Цифрлық жүйедегі әлеуметтік қамқорлық
Мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы маңызды өлшемдердің бірі – мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасын жақсарту, олардың қоғам өміріне толыққанды араласуына жағдай жасау.
Соңғы жылдары Қазақстанда инклюзивті қоғам қалыптастыру, әлеуметтік қолдауды цифрландыру, оңалту қызметтерін қолжетімді ету бағытында бірқатар жүйелі қадамдар жасалып келеді. Мемлекет тек жәрдемақы берумен шектелмей, мүгедектігі бар жандардың дербес өмір сүруіне, еңбекке араласуына, сапалы қызметтерді өз бетінше таңдауына мүмкіндік беретін жаңа механизмдерді енгізуге басымдық беруде. Осындай бастамалардың бірі – әлеуметтік қызметтерді көрсету үдерісін жеңілдетуге арналған Әлеуметтік қызметтер порталы.
2025 жылы Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар азаматтардың 595,6 мыңнан астам өтінімі орындалған. Бұл көрсеткіш порталдың қоғамдағы әлеуметтік қолдау жүйесінде маңызды құралға айналғанын аңғартады. Портал арқылы мүмкіндігі шектеулі адамдар оңалтудың түрлі құралдары мен қызметтерін электронды түрде таңдап, тапсырыс бере алады. Жүйенің тағы бір артықшылығы – азаматтар қызмет түрлері мен жеткізушілерді өз қалауынша таңдау мүмкіндігіне ие. Мұндай тәсілдің арқасында бұрынғыдай тек белгілі бір мекемеге тәуелді болмайсың, яғни әлеуметтік қызмет көрсету саласында бәсекелестік пен сапаның артуына ықпал етеді. Статистикалық деректерге сүйенсек, портал арқылы берілген 595,6 мың өтінімнің басым бөлігі оңалтудың техникалық құралдарына қатысты болған. Шамамен 440 мың мүгедектігі бар азамат арнайы техникалық оңалту құралдарын алған. Бұл құралдардың қатарында протездік-ортопедиялық бұйымдар, сурдотехникалық және тифлотехникалық құрылғылар, түрлі гигиеналық жабдықтар, сондай-ақ қозғалу мүмкіндігін жеңілдететін кресло-арбалар бар.
Сонымен қатар портал арқылы 9,8 мың азамат ымдау тілі мамандарының қызметіне жүгінген. Бұл – есту қабілеті әлсіреген адамдар үшін аса маңызды. Ымдау тілі қызметі білім алу, мемлекеттік органдармен байланыс орнату, түрлі әлеуметтік мәселелерді шешу кезінде үлкен рөл атқарады. Ал 26,5 мың адам жеке көмекшінің қызметін пайдаланған. Жеке көмекшілер мүмкіндігі шектеулі жандардың күнделікті өмірінде, әсіресе қозғалу, құжат рәсімдеу, медициналық мекемелерге бару сияқты тұрмыстық және әлеуметтік мәселелерде қолдау көрсетеді. Бұдан бөлек, 119,3 мың азамат шипажайлық-курорттық емдеу қызметіне қол жеткізген екен. Әлеуметтік қызметтер порталының басты ерекшелігі – қызмет алушының таңдау еркіндігі. Бұрын көптеген әлеуметтік қызметтер белгіленген жеткізушілер арқылы ғана көрсетілсе, қазіргі жүйе мүгедектігі бар азаматтарға өндіруші мен қызмет көрсетушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Бұл механизм қызмет сапасының артуына, қызмет көрсетушілердің жауапкершілігінің күшеюіне ықпал етеді. Портал арқылы тапсырыс беру үшін азамат электрондық цифрлық қолтаңба арқылы өтінімді растауы қажет. Осыдан кейін қажетті оңалту құралы жеткізіледі немесе қызмет алушы оны өзі алып кете алады.
Инклюзивті қоғам қалыптастыру, әлеуметтік қызметтер сапасын арттыру, мүгедектігі бар азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту – мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі болып қала бермек. Әлеуметтік қызметтер порталы осы мақсаттарға жетудің тиімді құралдарының бірі ретінде танылып отыр. Ол азаматтарға қажетті қызметті жылдам әрі ыңғайлы алуға мүмкіндік беріп қана қоймай, әлеуметтік қолдау жүйесінің ашықтығын арттырады.
Сәруар Бақберген