Цифрландыруға толық көшсек те, синоптиктің орнын басу мүмкін емес

«Қазгидромет» РМК синоптиктері қазір Қазақстанның біраз өңірлерінде құрғақшылық болатынын болжап отыр.
Болжам бойынша алдағы он күнде Атырау облысының аумағы бойынша, Жамбыл облысының Шу ауданында, Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданында, Қызылорда облысының Жалағаш ауданында, Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында, Ақтөбе облысының Шалқар және Байғанин аудандарында, Түркістан облысының Арыс, Кентау, Отырар және Созақ аудандарында атмосфералық құрғақшылық болады деп отыр.
Біз осыған байланысты осы салада 40 жыл жұмыс істеген, ардагер маман Қорлан Шаяхметоваға сұрақтарымызды қойдық.
– Қорлан ханым, сіз синоптик мамандығы бойынша бірнеше жыл жұмыс істедіңіз. Бұл салада мамандар қалай дайындалады?!
– Мен Мәскеудің гидрометеорология техникумын бітірдім. Өскеменде еңбек жолымды бастадым. Метежобалау бөлімінде қызмет атқардым. Бұл бөлімде мамандар күнделікті ауа райына болжам жасап, халықты күн райынан хабардар етіп отырады. Осы салада 40 жылға жуық жұмыс істедім. Біз бір тәуліктік және 48 сағаттық, 168 сағатқа дейін болжам жасай алдық. Қазір де осы тәсіл сақталған деп ойлаймын. Біздегі болжамдарды кез келген адам оқи алмайды. Оны тек синоптиктер ғана оқиды. Мысалы, Астанадағы «Қазгидрометтің» бас орталығынан тәулігіне бірнеше мәрте ақпарат түседі делік, ол жергілікті синоптикалық бөлімдерге карта күйінде келеді. Ол картаны біз сияқты синоптик мамандар ғана оқи алады. Біздің мамандықта шапшаңдық, біліктілік маңызды. Жалпы, үнемі өзгеріп отыратын ауа райы туралы ақпаратты үздіксіз бақылап, қадағалап отырудың өзі онлайн режимінде жұмыс жасауды талап етеді. Бұл дегеніңіз, көпшіліктің синоптиктердің жұмысы оңай деген пікірін толығымен теріске шығарады.
– Қазіргі синоптик мамандардың даярлануына көңіліңіз тола ма?!
– Қиыншылығы – біздің мамандықта синоптиктер дәрігерлер арасында болатындай, бөлімдерге бөлінбеген. Қазір студенттер оқуды аяқтаған соң инженер-метеоролог дипломымен бітіреді. Негізінде синоптик мамандығының спецификасы екі бөлек. Синоптиктердің базалық білімі болуы керек. Мысалы, Қаңтар оқиғасы кезінде интернетсіз ғана емес, негізінен байланыссыз қалдық. Ал «Қазгидрометте» барлығы бұрыннан автоматтандырылған. Сондықтан біздің синоптиктер институтта оқығандарының барлығын еске түсіруі керек болды. Яғни цифрландыруға толығымен көшсек те, синоптиктердің орнын басу ешқашан мүмкін болмайды. Тәжірибе, практикалық құрамдас бөлік, ақпаратты түсіну — синоптикте болуы керек қасиеттер, өйткені кез келген автоматты станция қателесуі мүмкін — ол жай ғана техника ғой.
– Синоптиктердің болжамдары қаншалықты дәл келеді?
– Ауа райы 97 пайыз дәлдікпен болжанады. Ал кей кездері орын алатын қате мәліметтер өзге факторлармен де байланысты болуы мүмкін. Ауа райын болжағанда тәжірибенің рөлі зор. Жалпы, бұл салада жүрген мамандардың біліктілігін арттыру жағы өте маңызды. Келешекте үкімет осы жағына мән беруі керек. Сала мамандарының жалақысын өсіру, әлеуметтік жағдайын шешу, баспанамен қамту жағына көңіл бөлінуі тиіс. Қазір ғаламдық жылыну жайлы, атмосферадағы өзгерістер жайлы жиі айтылып жүр. Ал оның барлығын болжап отыратын, халықты ақпаратпен құлақтандыратын осы синоптиктер. Сондықтан бұл мамандықтың маңыздылығы жыл сайын арта түспек. Соған орай салада жүрген мамандарға да ұтымды жағдайлар жасалғаны жөн.
Қ.САЙЛАУ