Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:50

"Тістелген дене, жұлынған тырнақ": Ақнәрді азаптағандар неге жазаланбады?

Ақнәр
Фото: ашық дереккөз

Небәрі 22 жастағы Ақнәр Хамитті құрбылары қорлап өлтірген. Сұмдық сипаттама - сынған мұрын мен қол, тістелген, көгерген дене мен жұлынған шаш. Анасы әділдікке қол жеткізе ме?

 Қоғамда тағы бір резонансты іс өткен жылдан бері жалғасып келеді. 

Алматыдағы Amir тұрғын үй кешенінде жетінші қабаттан құлап көз жұмған Ақнәр Гүлістанның туыстары полицейлердің салғырттығын әшкереледі. Олардың айтуынша, марқұм қайтыс болар алдында пәтерде тағы екі қыз тарапынан қорлық пен азап көрген. Бұл жайтты растайтын бейнежазбалар болғанымен, полиция оларды назарға да алмаған. Соған қарамастан, туыстары күдікті санайтын екі қыз тергеуде тек куәгер ретінде танылған.

Қайғылы жағдай 2024 жылдың шілдесінде орын алды. Марқұмның анасы, Гүлістан Хамит, қызының өз еркімен секірді деген нұсқамен мүлде келіспейтінін айтты. Оның сөзінше, Ақнәр сол түні екі қызбен бірге болған. Алайда анасы қызына қоңырау шалғанда, тұтқаны бөгде біреу көтеріп, Ақнәрмен сөйлесуге мүмкіндік бермеген. Кейін Ақнәрдің әпкесіне белгісіз нөмірден «қызды тұншықтырып өлтіріп жатыр» деген мазмұндағы дауыстық хабарламалар келген. Бұл жайттар туыстарына күдік ұялатқан.

Ақнәр Хамит кім?

Ақнәр Хамит 2002 жылы Қытай Халық Республикасында дүниеге келгенімен, балалық шағы мен жастық кезеңін Қазақстанда өткізген. Ол КИМЭП университетінде оқып, бірнеше тілді еркін меңгерген полиглот ретінде танылған. Бұған дейін аудармашы болып қызмет етіп, Қытайдан киім әкеліп, оны сатумен айналысқан.

Ақнәр
Фото: ашық дереккөз

Іс бойынша куә ретінде танылған екі қыз Ақнәрдің университетте бірге оқыған таныстары. Екеуі де ҚХР-да дүниеге келген этникалық қазақ. Марқұмның анасы Гүлістан Хамиттің айтуынша, WeChat желісіндегі әңгімеге қарап, Ақнәр сол түні ол қыздардың пәтеріне киім көрсетуге барған болуы мүмкін деп ойлайды. Екеуі де сол түні ішімдікке сылқия мас болған. Ал Ақнәрдің сау болғанын сараптама растаған. 

«Қызымның денесінде сау жер қалмаған. Бірнеше тырнағы сынған, ал бір саусағының тырнағы түбінен жұлынған. Белінен төмен түскен ұзын шашының жартысы жоқ, қалғаны жуындырғанда уыстап түсті. Сол шаштың бір уысын әлі күнге дейін сақтап жүрмін. Денесінде тістеген және қылқындырған іздер де анық байқалды», – дейді анасы Гүлістан Хамит.

Бұл іс бойынша ең маңызды жайттардың бірі – прокурордың екі қызды қамауға алу туралы қаулы шығарғаны. Алайда бұл шешім әлі күнге дейін орындалмаған. Екі күдікті де бостандықта жүр, тіпті олардың бірі Қазақстан азаматтығын алып үлгерген.

Қазіргі уақытта істі қолға алған заңгер Инга Иманбай оқиға бойынша қылмыстық кодекстің 105-бабы 1-бөлігі (өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) бойынша іс қозғалғанын айтты. Ол бұл факті «Адам өлтіру», «Азаптау» баптары бойынша саралануы керек деп санайды. 

Тегтер: