңгейі айтарлықтай дамып келеді, бірақ әлі де үлкен жұмыстар атқарылуы керек.

Кейбір негізгі аспектілер: мәдени мұралардың цифрландырылуы, цифрлық платформалар, қолданушылардың білім деңгейі. Соңғы жылдары ұлттық мұрағаттар мен кітапханалардағы сирек кітаптарды, қолжазбаларды цифрландыруға назар аударылып келеді. Алайда бұл процесс әлі толық аяқталмаған. Сонымен қатар Қазақстанда кейбір платформаларда қазақ әдебиеті шығармаларының цифрлық нұсқалары бар. Мысалы, «Қазақстандық ұлттық электрондық кітапхана» (kazneb.kz). Дегенмен бұл платформалардың толықтырылуы және қолжетімділігі бойынша әлі де жұмыстар қажет. Еліміздегі цифрландырудың тағы бір маңызды аспектісі – қолданушылардың цифрлық сауаттылығы. Әдеби мұраларды пайдалану үшін халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру қажет. Қорыта айтқанда, елдегі цифрландырудың жоғары деңгейіне жету үшін барлық қоғамдық және мемлекеттік ұйымдар бірігіп, цифрлық инфрақұрылымды дамыту, авторлық құқықтарды реттеу, ұлттық әдеби мұраны сақтау және насихаттау бағытында тығыз жұмыс істеуі қажет. Қазіргі кезде бұл бағытта жұмыстар атқарылып жатқанына қарамастан, толыққанды цифрландыруға жету үшін тағы да үлкен қадамдар жасау керек.

А.А: Қазіргі уақытта елімізде ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының «Қазақстандық Ұлттық электронды кітапханасы» (kazneb.kz), ҚР Ұлттық кітапхананың «Электронды кітапханалар» бөлімі, «Әдебиет порталы», «Ашық кітапхана – kitap.kz», Til-Qazyna-ның Tilalemi.kz сайтымен қоса бірқатар ғылыми және білім беру институттарының кітапханалары кітаптардың цифрлы нұсқасын жасаумен айналысатынын айтуға болады. Пандемия кезеңінде көптеген бастамалар мәдени мұраны цифрландыруға жақсы септігін тигізді. Бұл жобалардан байқағанымыздай, кітаптардың виртуалды кеңістігі кеңейіп келеді.

Ал Өзбекстанда әдеби мұраны цифрландыру ісі 2004 жылы жүзеге аса бастағанын айтуға болады. 2004 жылдан бері «Өзбек әдебиеті» порталы (ziyouz.com kutubxonasi) жобасы тек Өзбекстан тұрғындары емес, бүкіл әлем оқырмандарын кітаптардың PDF нұсқасымен қамтамасыз етеді. Ташкентке барсаңыз, студенттерден бастап кітапқұмарлар ziyouz.com сайтының қолжетімді екенінен өте жоғары деңгейде хабардар екенін біле аласыз. Аталған сайт электронды кітаптарды оқу үшін тіркелуді де қажет етпейді. Сол сияқты Қырғызстанда да «Новая литература Кыргызстана» және «Агартуу айдыңы» (https://ruhesh.kg) секілді электронды сайттар баршылық. Соңғы сайт еліміздегі «Әдебиет порталының» жұмыс істеу жүйесіне жақынырақ келеді. Жалпы алғанда, қағаз кітаптарды цифрлы нұсқаға айналдыруда постсоветтік кейбір мемлекеттермен салыстырғанда еліміз тәжірибе жетілдіріліп келе жатқанын айтуға болады. Ал оқырмандарға цифрлы кітаптарды насихаттау жағынан алғанда Өзбекстан Telegram желісін тамаша қолданады. Қырғызстан әдеби шығармалардың аудио нұсқасы You Tube арнасында таралады. Қазақша кітаптардың электронды нұсқасын тарататын Telegram каналы да бар.

Қаңтар оқиғасы кезінде біраз архивтің өртеліп кеткені туралы деректер шықты. Ол құжаттардың цифрлық нұсқасы бар екенін де айтқан дәйектер қосымша келтіріліп жатты. Осы тұрғыдан алғанда цифрландырудың мән-маңызы мен қажеттілігі анық сезілді. Жалпы әдебиетті, бір ұлттың тұтас мәдениетін цифрлаудың маңызы, артықшылығы жайында сөз қозғасаңыз.

М.Ә: Цифрландырудың мән-маңызы, әсіресе, Қаңтар оқиғасы кезінде кейбір архивтердің өртеліп кетуі сияқты оқиғаларда ерекше сезілгені рас. Бұл жағдай әдебиет пен мәдениеттің цифрландырылуының қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Әдебиет пен мәдениеттің цифрландырылуы – ұлттың мәдени мұрасын сақтаудың ең сенімді жолдарының бірі. Қағаз құжаттар уақыт өте келе тозады, өрт, су тасқыны сияқты апаттарға ұшырауы мүмкін. Ал цифрлық форматта сақталған мәліметтер бірнеше жерде сақталып, апаттан қорғауға мүмкіндік береді.

Екіншіден, әдебиет пен мәдениеттің цифрландырылуы оны тек ел ішінде ғана емес, бүкіл әлемге қолжетімді етеді. Бұл қазақ әдебиеті мен мәдениетінің халықаралық деңгейде насихатталуына жол ашады, ал шетелде тұратын қандастарымыз үшін өз мәдениетіне жақын болуға мүмкіндік береді. Цифрландырылған материалдар арқылы зерттеушілер, ғалымдар кез келген уақытта және кез келген жерден қажетті мәліметтерге қол жеткізе алады. Бұл тарихи және әдеби зерттеулердің дамуына үлкен септігін тигізеді. Бұдан бөлек, цифрландырылған әдебиет пен мәдениет материалдары білім беру процесін жаңаша деңгейге көтереді. Оқушылар мен студенттерге қолжетімді онлайн кітапханалар мен ресурстар арқылы өз бетімен оқуға, зерттеуге кең мүмкіндіктер беріледі. Жалпы тағы бір артықшылығы – цифрландыру арқылы ұмыт болған немесе сирек қолданылатын сөздер, әдеби шығармалар қайтадан өмірге келіп, жаңаша мәнге ие болады. Бұл ұлттың тілін, мәдениетін және дәстүрлерін келешек ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік береді. Қаңтар оқиғасы цифрландырудың қаншалықты қажет екенін анық көрсетті. Әдебиетті және тұтас мәдениетті цифрландыру – бұл тек мәліметтерді сақтау емес, сонымен қатар ұлттың болашағын қорғау, оны келешек ұрпаққа жеткізу үшін жасалатын маңызды қадам. Сондықтан да цифрландыру ұлттық мәдениетті сақтап, оны әлемге таныту үшін маңызды рөл атқарады.

 Айнұр Ахмет
Айнұр Ахмет

А.А: Екі-үш жыл бұрын Орталық Азиядағы кітаптардың цифрландырылуымен қоса тұрғындардың кітап оқу деңгейіне де жеке зерттеу жүргізгенде, Қазақстанмен қоса алғанда аталған аймақ тұрғындарына кітаптардың электрондық нұсқасы – кітап оқуға жылдам қолжеткізу тұрғысынан өте тиімді екенін байқаған болатынмын. Бұл цифрлы кеңістікте өмір сүріп жатқан бәрімізге белгілі жайт. Келесі бір пайдалы жағына қатысты өзіңіз де сұрағыңыз арқылы жауаптың бір нұсқасын ұсындыңыз. Әртүрлі табиғи апаттар мен төтенше жағдайларда кітаптарға зақым келсе және жойылып кету қаупі туғанда кітаптарды болашаққа жеткізетін – цифрлы нұсқасы. Оның үстіне ескі қолжазбалар, кітаптар және басылымдарды қолға алған сайын зақым келу қаупі жиілей беретіні сөзсіз. Кітапханаларға барып тарихи мұраға айналған үлкен форматтағы газеттердің көшірмесіне тапсырыс бергенде қалай көшірме жасалатынына куә боламыз. Ескі болғандықтан, адам саусағы тиген сайын жыртылып кетуге бейім тұрады. Ал егер оның цифрлы нұсқасын оқуға мүмкіндік берілсе, қағаз нұсқасының ғұмырын ұзарта түсетін едік. Біздің кітапханалар бұл мәселеге ерекше назар аударып жатқанына сенімдімін. Әсіресе Орталық ғылыми кітапханадағы өте сирек кездесетін кітаптардың цифрлы нұсқасы мәдениетіміз бен ғылым үшін өте қажет екені сөзсіз. Цифрлы кітаптардың тағы бір артықшылығы, қоғамда әрқашан проблема ретінде қозғалатын – аз тиражбен шығатын кітаптар мәселесін шешудің бір жолы – оқырмандарға кітаптарды электронды түрде қолжетімді ету.

Қазіргі уақытта әлем тұрғындары бос уақытын көңілді өткізу үшін кітап оқудан басқа көптеген мәдени мазмұнды тұтынатыны бәрімізге белгілі. Сондықтан электронды кітапханалар басқа баламалы нұсқалардан артта қалмау үшін тиімді қолжетімді етудің әртүрлі механизмдерін ойластырғаны дұрыс-ақ. Егер мәдени ой-сана басқа тілдегі өнімдерді көбірек тұтынатын болса, соған бейімділік те артады. Мұның белгілері қазірдің өзінде баршылық. Сонымен қатар қазіргі уақытта қоршаған орта экологиясын сақтау және тазарту үшін әлем ағаштың азаймауына барынша назар аударып жатыр. Кітаптарды цифрландыру экологиялық апаттардың алдын алуға да септеседі.

– Мысалы, Нидерланд әдебиет қауымдастығы 1999 жылы бастама көтеріп, Нидерландтың көне заманнан бүгінгі күнге дейінгі мәдениеті, тарихы мен әдебиетінің цифрлы кітапханасын (DBNL) жасап шығарған еді. Үкімет емес, әдебиетшілер... Олар бастапқыда донат, яғни ерікті түрде көмек көрсеткісі келген жанашырлар қаржысына сүйенсе, кейінірек үкімет бұл бастаманың маңызын түсініп, электронды кітаптар коллекциясын дамытуға қаржы бөле бастады. Жалпы біздің елдегі әдебиет пен тарихты цифрлау мақсатында жасалып жатқан шараларға көңіліңіз тола ма? Шет ел тәжірибесі не дейді екен?

М.Ә: Қазақстанда да әдебиет пен тарихты цифрландыруға қатысты белгілі бір шаралар жасалып жатыр, бірақ оларды толыққанды жеткілікті деп айту қиын. Мысалы, Қазақстанда ұлттық электронды кітапханалар құру, архивтерді цифрландыру, әдеби және тарихи мұраларды онлайн платформада қолжетімді ету бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мысалы, «Қазақстандық ұлттық электрондық кітапхана» (kazneb.kz) жобасы белгілі бір деңгейде маңызды әдеби және ғылыми туындыларды цифрлық форматта қолжетімді етіп, кейбір университеттер мен ғылыми орталықтар өз ресурстарын цифрландырумен айналысуда. Бұл жұмыс кейде жеке тұлғалардың немесе мекемелердің бастамасымен іске асып жатыр. Десек те, мәселелер де, кедергілер де жоқ емес. Мысалы, қаржыландырудың жеткіліксіздігі. Қаржыландыру мәселесі Қазақстандағы цифрландыру жұмыстарында негізгі кедергі болып табылады. Мәдениет және әдебиетке арналған бюджет шектеулі болғандықтан, цифрландыру жобаларына қаражат жеткіліксіз бөлініп жатады. Сонымен қатар әдебиет пен тарихты цифрландыруға бағытталған түрлі жобалардың арасында үйлестірудің жоқтығы, кейде қайталануларға және ресурстардың тиімсіз пайдаланылуына алып келіп жатады.

Нидерланд мысалында көріп отырғанымыздай, қоғамның өзі бастамашы болып әдебиет пен мәдениетті сақтау жолында күш біріктірсе бұл үлкен өзгерістерге жол ашар еді. Қазақстанда мұндай қоғамдық бастамалардың саны шектеулі. Қазақстанда әдебиет пен тарихты цифрландыру мақсатында белгілі бір шаралар жасалып жатыр, бірақ олардың деңгейі мен сапасын жақсарту қажет. Мемлекет пен қоғам бұл бағытта бірлесіп жұмыс жасаса, нәтижелі өзгерістерге қол жеткізуге болады. Қаржыландыруды арттыру, координацияны күшейту және қоғамдық бастамаларды қолдау арқылы ғана ұлттық мұрамызды толықтай сақтап, оны келешек ұрпаққа жеткізе аламыз.

А.А: Кембридждегі кітаптардың электронды қолжетімділігіне қатысты өзіме мәлім жағын айтуға тырысайын. Кембридж университетінің баспасынан шыққан кітаптардың басым бөлігі осы университетке аффилиация жасалғандарға: студенттер, оқытушы-профессор қауымына және мен секілді «Шақыртылған ғалым» бағдарламасы (бізде «ғылыми тағылымдама» деп аталады) бойынша ізденушілерге университет картасы арқылы тек оқуға қолжетімді. Кейбір кітаптарды тек кітапханалардан қағаз нұсқадан ғана оқуға болады. Ал басқа жағдайда кітаптар университет баспасының дүкенінде, Amazon желісін қоса алғанда басқа кітап дүкендерінде сатылады. Еліміздегі кітапханалар да әлемдік кітапханалар тәжірибесін зерттейді деп ойлаймын. Мысалы, Ұлттық кітапхананың қызмет көрсету жүйесінің шетелдік кітапханалардың жұмыс істеу тәсіліне ұқсас келетін жақтары барын байқадым. Жалпы кітапхананың электронды өнімін жиі тұтынатын адам ретінде айтқым келетіні, салыстырмалы түрде алғанда еліміздегі электронды кітапхана қызметін жетілдіретін тұстар баршылық, бірақ қазіргі қызметі де нашар емес.

Еліміздегі кітапханалар өздерінің талаптарына сәйкес, сирек және маңызды басылымдардың ақылы электронды көшірмесін жасайды. Бұл шетелдік тәжірибенің үлгісіне жақын келеді. Сонымен қатар білім беру мекемелері, жоғарыда айтқанымдай, өз студенттері мен оқытушыларына қорындағы кітаптардың электронды нұсқасын тегін оқуға жеңілдік жасайды.

Алғашқы сұрағыңызға қатысты осы тұста мына ойды да қамтығым келеді. Әлемнің әр бұрышы қазақ сөз өнерін түпнұсқада емес, халықаралық тілдердегі аудармасын оқитыны мәлім. Көбіне ағылшынша және орысша. Еуропаның өзінде орыс тілінде сөйлемегенімен, орысша оқитындар баршылық. Әсіресе зерттеушілер қауымы. Соларға арнап өзіміздің қазақ тілінде жарияланған маңызды ғылыми зерттеулерімізді (сарапшылардың қарауынан өткен маңыздысын ғана!) ағылшыншаға аударып, ақылы түрде қолжетімді етуімізге болады. Біз де қажет болғанда шет тіліндегі кітаптарды сатып аламыз. Яғни зерттеуімізге қажет болғаны үшін. Болғаны үшін қажеттілік туса, мәдениеттердің қайсысы болса да сұранысқа ие болады.

– Осы орайда тек артықшылығы ғана туралы сөз қозғамай, цифрландырудан келетін қандай да бір қауіп-қатер болуы мүмкін бе? Сол жайында айтсаңыз?

М.Ә: Цифрландырудың көптеген артықшылықтары бар болғанымен оның белгілі бір қауіп-қатерлері де жоқ емес. Осы қауіп-қатерлерді ескеріп, цифрландыруды дұрыс басқару арқылы оларды азайтуға немесе алдын алуға болады. Мысалы, цифрлық форматта сақталған материалдар да түрлі қауіптерге ұшырауы мүмкін. Мысалы, техникалық ақаулар, кибершабуылдар, вирустар немесе дұрыс сақталмау салдарынан маңызды мәліметтер жоғалып немесе бүлініп кетуі ықтимал. Қауіпсіздік шаралары қолданылмаса бұл үлкен шығындарға әкелуі мүмкін. Сонымен қатар әдебиет пен мәдениетті цифрландыру барысында авторлық құқықтарды сақтау маңызды. Цифрлық материалдарды ашық қолжетімділікке шығару кезінде кейбір материалдар заңсыз таралып кетуі мүмкін, бұл авторлардың мүдделеріне кері әсер етуі ықтимал. Осыған байланысты авторлық құқықтарды қорғау шараларын қатаң бақылау қажет.

Үшіншіден, мәдениетке біржақты қолжетімділік. Цифрландырылған материалдарға тек интернетке қолжетімді адамдар ғана кіре алады. Бұл дегеніміз, интернетке қолжетімділігі шектеулі немесе мүлдем жоқ халық үшін мәдениет пен әдебиетке қолжетімділік мәселесі туындайды. Әсіресе ауылдық жерлерде бұл проблема өзекті болуы мүмкін. Цифрландыру кейде дәстүрлі материалдарды елемеуге, оларды ұмыт қалдыруға әкелуі мүмкін. Мысалы, қағаз кітаптар, архивтер, дәстүрлі қолжазбалар екінші жоспарға шығып, олардың құндылығы төмендеп кетуі мүмкін. Бұл – ұлттық мұраны сақтау тұрғысынан үлкен қауіп. Тағы бір қауіп – цифрландыру барысында кейде тарихи контекст немесе материалдардың бастапқы мағынасы бұрмалануы мүмкін. Тек мәтін немесе бейнені цифрландыру жеткіліксіз, онымен қатар оны дұрыс түсіндіру, тарихи және мәдени контекстті сақтау маңызды.

Цифрландыру тек технологиялық процесс емес, сонымен қатар мәдени мұраны сақтау, насихаттау және дұрыс басқару процесі екенін түсіну қажет.

А.А: Жоғарыда аталған зерттеуде электронды кітаптар гаджеттер арқылы оқылатындықтан, электронды кітаптар адамның көру қабілетіне және авторлық құқыққа зиян келтіретінін атап өткен болатынмын. Кейінгі бір зерттеулер көзге зиян келмейтінін келтіреді. Одан тыс, сілтеме дереккөздерін және иллюстрацияларды қамтитын зерттеулер немесе көркем әдебиет түрлері кітап түріндегі емес, ворд нұсқасында, әлде мәтіні сайттарға жарияланатын болса, ондағы сілтемелердің түпнұсқаға сай сақталуы және қатенің алдын алу ұдайы қадағалана ма?.. Бұл да электронды кітаптарға тән бір проблема. Бірақ егер әдеби өнімнің сапалы таралу жағын қадағаламайтын әдеби сайт кездестірер болсаңыз, әлемдегі цифрлы кітапханалар немесе сайттардың көбіне қатысты сондай біржақты бағалайтын көзқарас тумауы қажет. Оған қоса, кітаптардың аудио/видео нұсқалары ерекше туған адамдарға тыңдау, көру арқылы ақпарат алуға ерекше мүмкіндік екені де бәрімізге мәлім. Әдеби мұраны цифрландыруға қатысты бұдан да ауқымдырақ сөз етуге болады, бірақ басқа бөлігін кейінге қалдырғым келеді.

Дайындаған

Ақгүлім Ерболқызы

Тегтер: