Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:34, 05 Наурыз 2024

Цифрлық дәуір бала тілінің шығуын кешеуілдетіп жатыр

бала тілі
Фото: egemen.kz

Балалар тіліндегі кемістік қазіргі таңда жиі кездесетін жағдайға айналды. Баласының кекештеніп, не тұтығып, дыбыстарды анық айта алмайтынына алаңдаған ата-ананың саны азаймай тұр. Осыған сәйкес, логопед орталықтардың жарнамасы бүгінде жиі ұшырасады.

Speech and Language UK журналының есебіне сәйкес, қазіргі уақытта мектеп жасындағы әрбір бесінші баланың сөйлеуінде проблема бар делінеді. Бұл бұрын-соңды тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Ал Komodo Health ұйымының зерттеуінше, пандемия кезінде бұл көрсеткіш екі есеге өскен. Әсіресе 2 жасқа дейінгі балалардың арасында аталмыш жағдай 2022 жылғы пандемияға дейінгі көрсеткішпен салыстырғанда 136%-ға өскендігін байқауға болады. Мамандар мұндай өзгерістер балалардың қарым-қатынасы мен әл-ауқатына қауіп төндіретінін айтуда. Бүлдіршіндердің жаттық, ұғынықты сөйлей алмауына не себеп? Одан құтылу мүмкін бе? Оның жолы қандай? Бұл туралы дефектолог-логопед маман Мөлдір Шарапатдиннен сұраған едік.

– Мөлдір ханым, сөйлеу тілінің патологиясы деген не?

Жалпы баланың белгілі бір даму нормасы болады. Ал осы даму кезеңінің қалыпты болмауын біз сөйлеу тілінің артта қалуы деп атаймыз. Қалыпты жағдайда бала екі айлығында гуілдейді, алты айда былдырлайды, бір жаста еліктеп сөйлеп, бір жарым жаста жеке сөздерді айта бастауы керек. Ал енді осыған сәйкес келмесе, біз мұның барлығын патологияға жатқызамыз. Тіпті кейде ата-аналар 6 айлық баласын ешбір үн, уіл шықпайды деп әкеліп жатады. Біз мұны да патология ретінде қарастырамыз. Яғни бір сөзбен айтқанда, сөйлеу – сөзді айтуда ғана емес, әрбір дыбыс пен үннің іштен шығуында.

– Бала тілінің кеш шығуы, тілдегі мүкістік (дефект) сияқты мәселенің бұрын да болғаны анық. Алайда қазір мұның бүкіл әлемде кең таралғанын байқаймыз. Себебі неде?

Дұрыс айтасыз, біз бұрын логопед ретінде негізінен тек дыбыстарды түзетіп, түсініксіз сөйлейтін адамдармен ғана жұмыс жасайтын едік. Қазір бізге мінез-құлық бұзылысы бар балалар да келе бастады. Мұндай балалар айтылған сөзді түсінбейді, өз аты аталғанда мүлде назар аудармайды, реакция бермейді. Бұл жағдайдың көбейіп кетуінің бірден-бір себебі – қазіргі цифрлық дәуірдің әсері болуы мүмкін. Өйткені түрлі гаджеттер баланың тілі шықпай жатып, реакциясы қалыптаспай жатып, өздігінен пайда болуы тиіс дағдыларды кешеуілдетіп жатыр. Бұл жерде ата-ананың баламен сөйлеспеуі, қарым-қатынастың аздығы да әсер етеді.

– Жоғарыда баланың сөйлеуі кешеуілдеп жатқанын 2, 6 айлық кезеңінен бастап білуге болады дедіңіз. Жалпы, логопед маманға қанша жастан бастап жүгінуге болады?

Бұрындары біз баламен 3 жастан бастап қана жұмыс істейтін едік. Қазір біздің орталықтағы ең кішкентай бала 1,5 жаста. Ата-анасы атына реакция білдірмейтінін байқап, алып келді. Осы сияқты кез келген ата-ана баласына диагностика жасай білу қажет. Ал егер жоғарыда айтылғандай белгілер байқалса, біз бірден жұмысты бастап кетуіміз керек. Өйткені 3 жасқа дейінгі кезең баланың ақпаратты ең қарқынды түрде қабылдайтын кезеңі. Сол уақытқа дейін баланың сөйлеу тілі қалыпты деңгейде болуы қажет. 3 жастан бастап баланың дыбыстары анық бола түседі. Егер сол кезде бала әлі де сөйлей алмай жүрсе, онда одан кейінгі кезеңдердің бәрі кешеуілдей береді. Қазір біздің мектептерде арнайы логопед, дефектолог мамандар бар. Дегенмен мейлінше мектеп жасына дейін түзетіп алған жөн. Өйткені ол кезде тіл қатайып, ақаулықтарды түзету мамандарға қиынға соғады.

– Балаларды емдеуде қандай тәсілдерді қолданасыздар?

Біз негізінен баланың қалыптастырған белгілі бір дағдыларымен деңгейлерге бөліп, соған байланысты әртүрлі әдістемелерді қолданамыз. Мәселен, кейбір балалар ата-анасын танымайды, өз атына мүлдем реакция бермейді. Бұл ең төменгі деңгей. Ал келесі қарау, назар аудару, еліктеу сияқты дағдылары болғанымен, берілген нұсқауларды түсінбейтін, орындай алмайтын балалар. Одан кейін түсінігі бар, бірақ мүлде сөйлемейтін балалар, ал ең соңғы деңгей түсініп, сөйлей алғанымен, өзгелер үшін түсініксіз сөйлейтіндер. Енді дәл осы этаптармен бөліп алатын болсақ, ата-ана үшін де баланың қай деңгейде екенін анықтау қиын болмайды. Себебі қазір дефектология бойынша мамандар өте көп. Дефектологтан өзге бізде сенсорлы интеграция, АФК сияқты мамандар базалық дағдылары жоқ балалармен кешенді түрде жұмыс жасайды.

– Тұтықпа, кекештену сияқты аурулар қалай пайда болады? Бұл сөйлеу аппараттарындағы ақау ма, әлде ми жұмысының бұзылуының әсерінен бе?

Көп адамдар тұтықпаны белгілі бір психологиялық стрестен, нейрондардың байланысының дұрыс болмауынан немесе невроздардан деп ойлайды. Бұл жерде тұтықпаның пайда болу себебіне де қарау керек. Тұтықпаның қай түрі болсын, негізінен, демді сақтай алмаудан туындайды. Сондықтан логопедтер тез сөйлеу, тұтығу кезінде тек ғана демді дұрыстауға көмектесе алады. Ересек болсын, бала болсын, сөйлеудің жылдамдығында, ырғақтығында ақау болатын болса, оның бір ғана жолы – демді дұрыс сақтап үйрену. Сол арқылы ол ми жүйесін де, артикуляциялық аппаратты да реттей алады.

Алайда кейбір жағдайда адамда невроз болғандықтан, бейтаныс адамдардың ортасында тұтығып, өзін аяқпен, қолмен тежеп қалуы мүмкін. Егер ересектерде мұндай тұтығу көбейіп, ол логоневрозға айналатын болса, әрине, невропатолог, психиатрлар ғана көмектесе алады. Себебі психологиялық стресс, өзін қабылдай алмау, қорқыныш, өз-өзіне сенімсіздік кезінде тек ғана дем арқылы мәселе шешіліп кетпейді.

–Жоғарыда айтқаныңыздай, бұл тек бір жақты мәселе емес. Ендеше, осы емдеу барысында басқа да денсаулық сақтау мамандарымен бірігіп жұмыс жасайсыздар ма?

Қазір жұртшылыққа танымал болып жүрген – дефектолог, логопед мамандар ғана. Негізінде оның ішінде өзге де көптеген мамандар бар. Біреуі мимен, біреуі сезінумен, біреуі рефлекспен дегендей, әр маманның өз жұмыстары бар. Бірақ міндетті түрде баланың бұзылысына, танымдық қабілеттеріне, дағдыларына қарап талдап аламыз. Негізі дефектологияда диагноз деген жоқ. Өйткені ол ақаулардың бәрі уақытша. Бұл жай ғана факт. Баланың сөйлеуі, психикасы артта қалды дегенді ғана білдіреді.

– Енді тілдегі ақаулар мен мүкістік ересек адамдардың арасында да кездесіп жатады. Кейбір ақаулар белгілі бір әріптерге келгенде ғана пайда болуы мүмкін. Мәселен, қазақ тіліндегі «ң» әрпі сияқты кейбір әріптерді айта алмайтындар көп. Мұны да тілдегі дефект деп санауға бола ма?

Негізі адам белгілі бір әріпті мүлдем айта алмайтын болса, яғни тілінде ол әріп жоқ болатын болса, онда дефектологқа жүгінуге болады. Бірақ кейде тілде ол әріп болғанымен, адамның өзі естіп, ажырата алмайтын жағдайлар кездесіп жатады. Яғни ми ол әріпке анализ, синтез жасай алмайды. Сондықтан ң-ды айта алмайтын адамдар өте аз кездеседі. Біз қазір мектеп жасындағы «ұ» мен «ү-ні», «ы» мен «і-ні» шатастыратын балалардың барлығын теорияда, ғылыми тұрғыда дисграфия деп аламыз. Ол – жазудың, естудің бұзылысы деген сөз.

– Бала тілінің кеш шығуы мен тілде ақаулар болған жағдайда баламен үйде жұмыс жасауға бола ма? Ата-аналарға қандай кеңес бересіз?

Егер балада реакция болмаса, нұсқауларды түсінбесе, бірден маманға бару керек. Ал енді бәрін түсіне тұра сөйлемесе немесе түсініксіз сөйлесе ондай балалармен үй жағдайында 50%-ға дейін жұмыс жасауға болады. Негізі кез келген 2 жастағы баланың сөздік қорында 500-600 сөз болуы керек. Бірақ қазір бізге келіп жатқан балаларда ондай сөздік қоры жоқ. Сондықтан егер балаңыз бәрін түсінсе, бірге ойнаса, қарым-қатынасқа түсе алатын болса, онда балаға күніне бір сөз үйретіп, сөйлеуге ынталандыру керек. Мұндайда баламен сөздерді айтып дағдылануға көмектесетін ойындарды ойнауға болады. Сол арқылы ата-ана баланы бұл жағдайдан өздері алып шыға алады. Ал енді сөздері мүлде түсініксіз, дизартрия, диспраксиясы бар балалардың мамандарға жүгінгені абзал.

Сұхбаттасқан

Қосқанат Бауыржан

Фото: egemen.kz